Облыста дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың бағасы бақылауға алынатын болды.
Бұл үшін облыстық әкімдік Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті департаменті және денсаулық сақтау басқармасы Көкшетау қаласындағы фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын нысандармен бірлесе отырып, дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғындардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Меморандум үстіміздегі жылдың соңына дейін жасалған. Облыс орталығындағы дәрі-дәрмек өндірушілер 105 түрлі дәрі-дәрмектің бағасын көтермеу туралы әлеуметтік жауапкершілік алып отыр. Ішінара қабынуға қарсы және аурудың зардабын әлсірететін дәрі-дәрмекпен, антибиотиктердің кейбір түрлерінің сатылымдағы бағасын реттеу көзделген.
Бағасы тұрақтандырылатын дәрі-дәрмектердің тізімі Денсаулық сақтау министрлігінде бекітіліп, меморандумға қол қойған барлық жекеменшік дәріханалық ұйымдарда ілулі тұрады. Алдағы уақытта осы тектес жұмыс барлық аудандық әкімдіктер мен сол өңірлерде тұрғындарға фармацевтика қызметін көрсететін жекеменшік дәрі-дәрмек ұйымдарының арасында жүргізіледі.