Жаңа мешітке «Аналар рухы» атауы берілді

 

Ақмол ауылында мұсылмандар мешітінің бой көтеруі аудан тұрғындары үшін ерекше оқиға болды. Алланың үйі қалың жамағаттың өтініші бойынша қысқа мерзім ішінде салынды. Сонау сталиндік сұрапыл жылдарда «АЛЖИР» лагерінде азап шеккен бейкүнә жандардың ұрпақтары да аудан басшылығына осындай талап-арызбен әлденеше рет өтініш жасаған болатын.

 

Аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеевтің ұсынысымен жаңа орталық мешітке «Аналар рухы» атауы берілді. Бұл ұсынысты ел де қолдады. Әйелдер лагеріне қамалған мұсылмандар аз болған жоқ. Тұрар Рысқұлов, Бейімбет Майлин мен Қайсар Тәштитовтің жұбайлары заман запыранының дәмін осы жерде татты.
2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен бой көтерген «АЛЖИР» мұражайына алыс-жақыннан келушілер легі үдей түсуде. Биыл Президент мұражайға арнайы келді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен пікірлесті. Израиль, Белоруссия, Ресей мен Балтық жағалауынан келген жандар Қазақстан басшысына жүрекжарды алғыстарын жеткізгенін көзіміз көріп, құлағымыз шалды.
Енді міне, мұражай іргесінен сәулетті мешіт салынды. Біткен іске алыстан келген меймандар разылық білдіріп жатыр. Енді олар мінажат ететін орын іздеп сабылмайтын болады.
Мешіт ғимараты үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатта асхана. Жоғары қабаттарында әйелдер мен ерлерге арналған құран оқитын кең бөлмелер бар. Құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, дер кезінде аяқтаған «Заводстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тындырымды еңбектерін атап өткен ләзім.
Аудан тұрғындарын осы бір қуаныштарымен Қазақстан Республикасы Ардагерлер одағы төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев және басқа да жанашыр жандар құттықтады.

Жанат  ТҮГЕЛБАЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар