Ауылым деп толғана біл!..

 

Туған Отанымыз – Қазақстан! Осы егеменді еліміз көркейіп, бай-қуатты болуы үшін әрбір ел азаматының өз ауылының өркендеуіне үлес қосу – парызы. Менің туған ауылым Ақкөл ауданындағы Амангелді елді мекені. Ауылымның бұдан 60-70 жыл бұрынғысына көз жүгіртсем, соғыстан кейінгі жұпыны үйлерде тұрып жатқан халық.

Бір-екі малымен, ұжымшарда еңбек етіп, бірде жетіп, бірде жетпей жатқан жағдайда ғұмыр кешкен тұрғындар… Осыған қарамастан, ауылымызға жер аударылып көшіп келіп жатқан ингуштар, немістер, татарларға қол ұшын беріп, аядай үйінің бір бұрышымен, азын-аулақ ас-суымен аянбай бөлісіп жатты. Мысалы, біздің кішкентай үйімізде Тартар деген бәйбіше екі қызымен тұрды. Сол кісі өле-өлгенше біздің үйді өздерінің туыстарындай жақын тартып кетті. Осыны өз көзімізбен көрдік. Халықтың бір-біріне деген мейірімі өте жоғары еді. Қазір екі қабатты зәулім үйіне ата-аналарын сыйдырмай жатқандар бар. Бұл ұлттық тәрбиеміздің құлдырап кеткендігін байқатады.

 

Ауылымның сол кездегі табиғатына ой жіберсем, көретінім қалың орман, тап-таза болып ағып жатқан Талқара (шындығында Талқора) өзені. Өзен бойы әдемі өсіп тұрған қамыстар. Бала кезімізде осы қамыстардың ішінен қоға тартып жейтінбіз. Өзеннің кез-келген жеріне суға түсіп, рахаттануға болатын. Құмқайрақ деген жерінде малтуды үйреніп, қылтада сүңгіп, тастаған оны-мұнымызды алып шығып, Малкеткен деген ұзында терең жерінен әрі өтіп, жағасында асыр салып ойнап, әбден өзімізді су сорып, кешке боп-боз болып үйге қайтатынбыз. Табиғатымыздың сұлулығы сондай, тіпті, ауылдың ортасында Есләм деген ақсақалдың үйінің алдында ортасында көлшігі бар шоқ қарағай болатын. Қазір барғанда көретінімнің бәрі керісінше. Бұрынғы азиаттық шатырсыз үйлердің орнында шатырлы жекеменшік үйлер мен ингуш Потиев Дәуіттің басқаруымен салынған қос пәтерлі еңселі үйлерді көресің. Ал, табиғатына келетін болсақ, бұрынғыдан әлдеқайда жүдеген. Ауыл ортасындағы шоқ қарағай да, көлшік те құрып біткен. Ауылдың айналасындағы орман сиреп, азая бастаған. Оның негізгі себебі, кеңшар кезінде мал қораларын салып, орманның айналасын ластағаннан ағаштар жойылып кетті. «Экологияны жақсартайық, табиғатты қорғайық», – деген ұранымыз бар, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар көп шығады, бірақ, нәтижесі төмен. Бала кезімізде орманда өрт бола қалса, тез сөндіріп алатын, ал, қазір өрт болса, үлкен көлемде болады, техника көп болса да, сөндіруі ұзаққа созылады. Оны кейбір табиғат қорғаушылардың өздері ұйымдастырады, жеке басына пайда түсіру үшін деген қауесеттер де бар. Ондайлар бар болса, оларды әрине, аластату керек.
Соғыстан кейін елдің еңсесі көтеріле бастап, жағдай жақсарған кезде жаңадан үйлер салына бастады. Алғашқылардың бірі болып, ұжымшардың бас есепшісі, басқарма төрағасы, бригадирі, орманшы сияқты табыстары жақсылар салды. Содан кейін басқалар да қозғала бастады. Солардың қатарында кеңшарда малшы болып істейтін әкем Дәуеш біз де жаңа үй салайық деген бастама көтерді. Содан жаңа ғана жоғары оқу орнын бітіріп келген, табысым онша мәз емес мен және отбасының өзге мүшелері бірлесіп жаңа үй салдық. Үйіміз темір шатырлы көрікті үй болды.
Ол менің өз ауылымды көркейтуге қосқан алғашқы үлесім еді. Одан кейін Ақкөл ауданына білім саласын басқаруға келгеннен соң еліме жаңа мектеп салғызуға мұрындық болдым. Қазір ауылымызда екі қабатты мектеп жұмыс істеп тұр. Мектеп ұстаздарының сапалық құрамын жақсарту бағытында біраз істер атқардым. Жақсы ұстаз атанған, ұйымдастыру қабілеттері бар жерлестерімді аудан мектептеріне директорлыққа ұсындым. Бір ренжитін, қолымнан келмейтін мәселе оқушылардың санының азаюы. Олай болатын себебі, жас отбасылар ауылдан кетіп жатыр, көшіп келіп жатқандар өте аз. Елде тұруға толық жағдай жоқ. Әлеуметтік жағдай мәз емес. Ауданның бұрынғы әкімдеріне де бірнеше рет айттым. Ең соңғы ретте «Арқа ажары» газетіне «Келешегің не болады, Амангелді?!» деген тақырыпта көлемді мақала жаздым. Әзірге өзгеріс шамалы. Менің ғана ауылым емес, көптеген қазақ ауылдары да осылай жүдеп тұр, тарап жатыр. Ауылды көтермей, әлеуметтік- экономикалық мәселелерді шешу қиын екені айдан анық.
Әр елде үлгі аларлық азаматтар бар, оларды насихаттап, патриоттық тәрбие жүргізу де әрқайсысымыздың парызымыз. Сол мақсатта 2000 жылдан бастап, жерлес жазушымыз Жайық Кәгенұлы Бектұровты елімен жақынырақ таныс-
тырып, есімін мәңгі есте қалдыру жолында біраз шаралар атқардым. Газеттерде көптеген материалдар шығып жатыр. «Жаны жайсаң Жайық аға» атты кітап жарық көрді. Ақкөл қаласында бір көшеге атын бергіздім. Таяуда Үкіметтің қаулысымен Ақкөл қаласындағы №3 қазақ орта мектебіне есімі берілді. Осыған байланысты мектепте Үкіметтің қаулысымен таныстыру шарасы өтті. Биыл қазан айында Жайық ағамыздың туғанына 105 жыл толады. Аудан әкімі Т.Қ.Едігенов мырзамен келісім бойынша бұл айтулы оқиғаны да атап өтпекшіміз.
Туып, білім алып, ұзақ жыл қызмет атқарған өңірім Ақкөл ауданы. Осы ауданның Кеңес, Азат (Иваново), Қарабұлақ мектептерінде қызмет атқардым. Қарабұлақ орта мектебінде директор қызметін жақсы атқарғанымды бағалап «Қазақ ССР білім саласының үздік қызметкері» атағын берді. Ауданда білім саласын басқарған кезімде қазақ тілінің дәрежесін көтеруге тырыстым. Ол үшін орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытудың сапасын жақсартуға күш салдым. Қазақ ауылдарындағы ресми тілде оқып жүргендерді ана тілінде оқытуға көшірдім. Кеңшар орталықтарындағы орыс тілді мектептерде қазақ сыныптарын аштым. Мен зейнет демалысына шыққанда 7 қазақ мектебі мен 14 аралас мектеп жұмыс істеп жатты. Бала бақшаларда қазақ топтары ашылды. Бала бақшалары жабылып қалған ауылдардағы мектептердің жанынан шағын бақшалар аштым. Осы ауданның тумасы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның №1 Халық Қаһарманы, Армия генералы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың кіндік қаны тамған Еңбек ауылында Батыр ағамызға арналған игі істер жоқтың қасы. «Ауыл ерін ескеріпті» – деп айтуға болатындай бірнеше шаралар белгілеп, тиісті басшылар мен мекемелерге кіріп, осы жұмысты да бастап жатырмын. Бұланды ауданына қарайтын Алтынды елді мекені (бұрынғы Даниловка) әйгілі ұстаз-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев дүниеге келген жылдары Ақкөл ауданына қараған. Сондықтан, ол кісіні біздің жерлесіміз деп есептейміз. Бұл кісі туралы да бірнеше мақала жаздым. Бұланды ауданының әкіміне Тұрсынбек ағамызды мәңгі есте қалдыру бағытында шаралар қарастыруын сұрап хат жаздым. Аудандық «Ақкөл өмірі» газетіне сол өңірдің тарихы, белгілі азаматтары, майдангерлер, т.б. өзекті мәселелер туралы тұрақты түрде мақалалар жазып тұрамын. Сол еңбегімнің өтеуі шығар, Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылдандым.
Бар ғұмырымның 58 жылын, яғни, саналы өмірімді Ақмола облысында өткіздім. Бұл өлкенің жетістіктеріне қуанып, кемістіктеріне ренжіп қаламын. Барлық жаңалықтарды «Арқа ажары» газеті арқылы біліп тұрамын. Бұл газеттің тұрақты оқырманымын және әртүрлі мәселелер бойынша қалам тербеп қоямын. Айталық, Ақмола облысының тумасы, белгілі мемлекет қайраткері, кезінде Н.С.Хрущевтің әміріне қарсы тұрып, еліміздің солтүстік бес облысын Ресейге беруге үзілді-кесілді қарсы шығып, қазақ елінің тұтастығын сақтап қалуға адам айтқысыз үлес қосқан Жұмабек Ахметұлы Тәшенов туралы бірнеше мақала жазып, ол кісінің Қазақстан тарихынан өзіне лайық орнын ала алмай жүргендігін талай мәселе етіп көтердім.
Зайыбым Хамила Құлбекқызы жарты ғасырдан артық осы облыстың Ақкөл, Сілеті аудандарының мектептерінде бала оқытып, тәрбиелеумен айналыс-
ты. Қазақстан Республикасының білім саласының үздігі төсбелгісімен марапатталған. «Күміс алқа» алқасының иегері. Алты бала тәрбиелеп өсірдік. Барлығы жоғары білім алды. Біреуі ғылым кандидаты, екіншісі докторлық диссертациясын қорғауға дайындалып жүр. Бәрі де халық шаруашылығының әр саласында абыройлы еңбек етуде. Бүгінде бірнеше немере мен шөберенің қызығын көріп отырған, бақытты жанұямыз деп айта аламын.
Мен бизнесмен емеспін, елге, ауылыма қаржылық қолдау жасап, біраз проб-
лемаларды шешіп тастайтын. Менің кіндік қаным тамған Амангелді ауылында шешімін таппай тұрған әлеуметтік мәселелер баршылық. Келешекте шешілер деген үміттемін. Жоғарыда туған ауылыма, Ақкөл өңіріне және Ақмола өлкесіне қолымнан келген шарапатымды қалай тигізгенім туралы қысқаша баяндадым. Мақтаныш үшін емес, әрине, әркім өз саласында туған топырағына қолдан келген үлесін қосса деген ниетпен.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге туыңды тік» деген халқымыздың ежелгі дана тәмсілін бекерден-бекер ауызға алған жоқ. Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы туған жерін сүйе алмаған адамның туған елін де жарытып сүйе алмайтыны туралы өзекті ой өрбітеді. Президентіміздің осы ойын дұрыс түсінген әрбір азамат Қазақстан көркейіп, бай-қуатты болуына өз үлесін қосуы керек. Әсіресе, осы күні қолында байлығы барлар осы елдің арқасында байып отыр. Соны ұмытпауы керек. Сол дәулетін туған жерімен бөлісіп, өзекті проблемаларын шешуге көмектесуге міндетті деп ойлаймын.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,  Ақкөл ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар