Еңбек. Қуаныш. Құрмет.

 

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жедел медициналық жәрдем стансасына арнайы қондырғылармен жабдықталған 6 автокөліктің кілтін тапсырды және өз ісінің үздіктерін марапаттады.
Жүздерінен мейірім төгілген ақ желеңді дәрігерлер жылы сөздерімен адам жанына қуат берсе, аялы алақандары тән жарасын жазады. Адам жанының арашашысы дәрігер – мәртебелі мамандық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық денсаулығы – ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі деп атап көрсеткен болатын.
– Кез келген мемлекеттің басты қазынасы – адам, ал, адам байлығы оның денсаулығы. Сондықтан, денсаулық сақтау жүйесінің басты мақсаты – сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету, – дей келе, өңір басшысы Мәлік Мырзалин аймақтағы медицина қызметкерлерінің қатарын көбейту үшін болашақ мамандарды оқыту мәселелері бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазіргі таңда өңіріміздің 200-ден астам жастарына медицина мамандығын меңгеруі үшін материалдық қолдау-көмек көрсетілуде. Сонымен бірге, аймақ басшысы облыс орталығындағы дәрігерлердің баспана мәселесін шешу жайы да  қарастырылып жатқандығын атап өтті.
Облыста денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға айтарлықтай зор көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары өңірімізде жаңа медициналық нысандар іске қосылып, қазіргі заман талабына сай технологиялар игерілуде, емдеу-алдын алу мекемелеріндегі медициналық құрал-жабдықтар түбегейлі жаңғыртылуда. Мәселен, соңғы 7 жылда 1 мыңнан астам медициналық техника, 150 бірлік санитарлық автокөлік пен реанимобилдер сатып алыныпты. 28 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген және 33 нысан пайдалануға берілген. Оның 3-еуі 250 келушіге арналған Ақкөл, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласындағы жаңа емханалар. Жарқайың ауданында емханасы бар жаңа аурухана салынды.
Салтанатты шарада медицина саласының дамуына елеулі үлес қосқан сала мамандары облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында облыстық аурухананың хирург дәрігері Сергей Дериглер, облыстық туберкулезге қарсы диспансері бас дәрігерінің орынбасары Жазира Нысанбекова, облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімшесінің аға мейірбикесі  Ғалия Құсайынова бар. Сонымен бірге, «Еңбек ардагері» медалімен Атбасар көп бейінді ауданаралық ауруханасының дәрігер сарапшысы Тамара Махамбетова, Есіл орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Орынбек Қайсарбеков марапатталды.
Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің емханасының мейірбикесі, интернационалист жауынгер Гүлнәр Мақышеваға ҚР Қызыл Жарты Ай және Қызыл Крест қоғамының «Құрмет белгісі» төсбелгісі, жедел медициналық жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Беспаловаға республикалық санитарлық-медициналық авиация орталығының «Үздік қызметкер» төсбелгісі, облыстық аурухананың №1 кардиологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Әбжановаға ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі тапсырылды.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар