Халықтың өзіне тиімді

 

«100 нақты қадам». Ұлт жоспарының 80-қадамы.   Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу.  Бастапқы көмек  аурудың алдын алу және ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтаудың орталық буынына айналады.

 

Жасырары жоқ, қазіргі таңда қазақстандықтарды толғандырып отырған өзекті мәселелердің бірі – осы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайы.   Елімізде жаңа жүйені жүзеге асыру мақсатында арнайы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылмақ. Қазақстандықтар осы қорға ай сайын міндетті жарналарын аударады. Жаңа қабылданған құжаттың ережесіне сай, тұрғындарға  медициналық көмектің екі пакеті ұсынылады. Оның алғашқысы – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірілген көлемін ұсынатын базалық пакет,  мемлекет есебінен медициналық көмек алу, мұнда жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, сонымен қатар, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері енеді. Бұл қызмет барлық азаматтар үшін қолжетімді. Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Яғни, бұл пакетке енетін қызмет түрлері азаматтардың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асады. Екінші қызмет түрлерін амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық және жоғары технологиялық көмек кіреді.
МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген: 2017 жылдан бастап жұмыс беруші жарна көлемін 2 пайыздан бастап, жыл сайын 1 пайызға арттыру арқылы 2024 жылы 5 пайызға жеткізу көзделген. Ал, қызметкерлер жарнасының көлемі 2 пайызға тең, 2019 жылы 1 пайыз, ал, 2020 жылдан бастап 2 пайызға теңестірілмек. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған азаматтар (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) жарнасы кірістерінің 7 пайызына тең. Ал, аударым 2017 жылы 2 пайыз, 2018 жылы  
3 пайыз, 2019 жылы 5 пайыз, 2020 жылдан бастап 7 пайыз болады. Айта кетуіміз керек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған барлық сақтандыру жарнасына қатысты мәліметтер ашық болады. Сақтандыру жарнасын төлеген азаматтар арнайы желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын көре алады. Қорда жиналатын қаражаттың медициналық қызметтерге бағытталуы өте маңызды, сондықтан, қаржы емделетін әрбір азаматқа тікелей бағытталады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылатын азаматтар бар. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мұндай азаматтардың 15 санатын белгілеп отыр. Олардың қатарына: балалар, көп балалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, ҰОС ардагерлері және мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернатта тәрбиеленіп жатқан балалар, бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейін бала күтіміне байланысты демалыстағы әйелдер, күндізгі оқу бөлімінде білім алып жатқандар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыздар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторындағы азаматтар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі осында. Яғни, бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылған тегін медициналық қызмет түрлері аталмыш сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асырылмақ. Әрине, жоғарыда аталған кейбір медициналық қызмет түрлері бұрынғыдай мемлекет есебінен жүзеге асады.
Еуропаның дамыған елдерінде науқастардың дертін ерте анықтап, емдеу ісі қолға алынғалы қашан. Ал, емдеуді ерте бастау үшін халық медициналық тексерулерден жиі өтіп отырады. Осындай жұмыстың арқасында елдегі түрлі аурулардың асқынып кетуінің алдын алып, мүгедектердің санын азайтуға мүмкіндік туады. Қазақстан да денсаулық сақтау саласында осы қадамға баруды көздеп отыр. Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да осы. Медициналық сақтандыру ең алдымен, адамның өз денсаулығына деген жауапкершілікті күшейтеді. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады.   

Серік КӘКЕНОВ, Көкшетау қалалық ауруханасының  бас дәрігері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар