Мал жайылымы мәселесі әкімдіктер құзырында

Мемлекет басшысының биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында назар аударылатын бес басым бағыт айқындалғандығы белгілі. Олардың қатарында жемқорлықпен күрес, ел қауіпсіздігін сақтау, экстремизмнің алдын алу сияқты өзекті мәселелер бар.

Біздің  аудандық прокуратурада өз құзыреттілігі шеңберінде Елбасы  Жолдауында айқындалған басым бағыттарға жете көңіл бөлуде. 

Аудандық прокуратура өңірдегі заңдылықтардың сақталуы бағытындағы барлық өлшемдер бойынша мақсатты жетістіктерге қол жеткізді. Ауданымызда қоғамдық қайшылықтар мен текетірестерге жол беретін заңсыздықтар орын алған жоқ. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жұртшылық арасында теріс пікір туғызатын наразылық акциялары, басқа да жайлар болмағандығын атап өткім келеді. Діни ахуал да қалыпты жағдайда. Экстремистік пиғылды теріс ағымдарды насихаттау сияқты заңсыздықтар да байқалмады.
Өткен жылы көктемде жерге қатысты қабылданған заңға байланысты халық арасында түрлі пікірлер туындағандығы белгілі. Осы орайда, қадағалаушы орган жерге қатысты заңдардың сақталуына қатаң бақылау жасауға жете көңіл аударды. Сөйтіп, серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының жалға алған жерлерін тиімді пайдалану жайы тексерілді. Тексеру барысында 14 жер пайдаланушы заңды  тұлғаның жалға алған жалпы көлемі  65 мың гектар жерді пайдаланбай отырғандығы анықталды. Жер – халық байлығы, ендеше, ол босқа жатпай, елге пайдасын тигізуі қажет. Жалға алған жерлерін пайдаланбау жағдайларына байланысты прокуратура құзыретті орган – жер инспекциясының атына жазбаша хат жолдап, жазықтылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салық органдары жерді пайдаланбаған заңды тұлғаларға нақтыланған жер салығын төлеу қажеттігі жөнінде хат жолдады. Жалған инвесторға жеке- меншікке сатылған 141 гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды.
Прокуратураның араласуымен болған бұл жай сол тұста ақпарат құралдарында жазылып, халық арасында үлкен пікір туғызған болатын.
Соңғы кезде ауыл тұрғындарынан прокуратураның атына елді мекендердің айналасында мал жайылымы үшін қажетті жердің жоқтығын айтып жазған шағымдар жиі түсуде. Халықты алаңдатқан бұл мәселені жергілікті әкімдіктің жер қорын жасау арқылы шешулеріне болар еді. Бұл жұртшылық арасындағы қоғамдық шиеленіске ұшырататын жайлардың орын алмауына игі ықпалын тигізбек. Сондықтан, бұл мәселеге жергілікті атқарушы орган жете көңіл бөлуі тиіс. Осы орайда, біздің бұл ұсынысымыз аудандық әкімдік тарапынан қолдау тауып, қазіргі күні әкімдіктің жайылымдық жер қорын құру жөніндегі шешімінің жобасы дайындалды.
Жемқорлыққа қарсы күрес бағытында да прокуратура белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бюджет қаржысын орынсыз жұмсаған екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, шығын қалпына келтірілді.

Жәнібек ӘКБАР,
Шортанды ауданының прокуроры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар