Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Адалдық пен әділдік – басты ұстанымы - АРҚА АЖАРЫ

Адалдық пен әділдік – басты ұстанымы

Адамның ең асыл қасиеттерінің бірі – оның адамгершілігі мен қарапайымдылығы. Кез-келген азаматтың туған еліне, Отанына, отбасына деген сүйіспеншілігі мен қоршаған ортасына деген сыйластығы сол асыл қасиеттің бір бөлшегі болса керек.

Білімі терең, таным-түсінігі зор, тәжірибесі мол аға буын өкілі Амантай Хасенов қашанда адалдықтың ақ жолынан айнымай, мемлекеттік қызметші мәртебесін отыз жылдан астам уақыт абыроймен алып жүріп келеді.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысы қашанда мінсіз болуы керек деп жатамыз. Себебі, билік пен қарапайым халықтың арасын жалғайтын олардың әр қадамы елдің болашағы мен ертеңі үшін аса маңызды.  Бүгінде мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп жүрген мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиеті мен ананың ақ сүтімен келетін тәлім-тәрбиесіне де жете көңіл бөлінеді. Біздің басты кейіпкеріміз Амантай Қабікенұлы өзінің қарамағындағы мамандардың дәл осындай қасиетіне көп көңіл бөледі.
–Мемлекеттік қызметші болу – ұлт мүддесіне, ел болашағына еңбек ету. Кез-келген адам мемлекеттік қызметке орналаса алады, бірақ, жауапкершілік пен табандылық, адалдық пен әділеттілік деген ұғымдардың бар екенін екінің бірі есте сақтай бермейді. Ал, мемлекеттік қызметке ең керегі осы қасиеттер, адамдық болмысы мен таным-түсінігі мол азаматтар ғана аға буын өкілдері беріп жатқан білім мен тәжірибені қабылдай алады. Өзім деп менменсіп, кеуде соғатындар көпке бармайды. Сондықтан, менің осы өмірден түйгенім: білімді, өз ұлтының салт-дәстүрлерін құрметтей білетін азаматтар ғана нағыз азамат болады, олардан мықты басшы, мықты маман шығады, – дейді әңгімесін мемлекеттік қызметшілердің әдебінен бастаған ағамыз.
Амантай Қабікенұлы бұрынғы Көкшетау облысының Степняк қаласында дүниеге келген. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, Ерейментаудағы автомектепке курсант болып қабылданады. Еңбек жолын осы автомектепте темір шебері болып бастаған ол осында жүргізуші болып та жұмыс істейді. Отан алдындағы азаматтық борышын атқару үшін Кеңес әскерінің қатарына алынып, Мурманск қаласында әскери борышын абыроймен өткеріп оралады. Үйренген ортасына қайтып оралған Амантай Хасенов Ерейментау ауданының қаржы бөліміндегі мемлекеттік кірістер бөлімінің инспекторы болып жұмысқа орналасады. Бала жасынан есеп-қисапқа жаны құмар ол бұл жұмысты бір адамдай дөңгелетіп әкетеді. Кейін бес жылдай аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, одан соң ұйымның бөлім меңгерушісі  тәрізді қызметтерді де жақсы атқарды. Алматыдағы халық шаруашылығы институтын сырттай тәмамдаған соң, көптің қалауымен аудандық қаржы бөліміне жұмысқа орналасады. 2005 жылдан бері ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы лауазымын абыроймен атқарып келеді.
Отыз жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте үзбей еңбек еткен аға буын өкілі Амантай ағамыз оның қыр-сырын әбден меңгеріп, жілігін шаққан қаржыгер. Ол ел экономикасына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл» мерейтойлық медальдерімен және Ақмола облысының әкімінің, қаржы басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Отанына адал қызмет атқарып жүріп, бүгінде марқұм болған жұбайымен бір ұлды тәрбиелеп өсірген. Қазіргі уақытта ол ұлынан көрген үш немересінің шаттығы мен қуанышына ортақтасып, олардың балғын күлкілерінің куәсі болып отырған жайы бар.
– Кеңес үкіметі кезінен бері осы мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келемін. Екі кезеңнің де өзіндік жақсы жақтары бар. Кеңес Одағы тұсында тәртіп темірдей берік болатын. Адамдардың да бір-біріне деген көзқарасы мен пікірі жақсы еді. Үлкенді құрметтеу, кішіні сыйлау, әдептілік, ар-намыс секілді, кісілік сипаттар жоғары болатын. Қазір адамдардың бойынан осындай болмысты, осындай тәртіп пен тәрбиелілікті таба алмай жатамыз. Ал, енді қазіргі уақыттың бір жақсы жағы – заңдар жетіліп, технология мықты дамуда. Кез-келген салалық мекеменің материалдық-техникалық базасы қазіргі заманға сай жабдықтармен нығайтылған. Жастарға тек білімдерін ұштап, үлкендердің ізімен жүріп отырулары керек, – дей келе, жақында естіген бір жақсы мысалды айтып берді: «Дүние базарында болдым… Мейірімділіктің бағасы көтеріліп кетіпті, ала алмадым. Намыс арзан екен, көбісі оны сатып жатыр. Шүкіршілікті мүлдем таба алмадым. Адамдардың аяғының астында Қадір деген топырақ шашылып жатыр. Көлеңкеде Жүрек деген қайыршыны көрдім. Ол адамдарға қарап, «мейірімді болыңдаршы» деп жалынып жатыр екен…». Шынымен де, қазір уақыт өзгерген. Адамдардың дүниеге қызығушылығы өздерін арандатуда. Бірақ, барлығы оны кеш түсінеді. Сондықтан, менің өмірден түйсінгенім: біреудің ала жібін аттамай, адал, әділ өмір сүрсең ғана жұмыста да, отбасында да, дос-жаранның алдында да абырой-беделің жоғары болады, – дейді Амантай аға.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде мемлекеттік қызметші билік пен өз өкілеттіктерін қолдана білуі және адал болу, заң талаптарымен толық сәйкестікте өмір сүріп, ең бастысы, кез-келген лауазымда қандай жұмыс атқарса да халықтың, өз елі азаматтарының сенімін ақтап жұмыс істеуі керектігін айтқан болатын. Осы орайда, мемлекеттік қызметшінің айқын үлгісін көрсетіп келе жатқан Амантай Қабікенұлынан жастар қауымы үлгі алып, «болмаса да ұқсап бақса» абырой биігінен көрінері анық.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар