Арайлы Астана, айшықты Ақмола

Елордада ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған Ақмола облысының мәдениет күндері өтуде. Кеше облыс әкімі  Мәлік Мырзалин мәдениет күндерінің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты шараға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов қатысты.

  Астанадан арнаулы тілшіміз Аслан ОСПАНОВ хабарлайды:

 Ыстық ықылас пен терең құрмет салтанаты

 Астана қаласы әкімдігінің алдында өткізілген салтанатты шарада  облыс әкімі Мәлік Мырзалин бес күн бойы киелі Қараөткел, көрікті Көкше жерінен шыққан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері мен мәдениет қайраткерлері, спорт, қолөнер шеберлері өз өнерлерін Астана тұрғындары мен қонақтарына ұсынатынын атап өтті.
– Бүгінде әлемдік қауымдастықтың назары Астанада екені белгілі. Сіздерді осынау бірегей шара – халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл маңызды көрменің Сарыарқа төрінде өтуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылғы еңбегінің нәтижесі, ал сән-салтанаты келіскен Астана осы істің айғағы. Бүгін біз осында Ақмола облысының мәдениет күндерін өткізу үшін бір жарым мыңнан аса өнер адамдарын алып келдік. Олардың өнерлері сіздерге мол рухани азық сыйлайды деп ойлаймыз, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Шара барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен «Көкшетау кестелері» әнін нақышына келтіріп орындады. Сондай-ақ, «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Балбырауын-скерцо» биі, «Көкшетау» халықтық би ансамблінің «Көңіл ашар» билерін де астаналықтар зор ықыласпен қарсы алды.
Облыстық филармонияның күміс көмей әншілері Қазақстан Респуб-ликасы мәдениет саласының үздігі Валерия Болиева және Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жанат Есовтың орындау шеберлігіне тыңдарман қауым тәнті болды. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Адам Хәкім, «Шамшырақ» эстрадалық вокалдық студиясының әншісі Айнара Бұзаубасова тәрізді өзге де көкшелік әншілер мен шығармашылық ұжымдар Астана төсін ән мен жырға бөлеп, өнер сүйер қауымды әуелеген ән, күмбірлеген күй, мың бұралған бимен сусындатты. Осылайша көптеген адамдар тамашалаған әсем кеш ақмолалықтардың арайлы Елордамызға деген ыстық ықыласы мен терең құрметін жан-жақты паш етті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар