Ардагерлерге – қошамет

Облыс әкімі Мəлік  Мырзалин Астанада өтіп жатқан Ақмола облысының мəдениет күндері шеңберінде аймақтың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардагерлерге дастархан жайып, құрмет көрсетті.

  Елордадағы «Аққу» мейрамханасында ұйымдастырылған шараға Астана мен іргелес аудандарда тұратын жүзге жуық ақмолалық зейнеткерлер шақырылды. Соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтаған өңір басшысы елімізде мемлекет тарапынан аға ұрпақ өкілдеріне барынша қамқорлық жасалып отырғанына, бұл мәселенің жергілікті биліктің де үнемі назарында ұсталатынына тоқталды. Осы орайда, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Ақмола облысының мəдениет күндері өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан аға ұрпақ өкілдерін құрметтеуден бас-талып отырғандығын атап өтті.
–  Бүгінгі еліміздің көркейіп-гүлденуі, ұрпақтарымыздың шат-шадыман, бақытты тұрмысқа кенелуі, әрине, аға ұрпақтың маңдай терінің, елге сіңірген еңбегінің жемісі. Ендеше, ел мерейін өсірген қарияларымызды әрқашанда аялап, оларды мейірім шуағына бөлеу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Сіздердің білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз, өмірде түйген даналықтарыңыз біз үшін баға жетпес қазына. Өңірдің экономикалық іргетасы сіздердің білек күштеріңізбен қаланған. Сондықтан да, Ақмола облысы ел аумағында көш бастап келе жатқан өңірлердің қатарында,– дей келе, облыс әкімі барлық ардагерлерге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар үлестірді.
Өз кезегінде ардагерлер де Ақмола облысының мəдениет күндері  мерейлерін өсіргендігін айтып, өздерін ескеріп, арнайы кездесу өткізген облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Ардагерлердің арасында бұрынғы Білім министрі Қожахмет Балахметов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Зейнолла Шайдаров, бұрынғы облыс әкімінің орынбасары, экс-сенатор Светлана Жалмағамбетова, Социалистік Еңбек Ері Сағила Есенжолова, Парламент Сенатының депутаттары Жабал Ерғалиев және Рəшит Əкімов, Мәжіліс депутаты Владислав Косарев  сияқты қоғам қайраткерлері мен саяси тұлғалар болды.
Суретте: облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл мен Социалистік Еңбек Ері Валентин Щербаковтың әңгімелесіп отырған сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар