Несиесіз-ақ несібесін молайтты

Аудандағы малсақ жандардың ерен еңбектерінің арқасында төрт түліктің басы көбейіп, жайылым толуда. Биылғы жылы 12 мың бас ірі қара, 5 мыңнан астам жылқы, 22 мыңға жуық қой бағылуда.

Жыл он екі ай бойы мал соңында жүріп, ел берекесін еселеуге елеулі үлес қосып келе жатқан мал шаруашылығы еңбеккерлерінің бейнеті зейнетке айналу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселесі дұрыс көтеріліп отыр. Сонда ғана мал баққан адамдардың еңбегі жанып, бары бағаланады.
Пригородный селосында құрылған ет бағытындағы кооператив ет өңдеумен және етті консервілеумен айналыспақ. Мұның өзі бір жағынан мал ұстайтын ауыл-село тұрғындарының басы артық малдарын өткізуді жеңілдетсе, екінші жағынан қаншама адамға жұмыс орны ашылады.
Үстіміздегі жылы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға», «Алтын астық», «Ырыс» және «Құлан» бағдарламалары діттеген межеден шықты. Бұл бағдарламаның жүз пайыз орындалуына ең алдымен осы жобалар арқылы ертеректе жұмыс істеп, нәтижесін көріп отырған адамдардың мысалы себеп болып отыр. Ел тұрғындары бағдарламалардың тәртібі мен талабын жақсы біледі.
Жайылымы мол серіктестіктер мал басын көбейте бастады. Айталық, «Кен-М» серіктестігі қазіргі күні 228 бас қазақтың ақ бас ірі қарасы мен 1486 қой бағады. Осыншама малдың жайылымды тұяқкесті қылмай, еркін жайылуына толық мүмкіндік бар. Есілдің жағалауындағы түгін тартса майы шығатын көкорай шалғынды жайылым нағыз мал құты. Шүйгін шөпті жайылымда төрт түлік мал тез қоң жинайды.
Бір ерекшелігі, осы шаруашылық  несие алмай-ақ көктемгі егіс жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп аяқтап шықты. Демек, мал шаруашылығы егін шаруашылығына демеу. Айналып келгенде осының бәрі халықтың дастарханын адал аспен толтыратын абзал еңбектің нәтижесі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.   
Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар