Қозған Қарабай батыр

Ата-баба шежіресі

Қарабай бидің әкесі Түкей Орта жүзге әйгілі Әз Тайтеке бидің шөбересі. Атасы Абыл, арғы атасы Төлеке де би болған. Ал, Әз Тайтекенің әкесі Тоқтас жоңғарлармен соғыста ерлік көрсеткен батырлардың бірінен саналады.
Қарақозғанның ұлы атасы – Тоқтастың алты баласының үшеуі Тайтеке, Байтеке, Тыныбек Мақпал деген бәйбішенің балалары. Мақпал ана өзінің өнегелі, байсалды мінезімен «Мақпал қара» атанған. Сондықтан, «Мақпал қараның» ұлдары «Қарақозған» аталып кеткен. Кейбір деректерде Мақпал қара анамыз Қарақыз болып қате айтылып жүр, шындығында біздегі қолжазбадан анықтағанымыздай, Мақпал қара екені даусыз. Тоқтас батырдың кіші әйелі Сарықыз анадан тарайтын Есенғұл, Ырыс, Көбек – тиісінше Сарықозғандар, Көбектен атақты Ақша батыр туады. Әз Тайтекеден Төлеке, Төлектемір, Сәдібек тарайды. Төлектемір бабамыздың мазары Ұлытауда Теңгебай көлінен екі шақырымдай жерде, ал, Әз Тайтеке бабамыз Баянауылда, Мергентауда жатыр. Тоқтас батырмен немерелес Ораз қозған мен Үшата қозған Кереку мен Баянауылды мекендеген.

Атамекен жұртымыз

Бүгінде қозғандар Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Қарағанды, Кереку мен Баянауылды қоныстанған.
19 ғасырда Көкшетау приказы құрылған 1825 жылғы мұрағат құжаттарынан қарақозғандар туралы деректер кездеседі:1830 жылғы ведомостарда көрсетілгендей, қарақозғандар Баянауылдан 40 шақырым жердегі Еспе мекенінде көшіп жүрген. Түкей ұлы Қарабай ел ағасы би болғандығын 1834 жылғы ведомостардан да көреміз. Онда былай жазылған:
Волость Килды-Ногаевская. 1834 год. Аул Рода Тынибек. Старшина Итқара Кошенбаев. 54 кибитки, 162 мужчин, 189 женщин, 401 лошадей, 519 рогатого скота и 590 баранов.  
Аул Рода Төлеке. Старшина Қарабай Тукеев. 68 кибиток, 204 мужчин, 238 женщин, 1189 лошадей, 774 роготого скота и 1717 баранов.
Аул части Тилеу. Старшина Асат Атимбеков 60 кибиток. 180 мужчин, 210 женщин, 993 лошадей 779 рогатого скота и 1360 баранов.
Аул рода Садыбек. Старшина Кошким Толеков. 44 кибиток, 32 мужчин, 54 женщин, 70 лошадей, 46 рогатого скота и 990 баранов.
Все аулы имеют зимние кочевья по реке Ишим в 170 верстах к юго-западу от Кокчетавского приказа.

Кенесары көтерілісі

18 ғасырда, яғни, 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырмен патша арасындағы келіссөз бойынша Ресей мен қазақтардың шекарасы Еділ мен Жайық өзенімен өтетін Горькая линияда еді. 19 ғасырдың бірінші жартысында қазақтардың шұрайлы жерлерін алып, Көкшетау, Ақмола, Қарағанды мен Атбасар бекіністері салынады. Бұл өз кезегінде  жергілікті елдің ашу-ызасын тудырып, Абылайханның ұлы Қасымның балалары Кенесары мен Наурызбай бастаған халық көтерілісіне ұласуы заңды құбылыс еді. Қарақозған руының барлық ауылдары 1837-1842 жылдары Кенесары Қасымұлы көтерілісіне өте белсенді қатысады. 1837 жылғы мұрағат құжаттарына сәйкес қозған руын екі би бастайды. Олар: Асат би Атымбекұлы және Қарабай би Түкей ұлы. 1837 жылы Кенесары Қасымұлының алғашқы шақыруымен қарақозған руының барлық ауылдары ұлт-азаттық қозғалысына қосылады (Д.Аяшинов. Сарықыз-Қозған шежіресі. Павлодар, 2015). Патшаның  әскері жергілікті жұрттың шұрайлы жерлерін ғана алып қоймай, адамдарды да аяусыз қырғынға ұшыратқан. Кенесары бастаған қазақ әскері оған жауап ретінде 1837 жылы Ақмола қамалын шауып, өртеп жібереді. Кенесарының өзінің, айналасындағы батырларының қалай шайқасқаны жөнінде патша ұлықтарының бірі штабс-капитан Фомаков былай дейді: «… Вообще киргиз уклоняется от боя и старается хитростью восстановить равновесие, но там, где идет дело о непосредственной защите аулов, где он возбужден фанатизмом, там он храбр до отчаяния».
Мұрағаттарды сөйлетсек «в момент его вторжения в Киргизию под его славным стягом находились славные батыры Ағыбай, Шакир, Жауке, Төлебай, Бұғыбай, Көбек, Бөрші, Базар, Танаш, Жанайдар, Жарқын, Нұрабай, Қарабай, Қарабас и др. (Война с киргизами. Ж.Қасымбаев, Алматы, 2002 жыл Кенесары туралы айтады)».
Вместе с названными батырами во многих ожесточенных боях Кенесары выходил победителем, Кенесары не сомневался и верил своему войску, которого составляли вышеуказанные батыры и не раз испытывали с ними победные ликования. Число его войска в период пребывания в Семиречье составило всего лишь 10000 сарбазов, однако численность его войска быстро увеличились за счет сарбазов собранных батырами Тойшыбеком, Кудайбергеном, Саурыком, Сураншы, Байзаком, а так же Медеу бием. В тот момент у Кенесары в наличии имелось 1500 оружия и двое пушек. (История гибели Кенесары хана. Тургараева Г.М.Алматы.).

Қарақозған Қарабай батыр

Жүзбасы Карбышевтің отряды көшіп кеткен Қозған ауылдарының бір бөлігін қайтарғанымен, Қарабай батыр бастаған бұл ауылдардың көп бөлігі Кенесарының лагерінде болады. Мұрағат деректерінде атап көрсетілгеніндей, Қарабай бидің Темеш болысының ауылдарына жасалған шабуылға және оның ұлы Жансары батырдың Ресей жазалаушы отрядтарына жасалған шабуылға қатысқаны туралы мәліметтер бар. Әз Тайтекенің шөпшегі Түкейден алты бала – Қарабай, Мерген, Балғабай, Шегебай, Талас, Қожамберлі тараған. Ұлт- азаттық күресі жолында өз бауырластары мен руластарын да аямайтын заман еді. Кенесарының қырғызға жорығы кезінде көптеген ғалымдар тарапынан «тисе терекке, тимесе бұтаққа» – деп айтылатын қатыгездіктің бір ұшы осында жатқандай. Кенесарының өзі бауыры Шоқанның әкесі Уәлидің ауылын шабуы соның айғағындай.
Жалпы, Кенесарының соңына еріп, Қарақозғанды  Асат батыр мен Қарабай батыр, ал Сарықозғанды Сарықұл би Байқасқаұлы бастаған еді.
Баянауыл руларының ішінде Сарықұл мен оның жақтастарының Кенесары Қасымұлы көтерілісіне қатысушыларының ішіндегі ең белсендісі екенін мойындаймыз.  Сарықұл бидің Кенесары көтерілісіне атсалысуына олардың атақты қарақозғандардан шыққан билер: Асат Атымбекұлымен, Қарабай Түкейұлымен, Сәрке Ерназарұлымен туыстығы әсер еткені байқалады. Туған қоныстарынан үш жыл жырақта жүрген кезде «Сарықыз», «Қызылшоқы», «Үйтас» Баянауылдан 20-40 шақырымдай жердегі қыстауларына Қанжығалы және Күлік рулары қоныстанып, туған жерлерін қайтарып алудың еш мүмкіндігі болмай, қайта Атбасар приказына қоныс аударады.
Бұл Шоң мен Шорман билердің әділдігінің уақыты өтіп, патша үкіметіне жағымпаз шенеуніктердің келген заманы еді. (Сары Қозған. Павлодар. Д.Аяшинов).
1843 жылғы мәліметтерден Асат батырдың 67 жыл жасап өмірден өткендігін көреміз, бірақ, қай уақытта екені белгісіз. Ұрпақтарының айтуынша, бабасы Бақытжан Тоқтас батыр сияқты Асат та қасиетті Түркістанда жерленген.
Енді қозғандарды Қарабай Түкейұлымен қатар, Асаттың туған інісі Сүтемген Атымбеков және Сәрке Ерназарұлы басқарады. Кенесарының Асатқа деген құрметі, оның көзінің кетуімен, сондай-ақ, адамдарының  туған мекеніне оралуға деген құлшыныстарына байланысты, ашуға айналып, айыппұл салуға дейін барған.
Бұл жерде мынаны ескерту қажет. 1841 жылдың көктемінде Николай патша Кенесарыдан барлық айыптарды алып тастап, тұтқындарды босату жөніндегі  өтінішін түгел қанағаттандырады.
Патшаның Кенесарыны жақсы көргендіктен емес, керісінше, алты  жылға созылган соғыстан шаршаған сарбаздардың арасына іріткі салу үшін жасаған бұл алдаусырату саясаты өз жемісін бере бастады. Өздерінің туған мекендерін, қыстауларын басқа рудың адамдары алып жатқанын ұзын-құлақтан естіген, сарбаздардың бұл кезде екі жақты болып, абдырағанын адами  тұрғыдан түсінуге болады.
Дей тұрсақ та, бір атаның екі баласының жолы екіге бөлінгенін де көреміз: оның бірі Кенесарымен соңына дейін болған мың басы Сүтемгенұлы Шабан батыр. Ол қырғыздарда тұтқында болған. Екіншісі Кенесарының сұрауымен патша әскерінің тұтқынынан босатылған Асатұлы Шорман. 36 жасында Қылды Ноғай  болысындағы өз ауылының старшинасы болған.
1847 жылы ұлт-азаттық  көтерілісінің басшысы, қазақтың соңғы ханы  Кенесары Қасымұлы қырғыз жерінде мерт болғаны белгілі. Кенесарының өлімі туралы Жамбыл облысының бұрынғы Луговой, Меркі аудандарының көнекөз қариялары мен болған әңгімеден бір көңілге түйгеніміз, Кенесарының лагерін  жергілікті Ботпай руының биі Сыпатай батырдың әскерінің тастап кетуінің себебі, ол жердің қазақтары мен қырғыздары бір-бірімен қыз алысып, қыз беріскен құда жекжат ел. Сыпатай батырдың өзінің нағашылары  бауырлас қырғыздар еді. Ол өз нағашыларына қалай қол көтермек. Екі оттың ортасында қалған батыр ақыры екінші жолды таңдағанға ұқсайды.
Қырғыздың Қарабалтасына жақын Кекілік Төбеде болған ұрыста қазақтың  көптеген сарбаздары қаза болып, қаншамасы тұтқынға түседі.
Сол көнекөз қариялардың айтуынша, бірнеше қырғыз Кенесарыны найзаның ұшына шаншып көтеріп, «ажалыңды қарсы ал, Кенесары» деген. Сондағы Кенесарының соңғы сөзі: – Мен өлсем де сендерден найза бойы биік тұрып өлем!..
Жүрегін жарып көргенде Ханның жүрегін түгел қылшық басқан екен.
Басын кесіп, орыстарға жібергенде, бет-жүзі кекесінмен күліп тұрғандай болған деседі.
Қарабай батыр ауылы

1847 жылға қарай Қарақозғаның барлық ауылдары Ақмола округінің жерлеріне оралады. 1853 жылдың санағында бұл ру Төртұл болысының құрамында  көрсетілген. Үзінді мәліметтер:
Қозған руы, Тілеу бөлімшесі ауыл старшинасы Айғара Кенендікұлы. (93 киіз үй, 135 еркек және 139 әйел, 623 жылқы, 203 қара мал, 1501 қой, соның ішінде Шорман Асатұлында 120 жылқы мен 150 қой).
Қозған руы, Абыл бөлімшесі, ауыл старшинасы  Татығұл Нарбайұлы. (77 киіз үй, 119 еркек және 125 әйел, 778 жылқы, 167 қара мал, 1952 қой, соның ішінде  Қарабай Түкейұлында 135 жылқы мен 209 қой және Сәрке Ерназарұлында 98 жылқы мен 440 қой).
Қозған руы, Тыныбек бөлімшесі, ауыл старшинасы Майлыбай Нұржанұлы (66 киіз үй, 114 еркек және 118 әйел, 335 жылқы, 121 қара мал, 549 қой).
1903 жылғы мәліметтерде қарақозғандардың мекендерінің атаулары Атбасардың жанында, Есіл өзенінің бойында Мұса Шабан Қаражар, Беркінбай Шорман Қосбармақ мекенінде көрсетіледі.
Белгілі өлкетанушы Клара Әмірқызы өз зерттеу еңбегінде Қарабай батырдың ауылын, зираттарының орнын дәл көрсетіп кеткен, 1897 жылы Атбасар оязында 12837 ұсақ шаруашылық болыпты. Қарашекпенділердің бір тобы Есіл өзенінің ең шұрайлы деген жерін жайлап отырған Қарабай ауылдарының зираттары тұрған жерді таңдайды. Ата-бабамыздың қасиетті орны зиратқа жақын келгендер өздеріне үй тұрғыза бастайды. Қарабай бабаның ұрпақтарының қарсылығын елең де қылмайды. Ашу-ызаға  булыққан  азаматтар түнде  салт атпен келіп, салып жатқан үйлерінің қабырғаларын құлатып кете беріпті. Келімсектер өздері негізін қалаған селоның атын «қасиетті Сергейдің» құрметіне Сергеевка деп атайды. Бертін келе Қарабай  бабаның зираты селоның ортасында қалып, үстінен сауда орны салынып кеткен,– деп жазады. 1993 жылы Ақмола қаласынан шыққан «Ауылым атамекенім» атты кітабының 42 бетінде Клара Әмірқызы.
Қарабай ауылының баласы Ыбырай Шоқыбайұлы 1880 жылдардың ішінде Қазан университетін тәмамдап келіп, Атбасар қаласында қазақ балалары үшін  русско-киргизское училище  ашқан. Қаражат үшін елден жылу да жинайды, кейін Қарақозғанның Қарабай ауылынан осы училищеде оқыған жастар аз болмаған.
Омбының мұғалімдер семинариясына С.Сейфуллиннен бір жыл бұрын түсіп, оқуын бітірген соң өз елінде мұғалім боп істеген Байұлы Тұрғанбек те осы училищенің түлегі. Сол елде Совет өкіметін  орнату жолында көп еңбек сіңірген Оразбек Мұхамедов, Хасен Қошанбаев, З.Төреғожин, Х.Нұрмұхамедовтар да осында оқыған. Атақты революционер Әділбек Майкотовпен бірге 1917 жылы бірінші Совдепке мүше болған Шоқан Нұрымовтың інісі Қорғанбек те осы училищені бітірген. Бұлардан басқа сол заманда шыққан, жергілікті қазақ интеллигенциясының көбі сол  училищенің түлектері. (Қазір Ленин көшесіндегі ол училищенің орнында қалалық гастроном тұр).
Жақында Ереймен жағында Қозғаннан шыққан Түйте әулиеге  ұрпақтарының кесене тұрғызғанын естіп қатты сүйіндік. «Өлі риза болмай – тірі байымайды». Олай болса ескерусіз, елеусіз, айтылусыз, атаусыз қалып жатқан  аруақтарымызды неге ұлықтамасқа ?!.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да осыған меңземей ме.
Өлкетанушы Клара Әмірқызы аталмыш кітаптың 69-шы бетінде, жастарға былай деп, өсиет қалдырыпты. «Азаматтар, ел адамдары бірлесе отырып, тиянақты зерттеп, мұжықтардың қай қонысы болса да, байырғы қазақ ауылдарының үстіне не жанына орныққанын анықтап, ата-бабаларымыздан қалған ел мен жердің тарихи атауларын өзінің заңды қалпына келтіруге атсалысқаны жөн. Намысы бар азаматтардың қолға алатын күні туып тұрғанын түсініп, уақытты бос өткізбегендері абзал».
Демек, ата-баба, туған жер, туған ел, ұлт тарихын зерттеп, келешек ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Қарабай батырға арнап ас беретін күн де алыс емес.  Алаш көсемі  Әлихан Бөкейханұлы «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк  қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс  бұйыртатынын ұмытпайық» – деген екен.
Бақытжан ЫСҚАҚОВ,
Қозған Қарабай батырдың ұрпағы.
Алматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар