Сыйкәдеге сұраныс арта түсуде

Көкшетаудың сауда нүктелерінен көзімізге жылы ұшырайтын ұлттық нақыштағы бұйымдарды сирек кездестіреміз. Бар болған күннің өзінде бір-екі сөреде ғана ұшырасатын дүниелер – ұлттық киім киген кішкентай қуыршақтар мен түйелер керуені ғана. Курортты аймақтан естелік әрі көзайым болатын ұлттық сыйкәдені жұрт қайдан алады деген сұрақ мені жиі мазалайтын. Соңғы жылдары ұлттық бұйымдарға сұраныс артқан. Алайда, соларды сатып алайын десең бағасы тым қымбат.

Қаланың орталығында орналасқан «Алтын ғасыр» сауда үйінде ұлттық киімдер мен қолдан жасалған сувенирлер сататын «Қолөнер» салоны бар. Сәуле Талаптина есімді сатушы сыйлықты кімге сыйлауға болатынын, неден жасалғандығы туралы мәлімет берді. – Осы кәсіппен айналысқанымызға да 15 жылдан асыпты. Бәрі осы салонның иесі Жанаргүл Жасұланқызының ұлттық бұйымдар сату жөнінде айтқан ұсынысынан бастау алды. Әрине, бастапқы кезде ұсынған дүниеміз өте ме, өтпей ме, ұлттық бұйымдарды қайдан аламыз деген ой мазалағаны рас. Ол өтпелі кезең еді, ала дорба арқалап, пойызда жүрген жұрт әшекей бұйымдарды не қылсын дегенбіз. Бірақ, біз ойлағандай емес, ұлттық нақыштағы дүниелерге жұрттың сұранысы ерекше болып шықты. Айналамызға шеберлер жинала бастады. Олардың жасаған бұйымдары аздық еткесін, біз шалғай ауылдардан шебер іздей бастадық. Олардың қолынан шыққан дүниелерді сатып алып қана қоймай, тапсырыстар беретін болдық, – дейді Сәуле Махметқызы.
Қазір көздің жауын алатын дүниелерге толы салонды бастапқыда толтыру қиынға соғыпты. Себебі, сол жылдары қолөнер шеберлерінің көбі төл туындылары болар-болмас тиын-тебенге бағаланып, еңбектері зая болған соң, өз кәсіптерін тастап, күнкөріс қамымен кеткені белгілі. Зергерлік бұйымдар – сақиналар, сырғалар, білезіктер, тұмаршалар ең жоғары сапалы күмістен соғылған, табиғи тастардан көз салып безендірілген. «Оларды үлкен кісілер қымбат болса да, қызыма мұраға қалдырамын деп сатып алса, ақық тастармен көмкерілген сәукеле, тұмарларды қыз жасауына ырымдап алады», – дейді кәсіп иесі.
Сөреге қойылған сақина мен сырғаның бағасы 20 мың теңгеден жоғары. Жасанды теріден өрілген қарапайым қамшылардың бағасы 2 мың теңгеден басталады. Таза қайыстан өрілгені қымбаттырақ. Мельхиор, құрыш, тері, сүйек, табиғи тастар мен ағаштан жасалған семсер, алдаспан, қылыш, шоқпар, қалқан, жебесі бар садақ та осы жерде. Олардың бағасы 5 мың теңгеден 75 мың теңгеге дейін. Ал, домбыралардың ең арзаны 30 мың теңге, ең қымбаты – 75-100 мың теңгеге дейін барады. Көбіне ағаш түріне, жасалу жолына қарай бағаланады. Тұтынушылардың көпшілігі жергілікті төл туындыларды сұрайды. Сол себепті, бір бұрышты ақмолалық қолөнер шеберлері мен суретшілердің бұйымдары алып тұр. Бұл жердегі картиналар, панно, сәндік табақтар, гобелендер де бір әдемі әлем. Әсіресе, сәндік табақтар топтамасындағы «Көкшетау» жазуы ерекше көзге түседі. Түрлі әдіспен жасалған ұлттық бұйымдардың түпнұсқасының бағасы қымбат.    
– Өзімізге ұнаған немесе өтеді-ау деген осындай ерекше дүниелерді қатысқан көрмелерден алып қайтамыз. Ал, мұндай дүниелердің қымбаттығынан сатып алатын иесі табылмай жатса, әзірге салон сәні болып тұра береді, – дейді кәсіпкер Сәуле Махметқызы. Сондай-ақ, табиғи тастан, серпентиннен, жезден құю, ою әдістерімен жасалған бұйымдар да қымбатқа бағаланады екен. Таза ағаш пен былғары теріден жасалған кәдесыйлардың қораптары мен қаптарына дейін ұлттық нақышта жасалады. Теріден, ағаштан, киізден, барқыттан жасалатын шахмат пен дойбының қорабы, түрлі қобдишалар, қоржындар, қазіргі заманға сай ұялы телефондарға арналған ұсақ қалталар, қыздардың иыққа асынатын сөмкелеріне сұраныс жоғары.
Нарық талабы қолөнер туындыларына деген көзқарасты түбегейлі өзгертті, тек тігіншілердің ғана емес, ағаш шеберлерінің, зергерлердің, этнодизайнерлердің қабілет-қарымы мен өнері бағаланатын болды. Бұл жаңа бизнес түрі – этнобизнестің өркендеуіне жол ашуда.
Жансұлу МЕҢДІБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар