Қарияларын сыйлаған ел қадірлі

Ақмола облысында бүгінгі таңда құрметті еңбек демалысына шығып, тәуелсіз еліміздің аялы алақаны, құрметіне бөленіп, ешбір алаңсыз өмір сүріп жатқан зейнеткерлер саны 110 мыңнан асса, соның ішінде майданға қатысқандар саны 108 адамды құрайды.

  Олардың қай-қайсысы болмасын ұлтына, тіліне, дініне, түр-түсіне қарамастан тең дәрежеде еңбек етіп, білім алған, емін еркін өмір кешуде. Тәуелсіз Қазақстан, қазақ елі, қазақтың кең даласы бәріне бірдей ортақ алтын мекені, құт дарыған Отаны болып саналады.
Елімізде небір ерекше атап өтілер мерекелік салтанаттар мен той-думандардың қандайы болсын жалпыға ортақ, бірге қуанамыз, бірге тойлаймыз. Сондай оқиғалардың бірі, әрі бірегейі, жаһан жұртшылығының назарын өзіне аудартқан
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған Астана көрмесінің сәтті ашылып, өтіп жатуы болып саналады. Сөз жоқ, бұл ауқымды жұмыс қазақ елінің халықаралық аренадағы абыройын асқақтатты, үлкен дәрежеге бөледі.
Төрткүл дүниені түгел дерлік дүбірлеткен көрмені көрген де көрмеген де бір арманда боларлықтай елегізгеніміз де жасырын емес.  Ежелден қам көңілді қарттарымен, үлкендерін үкідей үлпілдетіп сыйлайтын жастарымыздың назарынан аға буын ардагерлер тағы да тыс қалған жоқ.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей орайы келгенде айта кетуге лайық жай, ардагерлеріміздің көп шоғырланған облыс орталығы Көкшетау қаласынан бас-
тау алған үлкен шеруді қала әкімі Ермек Боранбайұлы өзі бастап, сәттілік тілеп, Астана қаласына шығарып салды. Сөйтіп, «мың рет айтқаннан бір рет көрген артық» дегендей, «Болашақтың энергиясы» ұранымен  «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін  көрудің сәті түсті.
Бізді бірден ерекше әсерге бөлеген көрме ғимараттарының негізгісі – жер шарын бейнелейтін «Нұр әлем» сферасы болды. Оның әр деңгейі энергияның белгілі бір түріне арналған. Оның басты белдеуінде біздің ұлттық павильон орналасқан. Онда біздің қазақстандық ғалымдардың ең озық туындылары, заманауи технологиялар мен үздік ойлардың үлкен үлгілері шоғырландырылып, дамуымыздың ғылыми түрде жетістіктері бейнеленген, келешекке деген болжамдар айшықталған.
Сайып келгенде, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жаһандық кеңістікте елімізді танытудың және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілетудің жаңа белесі екенін, әлем елдері арасындағы өзара түсіністікті дамытуға, ғылым, бизнес және қоғам арасындағы табысты іс-қимылға, еліміздің мәдениетімен танысуға септігі тиетінінің үлкен алтын көпірі екенін көрсететіндігіне көзіміз жеткендей болды.
«Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, бізге тиесілі оншақты сағаттық уақыттың қалай өткенін де аңғармай, сағат тілі кешкі тоғыздан аса «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған Ақмола облысының мәдениет күндерінің астаналық амфитеатрда «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» тақырыбымен өткен үлкен гала-концертін тамашаладық. Концертті астаналық меймандармен бірге өңір басшысы Мәлік Мырзалин бастаған басшы азаматтармен өнер иелері, белгілі қоғам қайраткерлері, барша жұртшылық зор ықыласпен тыңдап, табысты өтті.
Айтар ойдың тобықтай түйіні, жақсы десе жан сүйсінеді демекші, еліміздің, халқымыздың көптен күткен ғаламат ЭКСПО-сын тамашалауға барған замандастарым, жастары жүзді алқымдаған еңбек, майдан ардагерлері Асылбек Дәулетов, Жанайдар Рамазанов, ақын Шәмшия Айтжанова, Татьяна Турач, Галина Марчинковалар тәрізді ардагерлер үшін осынша қамқорлық танытып, адами ақ көңіл, кең пейіл көрсеткен басшыларымызға, әсіресе, облыс әкімі Мәлік Мырзалинге айтар алғысымыз шексіз.
 Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ, еңбек ардагері.
Көкшетау қаласы.          

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар