Үздік тауар өндірушілер анықталды

«Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме байқауы мен облыс кәсіпкерлерінің бірінші форумы болып өтті. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков құттықтау сөз сөйлеп, байқау жеңімпаздарын марапаттады.
Алдымен, сараптама комиссиясының мүшелері өңірлік көрме байқауына қойылған отыз кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер өндірген тауарлар мен өнімдерді аралап көрді. «ТНК Агрофирмасы», «ЕНКИ», «Капитал Проджект ЛТД» серіктестіктері өткен жылғы байқауға қатысып, жүлделі аталымдардың иегерлері атанды. Көкшетау қаласының тұрғындары мен меймандарының, сондай-ақ, сараптама комиссиясының назарына азық-түлік тағамдары, декоративтік-қолданбалы шығармашылық өнімдері, аяқ киім, құрылыс материалдары, жиһаз, өнеркәсіп қондырғылары және өзге де та-уарлар ұсынылды. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында ең мықты 15 компания өзара жарысты. 8 кәсіпорын «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» аталымына, жетеуі «Тұрғындар үшін үздік тауарлар» аталымына өтінім берді. Мәселен, Жарқайың ауданынан келген жеке кәсіпкер Эдуард Аминов экологиялық таза, майлылығы әртүрлі сүт, қаймақ, айран және ірімшік тәрізді өнімдерін ұсынды. Олар майдың түр-түрін өндіреді. Кәсіпорын өнімдері өңірде үлкен сұранысқа ие. Кәсіпкердің өніміне барлық дерлік мектептер мен балабақшалар тапсырыс береді. Эдуард Аминовтың шағын сүт цехы бар. Байқау аясында облыс кәсіпкерлерінің бірінші форумы болып өтті. Форумды ашып, жүргізген өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Еркебұлан Баяхметов «Қазақстанның үздік тауары» байқау көрмесі отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шаралардың бірі екенін атап өтті.
– Біздің өндірушілер үшін өнімді өткізу және қаржы ресурстарына қол жеткізу мәселелері өзекті болып табылады. Біз үшін басты міндет – тұтынушыларға жергілікті өнім ұсыну, – деді ол. Сондай-ақ, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры өз сөзінде Қытайда үлкен тауар рыногын құру өңірдің бизнесіне жол ашатынын айтты. Биылғы жылы Қытайда бірнеше ірі көрме мен жәрмеңке өткізу жоспарланған. Бірнеше күннен кейін Пекинде жәрмеңке ашылады. Қыркүйекте Шанхайда, жыл соңында Гонконг провинциясымен шекаралас Шеньчжень провинциясында көрме өткізіледі.
– Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында палата Қытайдың, ОАЭ және Таиландтың инвестициялық компанияларымен бірқатар кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Палата кейбір ұйымдастыру мәселелерін шешуді өз мойнына ала алады. Оның ішіне бизнес өкілдерінің біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларының тұсаукесері кіреді. Осы орайда, шетелдік компанияларға өнімдер ұсыну мүмкіндігін пайдалану үшін барлық тауар өндірушілерін шақырамыз,–деді Еркебұлан Баяхметов. Бұдан кейін бірқатар қаржы институттарының өкілдері кәсіпкерлерге несие берудің тәртібін түсіндірді. Шара барысында байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты болып өтті. «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» аталымындағы бірінші орын «Щучинск бу қазандығы-механикалық зауыты» серіктестігіне берілді. Кәсіпорын бу қазандығын және су жылытатын қазандық, жылу магистралі үшін арнайы құбырлар, металл құрылымдары тәрізді өзге де тауар жасап шығарады. Зауыт жыл сайын үш жүзден астам әртүрлі қазандық, көптеген бу қазандығының қосалқы қондырғыларын, блоктық-модульдық қазандығын жасайды. Кәсіпорынның өндірістік базасы қажетті қазіргі заманғы станоктармен және қондырғылармен жабдықталған. Тауарлар Қазақстанның барлық өңірлерінде сатылады, Ресейге экспортқа шығарылады.
–Биылғы жылы біздің еңбегіміз лайықты бағаланғанына қуанамын. Біз бұрын да жүлделі орыннан көріндік. Жоғары сенім бізді беріле еңбек етуге, барлық нысандарды уақытында тапсыруға, барлық жос-парды орындауға міндеттейді. Жақында республикалық байқауға қатысып, жүлделі орын аламыз деген үміттеміз,– деді зауыттың бас конструкторы Виктор Кондрашев. «Тұрғындар үшін үздік тауарлар» аталымында бірінші орынды  «Samhat» аяқ киім фабрикасы» серіктестігі жеңіп алды. 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын ерлер мен әйелдердің былғары аяқ киімін тігумен айналысады. Компанияның өкілі Арман Ақановтың айтуынша, фабриканың қуаты жылына 500 мың жұп былғары аяқ киім шығаруға мүмкіндік береді. Аяқ киім өндірісінде табиғи былғары, экологиялық таза материалдар пайдаланылады. Компанияны дамытудың тұжырымдамасы өнімнің жоғары сапасына бағытталған. Өндірісте жаңа жоғары технологиялық қондырғыларды пайдаланудың және жаңа технологияны енгізудің арқасында сапалы аяқ киімдер шығаруға қол жеткізілді. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында бірінші орынды «ТНК Агрофирмасы» серіктестігі жеңіп алды. Агрофирма бұл аталымдағы жүлделі орыннан былтырғы жылы да көрінген. Серіктестік еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің озық компанияларының бірі болып табылады. ТНК компаниясының тобына кіретін «Айбат» серіктестігі шығаратын «Жақсы» сүт өнімі өз тұтынушыларының көңілінен шыққалы қашан. Серіктестіктің өз тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. 2015 жылдың соңында «Айбат» серіктестігінің ет өңдейтін зауыты ашылды. «Жақсы» сауда маркасымен өндірілетін табиғи ет өніміне он екі аталымнан астам әртүрлі шұжықтар, тұшпара мен котлет кіреді.
–Бұл байқауға тауар өндірушілер қызығушылық танытқанын әр жыл сайын қатысушылар саны көбейгенінен көруге болады. «Қазақстанның үздік тауары» байқауы қатысушылар әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Бұл жүлдемен біз өндірушілердің сапа стандартын, бәсекеге қабілеттілігін, өнімдерінің экспортқа бағытталғанын көрсетеміз. Байқау озық кәсіпкерлерді атап өтуге, өз жетістіктерінің тарихымен бөлісуге, өз идеяларымен өзгелерді ынталандыруға мүмкіндік берді,–деді Еркебұлан Баяхметов. Үш аталым бойынша жүлделі орындарды жеңіп алған тоғыз компания республикалық байқауға қатысатын болды.

 

Суреттерде: көрмеден көрініс; жеңімпаздарды марапаттау сәті.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар