Елбасын әр қырынан танытады

 

Белгілі Ресей жазушысы әрі тарихшысы Николай Зенькович Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы жоғары сынып оқушыларына арналған тамаша жинақ жазып бітірді. Бұған дейін де Елбасы туралы көптеген көркем және деректі кітаптар жазылды.

 

Оның ішінде шетел тіліндегілері де бар. Осы тақырыпты қамтитын көркем  және деректі фильмдер де түсірілді. Ал, бұл жолғы жинақтың құндылығы мектеп оқушыларына арналғандығында. Жинақ екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Үш қоңырдан ұшқан ұлан» деп аталады. Бұл бөлімде Елбасының балалық шағы қамтылып, үлкен өмір жолының алғашқы баспалдақтары хақында баяндалады. Екінші бөлім «Мәртебелі Президент» деген атаумен берілген. Бұл бөлімде оның дүниенің дидарын өзгертуге ықпал ететін әлемнің әйгілі адамдарының қатарына қосылуы сараланады.

Кітаптың авторы Николай Зенькович көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер және тамаша тарихи тұлғалар туралы отыздан астам кітап шығарған қаламы қарымды, танымал жазушы. «Ұлы адам туралы ұлағатты кітаптың» тұсаукесерінде автор қазақ халқының Көшбасшысы туралы неліктен кітап жазғаны жайында айтып берді.
–Мен ешқашан, ешбір жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапына айтылған оғаш пікірді естіген емеспін. Мұндай Көшбасшылар аз. Қалам ұстаған әрбір адамның жазу үлгісі әртүрлі. Бұл жинақ өзінің мазмұнына орай жалғыз кітап. Шынын айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы туралы әлемнің әр қиырында көптеген кітаптар шығарылды. Мен де Президент туралы кітап жазған болатынмын. Бірақ, бұл жолы басқа қырынан сипаттауды жөн көрдім. Өзін ғана емес, күллі әлемді оң бағытқа өзгертуге ықпал еткен заманымыздың қайраткері жайында  жас толқынға үлгі-өнеге болуы үшін. Жинақтың басты мақсаты да осы.  
Кітаптың қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларының әрқайсысы екі мың данамен шығып отыр. Жазушы Қазақстан Президентінің жинақта сомдалған тамаша тұлғасы туралы ерекше айтып берді.
–Мен тіпті былай салыстырар едім, жаратушы ие сәби кезінде-ақ мейірімін төгетін адамдар болады. Оларға өлшеусіз қабілет-дарын бітіреді. Бұл жа-йында әртүрлі айтуға болады. Қалай болған күнде де
Назарбаев табиғаттың өзі тамаша дарын сыйлаған адам. Президент болу – қияпат іс. Мен Горбачевті сынаған кезді ұмыта алмаймын. Сол кезде ол орнынан тұрды да, «сіздердің араларыңызда Президент болған кісі бар ма, қолдарыңызды көтеріңіздерші» деп сұрады. Кез-келген мамандық  туралы айтқанда, алдымен кәсібилік керек. Кәсіби баға бәрінен жоғары, сондықтан да, халық ешқашан қателеспейді,–деді автор.
Мемлекет басшысы туралы кітаптың тұсаукесеріне арналған салтанатты рәсімге бас редакторлар клубының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, жас-тар ұйымдарының мүшелері, Назарбаев зияткерлік мектебінің, «Білім Инновация» лицейлерінің оқытушылары қатысты.
Тұсаукесерде «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова жинақтан алған әсерлері туралы айтып берді. Оның пікіріне қарағанда, Николай Зеньковичтің Мемлекет басшысы туралы шығармасында кейіпкердің жаңа қырлары ашылып, барынша нанымды бейнеленген. Мұндай шеберлік кітап авторының абыройын асыра түседі.
– Осы жинақты оқып шыққаннан кейін мен Мемлекет басшысын жақынырақ танығандай болдым. Қарапайым отбасынан шыққан жеткіншек ұлттық тәрбие алып, салтымыздан сусындап Елбасына дейінгі өсу жолы барынша құнарлы бейнеленген. Оның бойындағы Отанға деген махаббаты, еңбекке құштарлығы, халық алдындағы асқан жауапкершілігі тоқсаныншы жылдардың қиындығынан алып шықты,–деді ол,–кітаптың табысты болуы оның авторының қазақстандық емес екендігінде. Сол себепті, ол Елбасы жайлы барынша жан-жақты айта алады. Біз қазақстандықтар жиырмасыншы ғасырдың басында тәуелсіздігімізді Алланың сыйындай қабылдадық. Жалпы жұртшылықты жаңалық пен жақсылыққа бастау оңай емес. Тоқсаныншы жылдардың басын «Қазақстан-2030» Стратегиясы жарияланған кезді еске алайықшы. Мен ол кезде Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет істейтінмін. Міне, сол кезде талай пікірлерді естідім. Бүгінгі күні сіз бен біз әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылатынымызға нық сенімдіміз. Өйткені, Президенттің айтқаны орындалатынын көріп отырмыз. Сондықтан да, өз тарихымыздың куәгерлеріміз.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен Зеньковичтің жинағы өзектесіп жатқанына тоқталды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар