еңбекшілдер, ереймен – тектілер мекені

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.
(Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан).

 

Ұлтымызды бодандық бұғауынан құтқарып, тәуелсіз ел етуді армандаған «Алашорда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына және  «Туған жер» бағдарламасына орай, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Əбдімүтəліп Əбжаппаровтың жетекшілігімен осы оқу орнының бір топ тарихшылары мен əдебиетшілері атақты сал-серілер мен жыршы-жыраулардың және батырлардың туған топырағы – Еңбекшілдер, Ерейментау аудандарында болып, көнеден қалған жәдігерлерді зерделеп, зерттеп оралды.

Алдымызда – Біржан елі

Елбасы мақаласында көтерілген Қазақстанның киелі жерлерінің тізімін жасау жобасы қазіргі күні еліміздің барлық өңірлерінде қолға алынып, осы бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл экспедицияның мақсаты да сондай халық үшін киелі орын болып саналатын және ел тарихында елеулі орын алатын жәдігерлерді анықтап, солар жайында жан-жақты мәліметтер жинау, жұртшылыққа оны кеңінен таныстыру.
Экспедиция жұмысын Еңбекшілдер ауданынан бастады.  Осы өңірден  есімдері жалпақ жұртқа жақсы танымал Біржан сал Қожағұлов, Шәймерден Қосшығұлов, Шәрапи Әлжанов, Рамазан Елебаев сынды ұлы тұлғалар шыққан.  Қазақ өнерінің қайталанбас тұлғасы Біржан салдың зираты бүгінде аудан орталығы Степняк қаласының іргесінде.   Көкшетаудан келген ғалымдарды аудан əкімі Асқар Қиықов қошеметпен қабылдады. Кездесуде өңір басшысы ауданның  қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық жетістіктері жайында айта келе,  тарихи құндылықтарды сақтау жайына да тоқталды. Бұл өңірде көнеден қалған тарихи ескерткіштер аз емес. Осы жағынан алғанда аудан өзге өңірлерден ерекшеленді. Осы  күні ғалымдар Біржан сал бабамыздың зиратына барып,  əн өнерінің падишасына құран оқытып, дұға бағыштады.
Әр жүректе жатталған жалынды «Жас қазақ» әнінің авторы  Рамазан Елебаевтың өнері бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде сақталған. Соғыс жылдары Панфилов дивизиясының атқыштар полкінде ұрысқа қатыса жүріп, ол әскер қатарындағы әнші-өнерпаздардан концерттік бригада ұйымдастырады. Елебаевтың әндері майдандағы сарбаздарды ерлікке жігерлендірді. Қазіргі уақытта сазгердің туған ауылы Құдықағаш орта мектебіне Рамазан Елебаев есімі берілген. Мектеп жанында республикалық халық ағарту ісінің үздігі, ақын Жамаш Нұралыұлының жетекшілігімен ашылған шағын мұражай жұмыс істейді. Аудан əкімі Асқар Қиықовтың айтуынша, алдағы уақытта Рамазан Елебаевқа ескерткіш орнату да жоспарланып отыр.
Бұдан кейін делегация Сəуле орта мектебінде болып, педагогикалық ұжыммен кездесті. Ұстаздарға белгілі ғалым,  университет ректоры Əбдімүтəліп Əбжаппаров осы өңірден шыққан атақты тұлғалар жайында тартымды да тағылымды әңгіме айтып берді.
– Еңбекшілдер өңірі Сарыарқаның шұрайлы жерлерінің бірінен саналады. Бұл туралы Сəбит Мұқанов та өзінің «Алтын аймақ» кітабында атап өткен еді. Кезінде бұл жерге Сергей Миронов та аяқ басқан болатын. Бұл өңірдің атын алты алашқа шығарған өнер падишасы Біржан сал болғаны анық, – деді қазақ филологиясы кафедрасының доценті Аманжол Есмағұлов.
Ал, патшалық Ресей Думасының депутаты болып екі мәрте сайланған, есімі елге танымал ұлт жанашыры Шәймерден Қосшығұлов кезінде «Алаш» партиясының уығын шаншысып, ұлт азаттығы үшін күрескен ұлы тұлғалардың бірі болғандығы мәлім. Жергілікті мектепке Алаш арысының есімі беріліп, оның өмір және еңбек жолы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге ықпал етіп отырғаны да сүйсінерлік жай екен. Шәймерден Қосшығұловқа  арнайы мұражай ұйымдастырылып, көнеден сыр шерткен жәдігерлер жинақталыпты. Мұның бәрі оқушыларды туған жері мен елін сүюге баулитыны анық.
– Шәймерден Қосшығұлов біздің ұлт-азаттық қозғалысымыздағы шоқтығы биік тұлға. Олай дейтініміз, біріншіден, Шәймерден аға Алаш қозғалысының ең алғашқы бастауында болған адам. Ел мүддесін ойлап, халықтың сөзін айтқан, халық үшін қызмет еткен осындай адамдардың өмір жолы үлкен эталон. Біздің келешек жастарымыз осындай тұлғаларға қарап бой түзеуі қажет, – дейді жалпы тарих және философия кафедрасының аға оқытушысы Ғалымтай Төлепбергенов.
 тұнып тұрған тарих

Ғылыми экспедиция одан әрі әр қойнауы, тауы тарих пен шежіреге толы Ереймен өңіріне ат басын бұрды. Кезінде үш жүзді аузына қаратқан Бапан, Саққұлақ би сияқты сөзге шешен, ел бастаған көсемдер шыққан тарихи өңірдің бүгінгі тізгінін ұстап отырған аудан әкімі  Ермек Нұғыманов көкшелік ғалымдарды құшақ жая қарсы алды. «Құт қонып, қыдыр дарыған Ерейментау өңірі мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті арасында ынтымақтастық орнату «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудағы маңызды қадам», – деген аудан әкімі ғалымдардың сапарының оң болуы үшін барлық жағдайды жасайтынын айтты.

 16 жасында би болған

Саққұлақ би кесенесі Ерейментау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 24 шақырым жерде, Қоржынкөл көлінің солтүстік-шығыс жағалауындағы ашық далада орналасқан. Кезінде осы көлде Бөгенбай батыр мен Үмбетей жырау атын суарған деседі. Бөгенбай батырдың ата қонысы болған көлдің маңында əлі де зерттелмеген қорымдар бар. Тарихи деректерде кесене 2006 жылы «ҚазЖоба қалпына келтіру» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының жиынтық бөлімімен зерттелгені көрсетілген. Қанжығалы руының биі Саққұлақ кесенені 1880 жылы өзінің үлкен ұлы Нұралыға салдырған екен. Нұралы қабірінің құлпытас сынығы Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау тарихи өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Саққұлақ би кесенесі шикі кірпіштен өріліп  салынған. Қасбеттерінің қырларында екі тірек аралығының доға тәрізді жабыны мен бос жерлері бар сегіз қырлы күмбез түрінде болды. Сегізбұрыштың оңтүстік-батыс қыры кірпіштің екі төменгі қатарына дейін бұзылып қалған қабырғаларының қалдықтары 2,5 метр биіктікте сақталған. Екі тірек аралығының доға тәрізді жабыны ойық түріндегі кесенеге кіріс-шығыс жағынан орналасқан. Ұрпақтарының бірінің аты жазылған ескі тастың жанындағы батыс қабырғаның маңында Саққұлақтың, екі ұлының аттары және өмір сүрген уақыттары таңбаланған үш жаңа қабірүсті ескерткіш орнатылған. Cаққұлақ би (шын аты Айтпай) (1800-1880 жж.) – Орта жүз руы Арғын тайпасының атақты биі, шешен. Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі. Шешендік өнерімен, әділ шешімдерімен сый-құрметке ие болған.
Жасынан зерделі де зерек өскен ол 12-13 жасынан әкесі Бапан бидің қасында жүріп, шешендік өнерін ұштаған, ел билеу ісіне араласқан. Баласының қабілетін сезген әкесі Сәбденді 15 жасында кішігірім дау-дамайды шешіп келуге жұмсаған. Ол 16 жасында сол өңірде шешендік аты шыққан Байдалы бимен сайысқа түсіп, Байдалының «құлағың неткен сақ еді» деген сөзінен кейін «Саққұлақ» атанып кеткен. Оның шешендік нақыл сөздерінен елдік пен ерлік, ғылым, білім, жақсылық пен жамандық туралы терең философиялық ой-түйіндерді байқауға болады. Басқа би-шешендердей емес, Саққұлақ би өзі айтқан билік сөздері мен басқа билердің аталы сөздерін, бағалы ойларын үнемі қағазға түсіріп жүрген. Оның шығармашылығы толық жүйеленіп зерттелмеген. Саққұлақ биден жеті ұл қалған. Нұралы, Ералы деген ұлдары әкесіне тартып би болған. Саққұлақ би Қоржынкөл көлінің жағалауындағы Бөгенбай батыр ұрпақтарының қорымына жерленген. Мазарын халық шебері Рысқұл салған екен. 2000 жылы Саққұлақ би кесенесінің қирандысына орталық композицияның сегіз қырлы күмбезді саркофагы салынып, толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Соңғы жылдары кесенеге келушілердің саны көбеюде. Алдағы уақытта Ерейментау ауданы аумағындағы тарихи ескерткіштерге «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде туристік маршрут ашу жоспарланып отыр. Бұл маршрутқа Саққұлақ би кесенесін де енгізу көзделген.

Елдің пірі –  Тоқан хазірет

XX ғасырдың басы Ресей империясында әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуімен, Қазақстанда отарлық саясаттың күшеюімен ерекшеленді. Осы кезеңде бүкіл  Ресей империясын қамтыған саяси оқиғалардың Қазақстанға да үлкен ықпалы тиді. Осындай қозғалыстардың бірі – Ерейментауда болған халық көтерілісі еді. Кезінде бұл оқиға жайлы Ереймен жерінің өз тумалары, журналистер – Ғалымжан Мұқатов пен Қазыбек Сүлейменов азды-көпті жазып кеткен болатын. Бұл екі қаламгер де көтеріліске тікелей қатысқан адамдардың әңгімелерінің негізінде ақпарат жинаған көрінеді. Сондықтан, ол жазбаларды еш алып-қоспасы жоқ, деректі дүние деп танығанымыз жөн.
Көтерілісшілер сол кездегі Ерейментау жеріндегі аса абыройлы, «елдің пірі» саналған діндар Тоқан хазірет Домаұлынан барып кеңес сұрап, батасын алған деседі. Хазірет оларға: «Шамаларың келгенше сөзбұйдаға беріңдер» – деген ақыл айтса керек. Осыған қарап, хазірет келесі жылы Ресейде үлкен саяси төңкеріс болып, қоғам өзгеретінін білді ме екен дейсің. Осыдан кейін ел ішінде: «Тоқан хазірет ақбоз атпен көтерілісшілердің алдында өзі жүреді екен» –  деген сөз тарайды. Дегенмен, сол 1916 жылдың қазан айында хазірет қайтыс болған.
ту ұстаушы Олжабай  

Қазақта батыр аз болмаған. Алайда, батырдың да батыры бар. Олардың арасында он сан Орта жүзге ұран болған ер Олжабайдың орны бөлек деп білеміз. Батыр бабамыз жөнінде аз жазылған жоқ. Дегенмен, бабамыз жөніндегі ел аузында жүрген аңыз əнгімеге тоқтала кетсек. Олжабай батырдың қазақ қолының ту ұстаушысы болғандығы белгілі. Үлкен шайқаста ту ұстаушыны қолға түсіру үшін екі жақ та жанталасады. Тудың құлағаны жаман ырымға саналған. Сондықтан, ту ұстау әркімге тапсырылмаған.
Абылай хан қол бастағанда да Олжабай оның ту ұстаушысы болады. Қалден Серенге қарсы соғыста батыр ханның сарыала туын уысынан шығармай, қамалды алуға жол салады. Бұл жөнінде Сақау ақын былай деп жырлапты:
Олжабай Орта жүзде ту ұстаған,
Балапан тұйғын құстай құныстанған.
Қолының қоспасынан оқ тисе де,
Ту ұстаған жерінен жылыспаған.
Осы жерде бір ескере кететіндігі, баба есімінің ұранға шыққандығы жөнінде. «Он сан Орта жүзге ұран болған ер Олжабай» дегеннен-ақ түсіне қаламыз. Бұл кәдімгі Түркістан шайқасында көзге түсіп, есімі ұранға шыққан Олжабай батыр Толыбайұлы.
Осы мысалдардың өзі-ақ бабамыздың аға батырлар қатарына жататынын, Бөгенбай, Қабанбай сынды батырлармен қатар тұрғандығын көрсетеді. Бұқар жырау толғауларында Олжабай батырға да кең орын берілген:
Қанды жорық Олжабай,
Болат тіркеу ордам-ай.
Қолды бастап тез аттан,
Ту көтеріп үш жақтан.
Еркіндігі шабақты,
Нөсер төгіп садақтан.
Болат қару тарланым,
Арыстандай арланым.
Сен тіріде құламас,
Сарыала туы орданың.
Батырдың жорықтары мен шайқастарына келетін болсақ, соның ішінде Қалмаққырғанды айтуға болады. Бұл кәдімгі Баянауылдың күншығысындағы жер. Осы жерде Олжабай батыр Жасыбай батырдың кегін алып, қалмақтарды ұлардай шулатады. Ал, Шүршітқырғанның жөні бөлектеу. Бұл енді он сегізінші ғасырдың екінші жартысында өткен қырғын. Мұның өзі шүршіттердің Арқа жеріне жай келмегенін көрсетеді. Демек, біздің бабаларымыз тек жоңғар, башқұрт, қалмақтармен ғана емес, орыстармен де, шүршіттермен де соғысып баққан. Батыр қашан да ортақ болған. Оның үстіне Олжабай Толыбайұлы Орта жүздің ұранға шыққан батыры. Бүгінде батырдың зираты Ерейментау ауданындағы Олжабай батыр ауылының маңында орналасқан.
– Олжабай өзі төрт ағайынды болған. Олжабай, Орман, Құлжабай, Ырысқұл. Олжабайдың тікелей ұрпағы Әлкей Марғұлан. Олжас Сүлейменовтың өзі Олжабайға аталас болып табылады, – дейді Ерейментау ауданының тумасы, шежіреші Сайлау Байбосын.
Жалпы, тарихи деректерде Олжабай батыр туралы мәліметтер аз емес. Мəселен, Ертай Құлсариев жырлаған «Орта жүз Олжабай батыр» деген жыр нұсқасы көркемдігімен де, толықтылығымен де ерекшеленеді. Алғашқы Молдажан нұсқасында Олжабай батырдың дүниеге келуі, соғысқа төселуі бейнеленсе, Жаяу Мұсада Олжабай батырдың қырғыздармен болған соғысы, ал, Абылай бастаған 40 батырдың Сарыарқаны қалмақтардан азат етуі, бұл тарихи оқиғаның қазақтардың жеңісімен аяқталуына Олжабайдың айрықша қайрат-жігер, ерлік көрсетуі ықпал еткені баяндалады. Ертай нұсқасында болса, Олжабайдың тууы, он төрт жасар кезінде арыстанмен алысуы, қырғыз Әтекеден атын қайтарып алып, жолай Бөгенбай батырмен достасуы, ұйқыда жатқанда аузына кірмек болған жыланның басын қыршып тастауы, торғауыт қалмақтармен соғысы, Қалданнан Абылайды босатып алуы, Әмір Сананы қорғап қалуы, Қалден Серенді тұтқындауы, Абылайдан Жабай батырды босатып алуы сияқты Олжабайдың ерлігі, қайсарлығы, адамгершілігі, тәрізді адами қасиеттері толық ашылған.

Бөгенбай батырдың серігі

Үмбетей жырау жас күнінен-ақ кедейліктің зардабын тартады. Ақындық даңқы шыққан Үмбетейді Абылай хан өз айналасында ұстайды, ол сол кезден-ақ жырау атанған. Ол Бөгенбай батырға серік әрі оның жыршысы болған. Әдебиетші, ғалым Сəбит Жəмбектің айтуынша, жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте болып, тарихи оқиғаларды нақты жырлаған. Ол халық мүддесі үшін хан көңіліне қарамай, әділ, тура өлеңдер шығарған. Жырау Ақмола облысы өңірінде жүз жасап дүниеден өткен.
– Абылай ханға Бөгенбай батырдың өлімін де жеткізген Үмбетей жырау. «Бөгенбай өліміне», «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» атты толғауларында ол Бөгенбай бастаған халық батырларын дәріптеп, қайратты ерлерді ұрпағына өнеге еткен. Жырау Бөгенбай батырдың ерлік бейнесін тамаша өрнектейді. Оны асқар Алатауға теңейді, тегеурінді бүркітке балайды, «Боламшыдай анадан болат тудың, Бөгенбай» деп қастерлейді, – дейді  Сəбит Жəмбек.
Осыдан-ақ, жыраудың атамекенді жаудан қорғап қалған, халқымыздың ұлан-байтақ жерін – Баянауыл, Қызылтау, Абыралы, Шыңғыстау – бүкіл Сарыарқа атырабын қалмақтардан аман алып қалған Бөгенбай батырдың ерлігін сүйсіне жырлағанын байқауға болады. Үмбетей:
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп.
Алтай тауға асырдың,
Ақшәуілге қос тігіп.
Ауыр қол жидырып алдырдың,
Қалмаққа ойран салдырдың,
– деп халқына Бөгенбайдың елі үшін жасаған ерлігін атап көрсетті. Жырау тек Бөгенбайды ғана емес, Абылай тұсындағы қолбасшы батырлардың – Қаракерей Қабанбай, Қаз дауысты Қазыбектің, батыр Жәнібектің, Баянның және тағы басқа батырлардың ерліктерін де өлең жолдарына қосқан. Осы күні Үмбетей жыраудың зираты Бұйратау табиғи қоры аумағында орналасқан.

Көкшетау – Еңбекшілдер – Ерейментау –Көкшетау.

Суреттерде: Еңбекшілдер ауданының орталығы Степняк қаласындағы  Біржан сал зиратына орнатылған ескерткіш мүсін; экспедицияға қатысушылар Ерейментау өңіріндегі Саққұлақ бийдің кесенесінде; Үмбетей жыраудың басына қойылған  тас белгі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар