Ұмытылмас есімдер

1951 жылы «Сталин туы» аталған Ақмола өңірінің бас газетінде «Қажырлы тың еңбеккері» тақырыбымен қызықты материал басылыпты. Беті сарғыш тартқан көне газеттің осы шағын мақаласында Ақмола ауданының тұрғыны, белгілі колхозшы, екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған Піспекбай Елемесовтің тіршілікте жасаған өнегелі істері туралы жазылған екен.

Айы-күні белгісіз газет қиындысынан ертеде өткен адамдардың ерліктеріне біраз тәнті болғандай күй кештік. Нұра өзені бойында орналасқан «Октябрь» ауыл шаруашылығы артелінің белді мүшесі, 63 жастағы Піспекбай Елемесов Ұлы Жеңіс күнін жақындату жолында аянбай тер төккен кісі екен. 1944 жыл неміс фашистерінің бас сауғалап қашып, Қызыл Армияның рухы артқан тұс қой. Жаумен шешуші шайқасқа шыққан әскерді киім-кешек, оқ-дәрі, азық-түлікпен қамтамасыз етуде қазақ елінің атқарған тарихи ісі ешқашан ұмытылмауы тиіс.
Колхозшылардың кезекті бір алқалы жиынында астықты шашпай-төкпей, уақытында жинап алуды алға тартқан осы Піспекбай Елемесов еді. Қарттың жасаған ұсынысы, белін бекем буып кіріскен жұмысы бүкіл ел диқандары үшін тың бастамаға айналады. Сондықтан болар, көпшілік қолдаған істі Қазақстанның баспасөз құралдары, соның ішінде Ақмола облыстық «Сталин туы» газеті «Елемесов бастамасы!» деген айдармен үнемі жариялап отырған. Бұл сөзімізді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының құжаттары да растап отыр.
1944 жылы «Октябрь» ауыл шаруашылығы артелінің мүшесі Піспекбай Елемесов арнайы диқандар звеносын құрып, оның қатарына 11 жасар Әкпар Қабыкешовты, 13 жасар Төлеген Омаровты, 12 жасар Шәріп Нақышев пен Мария Маркинаны алады. Бастамашыл шағын ұжымға лобогрейкаларға жегуге 6 ат беріліпті. Жұмыс бірнеше ауысымнан тұрды. Әрбір 4 сағат сайын мал да, жан да ізін суытпай, жұмысқа кірісіп отырған. Екпінді еңбектің көрсеткіші тез арада дала еңбеккерлері үшін тамаша өнегеге айналады. Екі ауысымда Елемесовтің звеносы 15 гектардың егінін дестеге жықса, екі күннен кейін бұл нәтиже 16 гектарға артқан.
Бұдан былай күнделікті қалыпты жағдайға айналған бұл өндірістік көрсеткіш оларды рекордтық нәтижеге алып келеді. Қарабайыр орақ машинасы мен шамалы мал мен жанның қосарланған күші 24 жұмыс күні ішінде 400 гектардың егінін орып алуға толық мүмкіндік берген. Қарт диқан Піспекбай Елемесовтің еліміздің ортақ ісіне қосқан бұл үлесін Ақмола басшылары ерлікпен пара-пар деп бағалады. Осыдан соң бұл бастамаға облыс пен республиканың әр жерінен еңбек адамдары да батыл үн қоса бастайды.
Қазақстан колхозшылары мен шаруаларының тарихында «Елемесов бастамасы» өшпестей орын алды. Себебі, бір ғана Ақмола ауданында 1944 жылы жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізген осындай 120 звено құрылған.
Осы ауданның «Төңкеріс» колхозында Ш.Жамантұқовтың жетекшілігімен құрылған шағын диқандар ұжымы күн сайын 14 гектардың егінін орып отырған. Ал, көршілес жатқан «Буденный» ауыл шаруашылығы артелінің Ж.Байбақов басқаратын диқандары бұл көрсеткішті одан сайын  ұлғайтыпты.
Ақмола облысының Есіл ауданына қарайтын «Октябрь» колхозының бір қарт диқаны да Елемесовтің еңбектегі өнегесін қолдамақ болып, өзінің 70-ке таяп қалған жасына қарамастан, ауылдың шау тарқан кісілерінен тәжірибелі диқандар тобын құрып, сұрапыл соғыс жылдары еңбек көрігін қыздырған екен. Ол кісінің аты-жөні  Никита Федосюк.
1944 жылы Ақмола облысында жасөспірім балалар мен қарт колхозшылардан құрылып, жоғары жұмыс өнімділігіне қол жеткізген мұндай звенолар саны 200-ге таяған. Лобогрейкаларды ұршықша үйірген бұл кісілердің еңбектегі зор нәтижесі сол бір ауыр кезеңде өнегелі іске айналды. Күзгі орақ науқанынан кейін қарт ардагер Піспекбай мал шаруашылығына араласып отырған. Ол қой фермасына, кейіндері жылқы шаруашылығының дамуына қатты ден қояды. Мұнда да қол жеткізген нәтижесі ауыз толтырып айтатындай өте жоғары болған көрінеді. 1945 жылы күзде оның қарамағындағы звено тағы да 20 жұмыс күнінің ішінде 340 гектар алқаптың астығын қамбаға құйып алады.
Ауылдың қарапайым тұрғынының адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Кеңес үкіметі оны Ленин және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапаттады. Мұндай құрмет колхозшыға 1947 жылы да көрсетіліп,  Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланады. Қажырлы еңбек адамы Піспекбай Елемесов 1951 жылы тағы да жерлестерінің осындай жоғары сеніміне ие болады. Ел игілігін арттыру жолында аянбай тер төккен жанның ерен еңбегі шын мәнінде мұндай құрметке лайық қой.
Осы орайда, бұл мақаланың жазылуына Нұра бойының төлтума азаматы, еңбек ардагері Дастан Қабдікешовтің себеп болғанын айта кеткен орынды шығар. Бұдан бірер ай бұрын осы ел ағасы телефон шалып, есімі ұмытылуға айналған аяулы жан туралы біраз сыр шертіп еді. Жақында ол кісі бізге қазіргі Целиноград ауданының Қабанбай батыр округіне қарасты Қызылжар ауылы тұрғындарының арнайы үндеу-хатының бір көшірмесін көрсетті. Онда 20 шақты адамның қолы қойылған. Аудандық ономастикалық комиссиясына жолдаған хаттарында олар бір кездері еңбегі дүйім елге мәшһүр болған Піспекбай Елемесовтің атын Қызылжар ауылының мектебіне немесе бір көшесіне беруді өтініпті. Біз бұл іс алдағы күннің еншісінде деп білеміз. Әйтсе де, осындай патриот, рухы биік адамдарды мәңгі есте қалдырудың  ешқандай артықшылығы жоқ екені тағы ақиқат.
Ұлы Отан соғысы кезінде осы Есіл-Нұра бойының тағы бір айтулы азаматы, «Оразақ» колхозының басшысы болған Әкімжан Назаровтың өз ағайындары мен ауылдастарының жинастырған қаражатына танк жасатып, сол үшін Сталиннен Алғыс хат алғанын да біреу білер, біреу білмес деп ойлаймын. Ол жылдары батырлар майданда да, дала еңбеккерлерінің арасында да көп болған. Бұған бүгінгі айтқан әңгімеміз нақты дәлел. Жақсылықты ұмытпау – ұрпақ  парызы болса, айтып отыру – біздің, үлкендердің міндеті болса керек.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,  Қазақстанның құрметті журналисі.

Астана.

Суретте: тылдағы еңбектің озаты Піспекбай Елемесов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар