Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Журналиспін - АРҚА АЖАРЫ

Журналиспін

Алдымыздағы 18 шілде «Арқа ажарындағы» қадірлі ағаларымыздың бірі Ілияс Қарагөзиннің  туған күні. Қазақ баспасөзінде қырық жылдан астам еселі тер төккен майталман журналист жетпістің жетеуіне табан тірегелі отыр.

Небір қаламы қарымды ағаларымыздың өткен өміріне үңілсек, көбі еңбек жолын ауылдағы қарапайым мамандықтардан бастаған. Ерейментау өңіріндегі Шәкей ауылының тумасы Ілияс ағамыз да солай. Алдымен, техника тілін меңгеріп, жер жыртып, егін сепкен. Бірақ, бойындағы жазу-сызуға құштарлығы күндердің күнінде сонау Алматыдан бір-ақ шығарып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Бұл – 1963 жылдың жазы болатын.
Арада бес жыл да сынаптай сырғып өте шығып, туған топырағы – Ерейментау аудандық газетінде жаңа еңбек жолы басталды. Бұл жол Ілияс аға үшін құтты жол болды. Оған қашан зейнет демалысына шыққанынша көп жыл «Коммунизм нұры», кейін «Арқа ажары» газетінде бірқатар жетекші бөлімдердің меңгерушісі, ал, одан әрі 11 жыл бойы редакциядағы газет шығару ісінің қайнап жатқан қауырт жұмысының басы мен көзі – жауапты хатшы болып жемісті қызмет атқаруы дәлел. Кезінде бұл ақ адал еңбегі, қаламының ұшқырлығы мен газеттің  бет-бейнесін қалыптастырудағы өзіндік ізденістері бірнеше медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен атап өтілсе, «Арқа ажары» газетінің 95 жылдығына орай, «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері»  төсбелгісіне ие болды.
Біз бүгін аға әріптесімізді туған күнімен құттықтай, әрі деніне денсаулық, өмірдің бар қызық-қуанышын тілей отырып, журналистік мамандықтың бір кездегі айбын-беделі, қадір-қасиетін өзі көркем сөзбен қапысыз өрнектей білген төмендегі өлеңін газет мерейтойына байланысты  оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.       

Журналиспін халқыма асқан бағам,
Жамандықты жасқаймын, дабыл қағам.
Қарасымнан жауыздық қалтырайды,
Сондағы бар қаруым қылдай қалам.

Аулақ салған жерім жоқ елден ірге,
Қайда жүрсем жұртыммен жаным бірге.
Арындаған аспанға шу асауды,
Ауыздықтап тастаймын келсе тілге.
Сан айқасқа шыққанмен сауыт кимей,
Қиянатқа келемін басымды имей.
Оқ қағарым – қолдаушым болмаса да,
Сұр жебе дәл кезенген кеткен тимей.

Жаным талай ілінген қарауылға,
Көзсіз қарсы тұрғанда көк дауылға.
Әділдіктің ақ жолы алып шыққан,
Қорқаулардың тастамай талауына.

Алдарқатып із тастар бұлақ қоғам,
Жақсылықтан көз жазбай, қонсы қонғам.
Жапа шеккен жандардың жанындамын,
Ыстығына күйемін, бірге тоңам.
Адам жоғы ылғи да жоқтағаным,
Ақ, қарасын айырмай тоқтамадым.
Шарқ ұрғанда жағалай шындық іздеп,
Баспаған жер, қалмады соқпағаным.

Бай бол мейлі, патша бол, мейлі бегің.
Керек емес мен үшін арғы тегің.
Құлқын қуып, халықты қан жылатсаң,
Сүйегіммен кетеді сенде кегім.

Сөзім – қатер, ұқсайды алдаспанға,
Адал болсаң, ісім жоқ, құр жасқанба.
Қашқақтама, астамшы, кеш түсіндің,
Қыл бұрау тасталарын көп асқанға.

Күн құрғатпай сапарға шығып қайтам,
Сыр бөлісіп көп жұртпен, ойымды айтам.
Толтырып ап, қойыны-қонышымды,
Фактілердің көкесін алып қайтам.

Тіл бітіп мақалаға бәрі айналған,
Малшы мұңы ішінде қыс қиналған.
Өкініші өртеген аңқау елдің,
Қожасына арамза босқа иланған.

Бәрін, бәрін тәптіштеп жазып берем,
Жол-сапардан фельетон алып келем.
Жоғарылар ел халін көрсінші деп,
Қара сөзбен айнытпай салып берем.

Журналиспін халқыма асқан бағам.
Жамандықты жасқаймын, дабыл қағам.
Қарасымнан жауыздық қалтырайды,
Сондағы бар қаруым қылдай қалам!

            

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар