Қазақ тілін үйрену үшін намыс керек

Таңертең аялдамада автобус күтіп отырғанмын. Жанымдағы орта жастағы әйел немересімен орысша сөйлесіп отырған егде жастағы қазақ әйеліне тиісті.

– Немереңізбен неге орысша сөйлесесіз, өзіңіз қазақсыз, қазақ тілінде сөйлемейсіз бе? – деді.
– Орысша оқығанмын, қазақша жақсы білмеймін, – деп ақталып жатыр әлгі әйел.
– Біз жастарға үлгі көрсетуіміз керек.
Президент «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген жоқ па. Егер үлкендер балалармен шүлдірлеп орысша сөйлессе, олар ертең қазақ тілін қалай үйренбек?
– Қазақша жақсы білмегесін сөйлей алмаймын. Кезінде орысша оқып,  жұмыста орысша сөйледік, – дейді немересімен орысша сөйлескен әйел.
– Мен де орысша оқығанмын. Кішкентай немеремді қазақ балабақшасына бердік. Ол қазақша сөйлейді, ал, мен орысша жауап беремін. Содан бір күні намысым келіп, қазақша үйренейін деген ойға қалдым. Сөйтіп, жасым келсе де қазақ тілін үйренуге кірістім. Қазір құдайға шүкір, қазақша біршама жақсы сөйлеймін. Қазақ тілін үйрену үшін ең алдымен намыс керек. Тіл үйренудің еш қиындығы жоқ. Егер қазақтар қазақша сөйлемесе, сонда қазақ тілі кімге керек?..
Қызбалана сөйлеген әлгі әйелге немересімен орысша сөйлескен кісі еш уәж айта алмай үнсіз қалды.
Күнделікті өмірде көріп жүреміз. Автобуста билет сатушы аялдамаларды  бір ғана тілде – орыс тілінде хабарлайды. Дүкенге барып бірдеңе алсаң, қазақ сатушысы орысша сөйлеп жауап береді. Қазақтардың басым көбі орыс тілінде сөйлейтіні жасырын емес. Осындайда әлгі немересімен орысша сөйлескен егде әйелді тыйып тастаған адуынды келіншек сияқты ұлттық намысы бар адамдар керек-ау деген ойға қаласың. Осындай жандар көбірек болса, қазақ тілінде сөйлейтіндер қатары да көбейер еді.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар