Зейнетақы мен жәрдемақы – әртүрлі заңнамалық актілермен реттелетін және мүлдем өзгеше төленетін әлеуметтік төлемдер, тиісінше олардың өсу тетіктері де әртүрлі.
2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінің алға кетуімен 2 пайызға өседі.
Базалық зейнетақы, сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты, сондықтан да, осы мөлшердің өзгеруіне байланысты олар қайта қарастырылып жатыр. Елбасының жеке тапсырмаларын іске асыруда зейнетақы мен жәрдемақының кепілді жыл сайынғы өсуінен басқа да біржолғы арттырулар жүргізілуде.
Елбасының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы төлемдері 2016 жылдың деңгейіне сәйкес 20 пайызға өсетіні жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында ынтымақты зейнетақы мөлшері – 11 пайыз, ал, базалық зейнетақы – 13 пайызға өсті.
Жүргізілген жыл сайынғы зейнетақы өсімін есепке ала отырып (9 және 7 пайызға), өсу мөлшері тиісінше 11 және 13 пайызды құрады, бұл 2016 жылдың мөлшеріне қарағанда 20 пайызды құрайтын болады. Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшерлерінің нақты өсетіні күтілуде, ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты.
Мүгедектер алатын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға келер болсақ, олар өткен жылы екі рет көтерілген болатын. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты жыл сайынғы 7 пайызға өсуден басқа Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қосымша тағы 25 пайызға өсті.
Бұл өлшемдер жәрдемақы мөлшерлерінің 2013 жылмен салыстырғанда 50 пайызға өскендігін көрсетті. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетілген жәрдемақылардың мөлшерлері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты тағы да 7 пайызға өсті.
Мүгедектерге берілетін келесі маңызды жәрдемақылар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өседі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымын қайта қарау қорытындысы бойынша оның деңгейі 2017 жылмен салыстырғанда 16 пайызға дейін өседі, тиісінше бұл мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін арттырады.
Мысалға алсақ, жалпы аурудан 1-3 топ мүгедектігі бойынша берілетін төлемдердің мөлшерлері 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2015 жылмен салыстырғанда 60 пайыздан артық өседі. Жалпы аурудан 1-ші топ мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақының мөлшері 33 291 теңгеден 54 306 теңгеге дейін, 2- топта 26 669 теңгеден 43 275 теңгеге дейін және 3-ші топ 17 933 теңгеден 29 416 теңгеге дейін көбейтіледі.
Осылайша еңбекке қабілетсіз тұрғындарды әлеуметтік қолдау шаралары дәйекті түрде жүргізіліп келеді.
Ақмарал ҒАБДУЛЛИНА,
еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті
Ақмола облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы.