Биылғы жылдың мамырынан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының қолдауымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті осы аттас акция өткізуде.
Акцияның мақсаты – тауарлар, жұмыс пен қызмет тұтынушылары ретінде өз мүдделерін қорғау мәселелері бойынша азаматтардың құқықтық мәдениетін тәрбиелеу. Акцияға фискальдік түбіртек ұсыну арқылы тауар, жұмыс немесе қызмет сатып алғанын айғақтайтын ел азаматтары қатыса алады. Фискальдік түбіртек берілмеген жағдайда азаматтар бұл тәртіп бұзушылыққа шағымдана алады. Акция «Wipon» көлеңкелі экономикамен күрес жөніндегі мобильдік қосымша арқылы электрондық форматта жүргізіледі. «Wipon» қосымшасы отандық мамандар жасаған қазақстандық өнім болып табылады. Бұл қосымшаны тегін көшіріп, смартфондар мен өзге гаджеттердің барлық түрінде пайдалануға болады.
Акция биылғы жылдың 1 мамырынан 15 желтоқсанға дейін өткізіледі. Бұл мезгілде барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларында әр ай сайын жүлделер ұтысы жүргізіліп, табыс етіледі. Ұтыс жеңімпаздары түбіртекті кездейсоқ таңдау әдісімен анықталатын болады. Қаншалықты көп түбіртек жіберілсе, қатысушының жүлдені ұтып алу мүмкіндігі де соншалықты өсе түседі. Маусым айында Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде өткізілген жүлделер ұтысында Әлия Жұмабаева мен Айымгүл Ідірісова жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Соңғы ұтыс ойыны биылғы жылдың соңында мемлекеттік кірістер комитетінде өткізіледі. Мұнда бағалы жүлделер, оның ішінде бас жүлде – автокөлік ұтысқа түседі. Жеңімпаздарды анықтау үрдісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін әр өңірде және мемлекеттік кірістер комитетінің жанынан комиссия құрылды. Комиссия құрамына бизнес қауымдастығының, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірді.
Нұрлан ЫСҚАҚОВ,
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы.