Ақыннан қалған ақық сөз

Тезекбай – қазақ халқына танымал ақын. Кезінде ел аралап жүріп, Семей еліне барғанда, ұлы Абаймен жүздесіп, сол елдің ақындарымен де айтысқан деседі.

Заманында Тезекбай ақынды сөзден жеңген адам болмаған. Атақты Кемпірбай, Жәмішбай, аға сұлтан Құнанбайдың ақыны Балтамен, тағы басқа  белгілі ақындармен сөз семсерін қағыстырғанда дес бермеген.
Ғасырлар бойы Тезекбай ақын айтыпты деген ел аузындағы тағылымы мол сөздер ұрпақтан-ұрпаққа ұлағат болып қалған. Негізі Тезекбай ақын бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Амандық ауылында туған. Бірақ, тегі Аймақ ауылымен іргелес Айдос елінен деседі. Жерленген жері сол арадағы Жаңадәуір ауылының маңында. Қазақ халқының от ауызды, орақ тілді ақындарының бірі – суырыпсалма, тарланбоз Тезекбай Шоқтыбайұлы туралы ел аузында қалған бірнеше естелікті оқырмандарға ұсынуды жөн санадық.
Бірде Қызылжар қаласында Әлібай қажы үйінде үлкен ас беріліп, сол жерде Орынбай мен Тезекбай ақындар кездесіп, сөз қағыстырыпты. Сөзді Тезекбай ақын бастап:
Шоқтыбай әкем менің, атым Тезек,
Қылыштай қызыл тілді жүрмін безеп.
Иншалла жұмбағыңды мен шешемін,
Айтып көр хикаяңды кезек-кезек, –
дейді. Сол сәтте Орынбай:
Орекең бұл сөзіңді бұрын білген.
Әкесі той, шешесі жиын көрген.
Тіл бәйгесін алып жүрген жігіт болсаң,
Бар ма екен бір Құдайдың үйін көрген? –
деп жауап береді. Тезекбай да іркілмей:
Мұса айтқан: «Иә, Алла қайда сенің
                                                үйің деген»,
Пендеге мұны білу қиын деген.
Кімнің жүрегі адал, таза болса,
Алла айтқан менің осы үйім деген, –
деп Орынбайдың жасырған жұмбағының шешімін табан аузында суырып салып айтып, тапқырлық танытып кетеді. Осылай Тезекбай Орынбайдың батасын алыпты.
Бурабайда туып, өмір кешкен Жанбатыр қажы Тезекбаймен жиі кездесіп жүріпті. Сондай бір жолыққан сапарында Жанбатыр қажы:
Ассалаумағалейкум, Тезек аға,
Сәлемдестік қызыл тілді безеп аға.
Үш жүздің топтан озған жүйрігісің,
Тезеке, бердім сізге кезек аға, –
деп сәлемдеседі. Сонда Тезекбай ақынның жауа-
бы былай болады:
Уағалейкумәссалам, ей қажеке,
Байтолла құтты болсын, бардың Мекке.
Сират көпірінен өткендей қиын сапар,
Аман барып, сау қайтып, келдің жеке.

Білген ем анадайдан айтарыңды,
Білмеуші ме ең қағарымды сайтаныңды.
Құп болады үйге кір, уа, қажеке,
Сояйын мына шолақ байталымды.
Осылай кездескенде, өзара әзілдесіп күліп-ойнап қалады екен жарықтық жақсылар. Ел аралап келмек болып ат сұрап, Тезекбай ақын  бірде Айдос байға барыпты. Бай ақынды қой сойып, қонақасын беріп құрметтегенімен, атты не беремін, не бермеймін деп тіс жармаса керек. Біршама уақыт қонақ болып, кетуге жинала бастағанда:
– Байеке, бұйымтайым не болды? – деп сұрапты ақын. Бай жылқышысын шақырып алып, бір жуас, күйлі ерттеулі қара бие әкеліп бергізіпті. Байдың көп ойланып-толғанып, мініске оны әзер қиғаны көңіліне келген Тезекбай ерттеулі биеге мініп, баймен қоштасарда былай дейді:
Он жаста домбыраға болдым ие,
Айтысып алған едім алпыс түйе.
Бәрінен соның қымбат болды-ау, шіркін,
Сіз бұлдап берген мына қара бие.
Мұны естіген Айдос ақын кешірім сұрап, ат-шапан айыбын төлесе керек. Адамды үстіндегі бөзіне қарап емес, аузындағы сөзіне қарап бағалайтын заман-ай десеңізші. Үйрен, талпын, жас ұрпақ!
        Ел аузынан жазып алған    Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар