Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алаштың ақ бесігі - АРҚА АЖАРЫ

Алаштың ақ бесігі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мәні терең, мазмұны маңызды мақаласын жариялады. Халқымыздың келешегін көксеген, болашағын болжаған терең ойлар айтылды. Алдымызда қояр нысана, мақсат бар.

  Ендігісі осы жалпы жұрт үшін айрықша құнды, көркем ойларды қолдау және өрбіту. Өйткені, ол жалқының емес жалпының мүддесін көздейді. Мақалада ұлттың коды туралы тамаша айтылған. Иә, шынында да ұлтымыз ұлт болып қалу үшін ілкі заманнан бері келе жатқан ғажайып салт-дәстүрімізді қайтадан жаңғыртып, өмірлік қажетімізге айналдыруымыз керек-ақ. Рас, бір кезде біз ата-бабамыз ықылым заманнан кәдесіне айналдырған дүниелерге «ескінің сарқыншағы», «феодализмді көксеу» деп қарадық. Өмірдің өз елеуішінен өтіп, іске татымды, жақсысын ғана пайдаланған ұлтымыздың ұлағатын ескеруге келгенде кежегеміздің кері тарта бергені де шындық. Сөйтіп, ұлт өзінің алтын тамырынан ажырап қалды. Енді міне, сол өткендегі олқылықтың орнын толтыруға мысықтабандап қадам басып жатырмыз. Бәрін бірден оралту әрине, оңай шаруа емес. Әйтсе де көп болып кеңесіп, кемшілігімізді түзеуге әбден болады. Осы орайда, қолға қалам алуға тура келген. Жас жетпістен асса да. Болашақтың қамы үшін. Кейінгі ұрпақтың кемел келешегі, баянды болашағы бізге де бөтен болмағандықтан.
Жылжыған жылдардың желкенін керіп, көкіректе жатталып қалған көне суреттерді тірілтетін болсақ, өне бойынан сәбидің тәп-тәтті иісі есетін тал бесік біздің шаңырақта да болған. Тіпті, қай жылы жасалғаны да ешкімнің есінде қалмапты. Тоқмырза әулетінен өрбіген бар балаға адал қызмет еткен қасиетті бұйым. Осы бесікте ағаларым да, інілерім де, апаларым да, қарындастарым да жатқан. Тіпті, жиендер де.
Өмірге келген сәбидің алғашқы отауы – бесік десек артық айтқандық емес. Бесіктің пайдасы бүгінге дейін талай кітаптарға арқау болған. Әйгілі жазушы, білгір этнограф Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бесік тәрбиесін бүкіл елдік деңгейге бір-ақ көтергені мәлім. Ел болу деген ұғымның аясы мен ауқымы өте кең. Біздіңше, бұған дініміз де, тіліміз де, бірлік-ынтымақ бауырмашылдығымыз да түгел сыйып кетеді. Міне, осының бәрі бесіктен басталатынын заңғар жазушы айқын меңзеп отыр.
Бірақ, соңғы кездерде жиналған жерлерде әрненің басын шалып әңгіме айтатын жұрт баланы бесікке салу мұсылмандыққа жата ма, құран мен хадисте бұл жайлы деректер кездесе ме деген сауалдарды қойып жатқандығын ара-тұра естіп қаламыз. Сондай-ақ, бесікті ескіліктің қалдығы деп санайтын жаңа заманның жас ата-аналары да жоқ емес. Сондықтан, бүгін ежелден халқымызбен бірге жасасып келе жатқан осынау ұлттық бұйымның мән-маңызы мен оның мұсылмандыққа қатысы жайлы біршама ой өрбітпекпіз.
Аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен ата-бабамыз шын мәнінде бесікті қасиетті санаған. Бесік – қасиетті құранда да аты аталған бұйым. Алла Тағала әкесіз туылған Иса Пайғамбар туралы мынадай аят түсірген екен. «Ол бесігінде де, ер жеткенде де адамдарға сөйлейді. Әрі ізгілерден болады. («Әли-Имран» сүресі, 46-аят). Осы аяттағы «мәһд» деген сөзді көп тәпсіршілер «бесік» деп түсіндірген. Араб тілінен аударғанда, бұл сөздің түбірі «төсеу», «түзету» деген мағыналарды білдіреді.
Сонда бесікке қатысты аят-хадистер талданып келіп, мынадай маңызды тұжырымдар жасалады. Емізулі баланың өз анасынан бөлек жатуы үшін арнайы жасалған орны болады, бесік – ананың омырауындағы баласымен бірге ұйықтауына мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, емізіп жатып көзі ілініп кетсе, байқаусызда сәбиін басып қалмауына, ұйқылы-ояу күйде нәрестеге қолы тиіп кетуіне немесе басқа да зиян келмеуіне жағдай жасайды. Бесік баяу тербетілгенде, баланың бүкіл ағзасы дем алады, рахаттанады. Бесік анаға баланы ұйықтатуы үшін көмек болады.
Осының бәрін жақсы білген, дұрыс зерделеген ата-бабаларымыз сәбиді бесікке салуды ерекше дәстүрімізге айналдырған. Сонау ерте замандардан бері ауыздан ауызға тарап келе жатқан «Қобыланды батыр» жырында: «Алтыннан бесік ойдырып, Ақ торғынға бөлеген» деген жолдар бар. Бұл сөздер біздің жұрттың сол кездегі биік эстетикалық талғамынан хабар берсе керек.
Құдайға шүкір, бүгінге дейін туған қыздың артынан бесік апару салты, бесік тойы үзілген жоқ. Бұдан кейін де жалғасын таба береді деген үміттеміз. Ал енді бесіктің пайдасы туралы айта кетелік. Біріншіден, бесік – тазалық, гигиенаның таптырмас құралы. Оның шүмегі, түбегі, жөргегі мен жаялығы – бәрі де баланың асты құрғақ һәм таза болуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі «памперс», «хаггиес» деген секілді химиялық заттармен салыстырғанда, бесіктің бұл бөлшектері әлдеқайда пайдалы, әрі таза. Қасиетті Құранның «Өздеріңді өздерің қауіп-қатерге итермелемеңдер!», «Алла Тағала тазаланғандар мен тәубе еткендерді жақсы көреді» деген аяттары мен «Тазалық – иманнан» деген хадис тұрғысынан келгенде, бесіктің тазалыққа тигізер пайдасы орасан.
Екіншіден, бесік жаңа туылып, өсіп, қалыптасып келе жатқан баланың физиологиясына өте пайдалы. Бесіктің төсек салынатын, түбек орналасатын тақтайлары баланың омыртқасы түзу болуына әсер етпей қоймайды. Ал, омыртқаның бүкіл денеге қаншалықты әсер ететіні бүгінгі ғылымға белгілі. Бүгінде омыртқаның қисайғанынан неше түрлі дерттерге шалдығып жүргендерді де көріп жүрміз. Міне, сондай мың бір бәлеге душар болмау үшін ата-әжелеріміз жастайынан баланың белі мен омыртқасын түзу қалыптастыруға тырысқан.
Үшіншіден, бесіктің тербетілуі, бесік жырының айтылуы баланың психологиясы ерекше әсер етеді. Сұлтанмахмұттың: «Бесігімде жатқанда-ақ берген білім» деп ана тіліміз туралы айтатыны бар. Бесік жырында айтылатын сөздердің бәрі тұнып тұрған дұға тілек. Ешбір бесік жырында ұры бол, залым бол, жаман бол деген сөз кездеспейді. Керісінше, адам бол, жақсы бол, денің сау болсын деген сөздер айтылады.
Сан ғасыр бойы кейінгі ұрпағына сөз өнері арқылы өнеге қалдырған атамыз қазақтың сөздік қорында «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал», «Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді», «Есік арқалағаннан, бесік арқалаған артық» деген тәрізді ұлағатты сөздер бар. Осы жалғыз ауыз сөздің астарында кәтепті қара нарға жүк болатын мазмұн мен мағына жатқан жоқ па? Тек соның парқына бойлай білсек, кәнекей.
Бесік жайлы соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып та жатыр. Ел ішінде есті әңгіме айтылып та жатыр. Ендігісі үлкендердің жастарға бесіктің пайдасын айтып, көрсетіп, түсіндіріп, ұғындырып, насихаттауында. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтпақшы, ел боламыз дедік қой, ендеше бесігімізді түзейік те.
Шабдан ТОҚМУРЗИН,
еңбек ардагері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар