Тоқсан жасаған Қарағаш

Ауыл қазаққа қашаннан алтын бесік. Ауылда тудық, ауылды сүйдік, қолымыздан тақа ештеңе келмесе де, ауылымызды ойлап, уайым жейміз. Біздің туған ауылдар нарықтың екпінінен біраз теперіш көріп, құлазуды бастан кешкен ауылдар. Әлі де оңала алмай келеді.

  Ал, кеше ғана тоқсан жылдығын атап өткен Қарағаш ауылы бүгін ауыл-ақ дейтін жақсы күйде. Орталарынан қолынан іс келетін ие шығып, бір кезде Көкшетау облысына қараған, қазір Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының нақ шекарасында тұрған осы бір елді мекен кешегі көп ауылға ортақ талан-тараждан аман қалған. Ол азаматтың аты-жөні Сергей Адамович Звольский. Қазақтардың арасында өскен. Осы елді өзінің туған жері, құт мекені деп біледі. Оның дамып, өркендеуіне әлі де жан-тәнімен қызмет етуге бар.
Біз ауылдың тоқсан жылдық торқалы тойына келген қонақтарды жаны қалмай қарсы алып, зыр жүгіріп жүрген жайсаң да мәдениетті азаматтың ер көңілі, іс-қарекетінен осыны ұқтық. Әр ауыл өз тауқыметімен өзі қалған кешегі тоқсаныншы жылдары осы Сергей бастаған Талғат Хамидуллин, Елубай Оқасов және Мұрат Нұрпейісов сияқты жігіттер бірігіп, туған Қарағашын тығырықтан шығарудың қамына кіріседі. Сөйтіп, олардың осы тұрғыдағы қайтпас қайсарлығы мен күш-жігері өз жемісін бермей қоймайды. Бүгінде төрт азаматтың есімдерінің алғашқы әріптерінен алынған «Астық СТЕМ» серіктестігі бүкіл облыстағы озат шаруашылықтардың бірі.
Көкшетау-Омбы тас жолынан бұрылып, ауыл жолына түскеннен-ақ серіктестіктің дәнді, майлы дақылдар себілген тап-таза егістік алқаптары көз жауын алып, көңіліңді асқақтата түседі. Осындай жылы әсер, ауылдың өркен жайған оң тірлігін бұрыннан білетін жадыраған жан сарайы-
мен біз де басталып кеткен үлкен тойдың бір тұсынан келіп қосылдық. Қазақтың көсегесіне берген бір қасиет, мұндайда сонау қиырдағы ұл-қызының да туған жеріндегі осындай қуаныш-жақсылықтың ен ортасынан табылатындығы ғой. Қарасы қалың ағайынның жүздері «бүгін туған Қарағашымның тоқсан жылдығы» деп бал-бұл жанады. Текті ел перзенттерінің бұлай толғанып, қуануының да әбден жөні бар.
Бес түп қана қарағаш,  
Болатын бала кезімде.
Ауылдың сиқы жалаңаш,
Боранның дүлей көзінде,–
деп жырламап па еді сонау бір кезде осы ауылда туған қазақ әдебиетінің ерен өкілі Жақан Сыздықов атамыз. Сол бес түп қарағаштың кейін үлкен орманға айналғанына шаттанған ақын жүрегі бүгінгі өсіп-өнген Қарағашын көрсе, одан бетер қалай толқыр еді?!. Иә, біз осы жолы тағы бір көзіміз көрген Қарағаш кәдімгі болаттың беріктігіндей нарық ауыртпалығына мықтап тұрып шыдас берген, өз даму бағыты мен жолы бар, сол арқылы қотанының да, даласының да өңін кіргізіп, шырайын келтіріп отырған берекелі де ынтымақты елді мекеннің нақ өзі. Серіктестік жайқалтып егін ғана емес, мыңғырған мал да өсіреді. Өз бау-бақшасынан жиналатын өнім, көкөністің неше түрі бүкіл ауыл тұрғындарынан артылып, көрші ауылдардың дастарханынан да табылып жатады. Осы тойда қонақ біткен дәм татқан дәмханасында бола қалсаңыз, қаладағы мейрамханалардан бір мысқал да кем емес екендігін жақсы бағамдар едіңіз.
Осының бәрі ауыл басшылары мен тұрғындарының ізденісі мен іскерлігінің, маңдай тер жемісінің арқасы. Ауылдың кәрі тарихы мен түп-тегін әрі тарқатсақ,  бұл ел қалың Даңқойдан тараған төрт ауылдың біріне жатады. Ақиқатында бүгінгі кісі қызығарлықтай дамуымен біріне емес, бірегейіне айналып отырған жайы бар. Төңіректегі басқа елді мекендердің басым денінің кешегі алға басқан қадамы аз уақытта кері кетіп, тұрмысы құлдырап тынса, дұрыс ие шыққан елдің көсегесі қалай көгеретінінің айқын бір айғағы бұл Қарағаш!
Тойға қатысушылар тебірене соны айтты, ауылдың бүгінгі келбетіне сүйсініп, өткеніне ой жүгіртті. Ал, өткені мығым. Бір бәйтеректің тарам-тарам бұтағындай бір-бірімен аралас-құралас жатқан осы Қарағаш, Ортақ, Аймақ (бұрынғы Октябрь), Тапшыл ауылдарының бақыты Көкшетауға өткен ғасырдың сонау жиырмасыншы жылдарында жер бөлісі мәселесімен келген Сәкен Сейфуллиннің өзі Аймақ ауылдық кеңесін құрып, халқын бір-бір жаңа атауымен ауыл-ауылға ұжымдастырып кеткенінде. Жоғарыда Жақан Сыздықов атамызды айтып өттік. Ол кісіге қоса, бұл Қарағаш қазақ кеңес әдебиетіне көрнекті жазушы Елжас Бекенов пен Брест қамалы қорғаушыларының бірі, әйгілі аудармашы Хажымұрат Сыздықовты да берген руханият ордасы. Одан бері де бұл ауылдан осы атақтылардың ізін ала, Төлеген Қажыбаев,
Жабал Ерғалиев, Сайлау Көшкенұлы, Болат Бекенов, Совет Балтабаев, Берік  Әбділманов сияқты кәсіби қаламгерлер мен негізгі мамандығына сөз өнерін серік еткен айтулы перзенттер шыққан. Біле білсек, бұл да көнеден арқауы үзілмей келе жатқан ел қасиеті, ел тектілігі.
Салт-дәстүрге бай, ұйымшыл ауыл осыдан он жыл бұрын қарт Қарағаштың сексен жылдығын да атап өтіп еді. Ол кезде кейінгіге тағылымы мол бұл игі істің басы-қасында ардақты Орынбасар Назаров ағамыз зыр жүгіріп жүрген. Үлкеннің тәлім-тәрбиесі, ұлағат-өнегесін көрген ендігі ел ағалары Сырымбет Досмұқанов, Сансызбай Алпысбаев та бұл тойдың етек-жеңін жинақы ұстап, мазмұнды өткізді. Келген қонақтар туған ауылына өз бел баласы Жабал Ерғалиев салып берген Жұмжұма молда атындағы жаңа мешітте, орта мектептің ауыл тарихы музейінде болып, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесінде қайта жаңартылған боздақтар ескерткішіне тәу етті, салтанатты жиналыс барысында бұрынғы шаруашылық басшылары, ел үлкендерінің тебіреністі сөздерінен ой түйіп, әсем ән, тәтті күйдің әуенімен тербелді. Жиналған қалың қауым  ауыл тұрғындарын осы айтулы оқиғамен құттықтай келген әрі «орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, бүгінгі ақ шашты аталар мен ақ жаулықты апалар еңбегінің жол-жоралғысын жасап, тойдың соңына дейін елмен бірге болған аудан әкімі Ержан Иманслям мырзаға да дән риза еді.           
Бұл ауыл мерекесіне сонымен бірге, өздерінің осы тойға, осы жерге деген риясыз ыстық ықыластарымен өзге ұлт өкілдері де көптеп қатысты. Олар негізінен, жергілікті тұрғындармен осы Қарағаштың тоқсан жылдық ыстық-суығын бірге көріп, біте қайнасып келе жатқан поляк ұлтынан. Ауылдың өзінде және бір кезде осындағы «Абай» кеңшарының бөлімшесі болған көршілес елді мекендерде тұрады. Қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Осы ынтымақ-бірлігі жарасқан іргелі мекенді өз қонысым, өз кіші Отаным деп біледі. Боз кілем үстіндегі палуандар белдесуінде, ат бәйгесінде де, ән-би, дастархан басындағы берекелі дәмде де ойнап-күліп, шалқып-толқып бірге жүр. Той шоқтығы осымен де тағы бір мәрте биіктей түскендей.
Шүкір, жоғарыда сәнді де мәнді ауылдың игілігі мен жақсылығын қысқаша бір қайырып алғандаймыз. Ал, енді осы Қарағаштан бүгінгі- дей заманда бірі Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, бірі Мәжіліс депутаты Сергей Звольский, екі бірдей халық қалаулысының шыққанын қалай айтпасқа. Еліміздің жоғарғы заң шығарушы органында бір ауылдан бір мезгілде екі бірдей депутаттың отыруы тек осындай атпал азаматтары бар ауылдарға ғана тән қасиет болса керек.  
Елбасы да өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында Отанға сүйіспеншіліктің өзі ең алдымен туған жерге, туған ауылыңа деген сүйіспеншіліктен, оның қадір-қасиетін жете білуден басталады деп атап көрсеткені белгілі. Осы тойдың алдында бұл елдің тұрғындары тағы бір айтулы оқиғаның куәсі болып, ауылдың бір көшесіне бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Сұңғат Хамидуллиннің есімі берілгендігін де ескерсек, мұндай елден шыққан кейінгі жастардың өзінің өткенін білмеуіне, одан қара жаяу болуына ешбір хақысы да, негіз де жоқ. Соны бүгінгі тоқсанның толғауы тағы да бір мәрте жақсылап дәлелдеп берді. Лайым енді жүз жылдық қуанышта жолығуымызға жазсын.  

Тайынша ауданы,
Солтүстік Қазақстан облысы.

Суреттерде: жергілікті мектептегі ауыл тарихы музейінде;  Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Звольский тойға жиналған елдің алдында тұшымды  сөз сөйледі; аудан әкімі Ержан Иманслям  ауылдың кешегі еңбек адамдарына «Еңбек ардагері» медалін тапсырды.

Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар