Басты мәселелер ортаға салынды

Облыста Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі күндерін өткізу аясында осы министрліктің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов бірқатар кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы еңбек ұжымдарымен кездесті.

Алдымен, аталмыш комитет төрағасының орынбасары «ЕНКИ» серіктестігінің кірпіш цехын аралап көріп, жұмыс ырғағына зер салды. Серіктестік директоры Мырзабай Әбдіхалықов өз сөзінде 2010 жылдан бері жұмыс істейтін кәсіпорында 240 адам еңбек ететінін, еңбекақы уақытында төленіп тұратынын, әлеуметтік жарналар тұрақты аударылатынын айтып берді. Бұдан кейін Төлеген Оспанқұлов еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың тұрғындармен есеп беру кездесуі барысында еңбек, әлеуметтік және көші-қон салаларына қатысты көптеген сауалдар туындағанын айтып өтті.
– Шалғайдағы елді мекендерде тұратын жұмыс берушілер мен жұмысшылар жаңадан енгізілген толықтырулар мен өзгерістер қамтылған заңнаманы біле бермейді. Осыған орай, бұған дейін Целиноград, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласының бірқатар еңбек ұжымдарында болып, жұртшылықпен кездестік. Аудан орталықтарында кеңес өткізіп, еңбек заңнамасы мен міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру заңын жүзеге асыру мәселесі жөнінде түсінік бердік. Бүгінгі таңда жұрттың бәрі бірдей толыққанды медициналық көмек ала алмайтыны белгілі. Осы жағдайды ретке келтіру үшін аталмыш заң қабылданды. Сондықтан, әр адам осы енгізілген жүйенің қатысушысы болуы қажет. Жұмыс беруші әр еңбеккердің әлеуметтік жарнасын ай сайын аударып тұруы тиіс. Жарнасы төленбеген еңбеккерге толыққанды медициналық көмек көрсетілмейді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдардың жарнасын мемлекет өз мойнына алды,– деді комитет төрағасының орынбасары.
Бүгінгі таңда өңірде еңбек ететін 280 мың адамның зейнетақы қоры тізіміне тіркелмегені белгілі болып отыр. Бұл келеңсіз жай еңбеккерлердің жұмыс берушімен еңбек келісім-шартына отырмағанынан туындап отыр. Жаңа жылдан бас-тап зейнетақы төлеу жүйесі жаңғыртылады. Енді әр адам өзінің зейнетақысын өзі қамтамасыз етуі тиіс. Зейнетақы қорына жарна төлемеген адамға зейнетақы төленбейді. 1998 жылға дейін жарты жыл еңбек өтілі жоқ еңбеккер мемлекеттік зейнетақы алмайды. Зейнетақының өзге түрі төленеді. Қазір кейбір жұмыс берушілер келісім-шартқа отырмай-ақ еңбекақы төлеуді әдетке айналдырған. Әрине, мұндай еңбекақыдан ешқандай салық пен жарна ұсталмайды. Жарна төлемеген еңбеккерді әлеуметтік жағынан қорғау қиынға түседі. Мұндай жағдай ауылдық жерлерде, құрылыс саласында жиі кездеседі. Қазақстанның әрбір азаматы өз құқын білуі тиіс.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының сусындар өндіретін цехын аралап көріп, жұмыс барысымен танысты. 2015 жылы орнатылған үшінші желі кәсіпорын шығаратын өнім көлемін екі есе көбейткен. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Кәсіпорында төрт жүз адам жұмыс істейді. Өндірілген өнімді өткізумен Алматы қаласындағы фирма айналысады. Акционерлік қоғамның директоры Станислав Максимец кәсіпорынның тарихына тоқталып, жаңа технологиялар, сусындар мен табиғи су тақырыбында тарқатып айтып берді. Табиғи су емдік мақсатқа да пайдаланылады. Еңбек ұжымымен кездесу барысында әлеуметтік көмек, зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер,
жұмыс берушінің өз қарамағындағы еңбеккерлерін міндетті медициналық әлеуметтік сақтандырумен қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Барлық мәселе жөнінде комитет төрағасының орынбасары заң тұрғысында жауап берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар