Министрлік күндері өзінің тиімділігін көрсетті

Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен вице-министр Светлана  Жақыпова министрліктің Ақмола облысындағы  күндерін қорытындылау мақсатында жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап көрді және еңбек ұжымдарын  елімізде сонғы жылдары қолға алынып жатқан әлеуметтік бағдарламалардын жай-жапсарымен таныстырды. Министрдің өңірімізге  сапары кезінде облыс әкімі Мәлік Мырзалин бірге болды. 

  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің облыстағы күндері аясында министрлік өкілдері Атбасар, Ақкөл, Целиноград, Есіл және тағы басқа аудандарда болып, ондағы әлеуметтік сала нысандарын аралап, халықтың жағдайымен, тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысқан болатын. Министр жұмыс сапарын ең алдымен Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрынан бастап, мәдени мекемеде кембағал мүгедек жандардың жүріп-тұруы үшін жасалған жағдаймен танысты. Мекемеге орнатылған құралдар, атап айтқанда пандустар мен тірек роликтерінің жолақтары арбаға танылған жандарға жылдың қай мезгілінде болсын ыңғайлы екендігін «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Василий Шиманский өзі көрсетті. Театрда қойылым залына өту үшін мүгедектерге арнайы сатып алынған арба бар және құлағы нашар еститін адамдарға арналған құрылғылар орнатылған. Бұл жұмыстар өткен 2016 жылы «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында орындалғаны жөнінде театрдың директоры Мұратбек Оспанов баяндап берді. Сонымен бірге, министр театр басшысынан репертуар қорын, жаңа маусымда көкшетаулықтарға қандай жаңа қойылымдар ұсынылатыны жөнінде сұрап білді. Театрдың кезекті жаңа маусымы ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінде ашылады.
Көкшетау қалалық №1 емханасында әлеуметтік қорғау министрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жеңілдік қарастырылған азаматтардың қызмет алуы турасында сұрап білді. Емханада сал ауруына ұшыраған балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. Мұнда қазіргі уақытта 25 жарым жан бала келіп жүр. Ата-аналардың әлеуметтік бағдарлама шеңберінде сал ауруына ұшыраған балалардың  балабақшалары қашан ашылатындығы жөнінде сұрады. Бұл орайда, егер ата-аналар өздері бірлесіп, оңалту балабақшасын ашуға өз тараптарынан ұсыныс білдірсе, кез келген уақытта оларға мемлекет қолдау көрсететіндігін түсіндірді. Аталмыш емханада осындай сал ауруымен қатар эпилепсиямен ауыратын адамдардың тобына арналған дене шынықтыру кабинеті мен сылап-сипау, дамыту  бөлмесі жұмыс істейді. Филодельфияда және Алматы қаласында арнайы медициналық білімін жетілдіріп келген, өзінің де баласы сал ауруымен ауыратын Гауһар Камелинова министрді оңалту орталығының жұмыстарымен таныстырды. Дене шынықтыру кабинетінде арнайы тренажерлық құралдар, дене шынықтыруға арналған медициналық оңалту құрылғылары орнатылған. Емхананың медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты жұмыстарын бас дәрігер Сүлен Ілиясов айтып берді.
Қалалық жұмыспен қамту орталығында болған Тамара Дүйсенова онда келушілердің аздығын көріп, орталықтың жұмысына өзінің сыни көзқарастарын білдірді. Сондай-ақ ол мұнда орталық операторларының бірінің алдына барып, «жастар тәжірибесі» шеңберінде жұмыс тауып беруін өтінді. Қызметші аталмыш бағдарлама бойынша одан жұмыссыздар қатарына тіркелгендігін растайтын құжатын сұрап, оған қалай және қайда жұмысқа орналасуға  болатынын түсіндіріп берді.  Министр өз кезегінде қызметшілерге жұмыс іздеп келушілерге жаңа бағдарламалар мен мүмкіндіктерді барынша түсіндірулерін, шағын және орта бизнес бойынша  өз істерін бастауға мемлекет қомақты қаражат қарастырып отырғандығын ескертті.
1959 жылдан бері Көкшетау тыныс аппаратуралары зауыты ретінде танылған «Тыныс» акционерлік қоғамының өнімдерін қазіргі уақытта Ресей, Украина, Беларусь пен Өзбекстан мемлекеттерінің авиақұрылыс және авиажөндеу компаниялары тұтынуда. Кәсіпорынның басты өнімдері – авиациялық техникалардың агрегаттары мен тораптары. Акционерлік қоғамның директоры Қайрат Қалманбаев зауыт жұмысы туралы таныстырып болған соң, министр кәсіпорынның жұмысшыларымен кездесті. Кездесуде ол ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Еңбек Кодексіндегі өзгертулер туралы айтып, жаңа технологияларды меңгерген кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше көңіл бөлді және жұмыс берушінің тарапынан жұмысшыларға жасалып жатқан әлеуметтік көмектер жайында сұрап білді. Мұнда жұмысшыларға жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына орай, отбасын құрғанда, балалы болғанда берілетін материалдық көмектер мен жұмысшылардың балаларын сауықтыру орталықтарына жіберу мәселелері оң жолға қойылыпты. Жұмысшылар бұл тұрғыдан ешқандай мін айта алмайтындықтарын жеткізді. Жұмысшылардың ішінде «жастар тәжірибесі» бойынша жұмысқа орналасқысы келетін жастардың келешегі, әйелдердің зейнетке шығуы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сауалдар қойылды. Жұмысшылармен кездесуден кейін «Тыныс» акционерлік қоғамының мәжіліс залында еңбек адамдарын қорғау мәселелеріне қатысты облыстағы жағдай жайында отырыс өтті. Онда Еңбек Кодексіндегі өзгертулер түсіндіріліп, жұмысшылардың еңбекақысы мен зейнетақы аударымдарының уақытылы жүргізіліп тұруына байланысты мәселелер қаралды. Отырыс барысында облыстағы ірі компаниялар мен серіктестіктердің зейнетақы аударымдарын кешіктіріп аударуы мен еңбекақыны кеш төлеуі секілді жағдайлар орын алыпты. Ақмола облысындағы аталмыш министрлік күндері аясында 16 мекеме жұмысшыларына қарыздарын 90 пайызға жапқаны, ал 13 мекеме зейнетақы аударымдары бойынша қарыздарын жапқандығы айтылды. Сонымен бірге, ірі мекемелердің бірі 14,5 миллион теңге мөлшерінде жұмысшыларға еңбекақы қарызын өтегені белгілі болды. Осындай жағдайларға тап болып отырған мекеме басшыларына ескертулер жасалып, қарамағындағы еңбек адамдарына уақытында әлеуметтік жағдай жасап отыруларын тапсырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыс сапарының соңында «Достар» мәдениет сарайында облыстағы министрлік күндерінің қорытындысы бойынша мәжіліс өткізді. Мәжілісте вице-министр Светлана Жақыпова аталмыш күндер аясында анықталған жағдайлар, аудандардағы әлеуметтік сала қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстары, міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыру жүйесін енгізу бойынша жұмыссыздарға, белгілі бір санатқа жататын азаматтарға көрсетілетін жеңілдіктер туралы айта келіп, 160 мың халқы бар облыс орталығында 25 мыңнан астам адамның санаты анықталмағаны, тиісті сала қызметкерлерінің санаттарды анықтау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарының аздығы жайында мәселе көтерді. Облыста халықтың санатын анықтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың көрсеткіштері бойынша ең төменгі нәтижелер Степногорск және Көкшетау қалаларына тиесілі екен. Бұған орай министр:
–Аудандарда ауыл әкімдері жақсы жұмыс істейді, сондықтан, олардың көрсеткіштері қаланікіне қарағанда әжептәуір жақсы. Ал, қалада тиісті мекеме қызметкерлері оларға халықтың өздері келіп тіркелулерін күтіп отыра береді. Облыста тұрып жатқан тұрғындардың санатын анықтау брйынша жұмысты белсенді жүргізіп, жандандыру керек, –деді.
Халықтың санатын анықтау жұмыстарын ұйымдастыруға Ақтөбе облысында 341 миллион теңге қаржы қарастырылса, біздің облыста оған небары 27 миллион теңге қарастырылғанын айта келе, осы орайда қаржы қарастыру мәселесін тапсырды.  Министр сондай-ақ, алдағы уақытта зейнетақы мөлшерінің артатыны туралы айтты. Келесі жылдан бастап, 1998 жылы зейнетке шыққандар, сонымен бірге толық еңбек өтілі барлар базалық зейнетақы ретінде қазір төленіп отырған 14 мың теңгенің орнына 28 мың теңге алатын болады. Осылайша зейнетақы мөлшері адамдардың еңбек өтіліне және жалақы мөлшеріне байланысты өмір сүру минимумынан екі немесе одан көп есе артық болады деп атап көрсетілді жиын барысында.
Жалпы, облыста жаңа реформаларды түсіндіру мен Елбасы міндеттеген тапсырмаларды орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жандыру бойынша ұсыныстар айтылып, мүдделі орындарға тапсырмалар берілді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Б. ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар