Облыстың қоғамдық тәртіп сақшылары заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған А. есімді азаматты ұстады.
Атбасар қаласында тұратын А. есімді 28 жасар азамат жеңіл табыс табу мақсатында Алматы қаласынан ойын автоматын алдыртып, аудан орталығындағы азық-түлік дүкендерінің біріне орнатады.
Ағымдағы жылдың шілде айының бас кезінде облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері әлгі адамның заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғанын анықтап, қолға түсіреді.
Қазіргі уақытта күдіктіге қарсы ҚР Қылмыстық кодексінің «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталмыш баптың санкциясына сәйкес күдікті 2 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін немесе барлық мүлкі тәркіленіп, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Жалпы, облыстың полицейлері жыл басынан бері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша үш фактіні анықтаған, оның екеуі Атбасар қаласында, біреуі облыс орталығында тіркелген.