Билер билігі және Бекше би

 Билер ертеден келе жатқан қазақтың құқықтық дәстүрлерін сақтаушы және оның талапқа сай өзгеруін қадағалаушы әрі қолдаушысы деп танылған. Қай жерде, қай кезеңде болсын, оның дәстүрлі қызметі ел ішіне сіңіп, киелі боп кетті.

 

XVII ғасырдың соңы, XVIII ғасырдың басында би, батырлардың биліктері  бұрынғыдан да күшейтілді. 1680 жылы Тәуке ханның  тұсында «билер  кеңесі» бекіді. «Жеті  жарғы»  бұрынғы  «Қасым ханның  қасқа  жолы», «Есім ханның  ескі жолы» заңдарының  тікелей  жалғасы  болып  бекіп,  оның жаршысы билер мен жыраулар ел шаруасына кірісіп, қоғамның мүддесін қорғады. Ауыл, ру, жүздерде билердің ықпалы орасан өсті. Халықтың ішінен шыққан Төле би – ұлы жүзде, Қаз дауысты Қазыбек би – орта жүзде, Әйтеке би – кіші жүзде, Сасық би – қарақалпақта, Қоқым би – қырғызда қысылған халықты қорғау үшін күресті. Сол үшін де халық оларды әлі күнге дейін құрметтейді және еңбектерін  аса жоғары бағалайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  бір сөзінде: «Мүлтіксіз  әділ, от ауызды, орақ тілді  шешендер» – дегені  дәл  айтылған  тұжырым  екені  анық.
Бертін  билер  институты, яғни, латыншадан аударғанда, қоғамды басқарудың  керекті  түрі  біздің  қазақ  жұртына жаққан  тәртіп  пен тәрбиенің, құқық пен шариғаттың жиынтық көзі  сияқты  көрінді. Абылайдан кейін елге орыстар дендеп, ел мен жер  бөлініп,  жүздердің  хандары жекеленіп кетсе де, осы  билік тәртібі  қалмай,  халық соған  бағынды. Мұхамеджан Қаратаев өзінің  кітабында (Тәшкент, 1925ж.) Малайсары бидің өмірімен таныстыра отырып, осы жағдайды  баяндайды. Мысалы, ұлы жүздің 11 ру мен тұқымында Бөлтірік  пен Тайкелтір билерді  Төле бидің өзі тәрбиелегенін, ал, орта жүзден Қанай би Құттымбетұлы Қоқан хандығына елші боп барғанын  фактімен келтірген. Бұлардан басқа  билер  де аз болмаған.
Орта жүздің Абылай ханнан кейінгі  билері: Бекболат би – Қаз дауысты Қазыбек бидің немересі, Бапан мен Саққұлақ билер – Ерейментаудан Бөгенбай батырдың ұрпақтары, Тіленші би – Қарағанды өлкесінен, Досбол би – Қостанайдан, Балқожа би – Ы.Алтынсариннің әкесі, Бекше би – Көкшетаудан, Сағындық би – Қарқаралыдан, Бөкеш би – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданынан, Байдалы би – Жаңарқадан, Ақтайлақ  пен  Шоң билер – Семей мен Баянауылдан. Арқа ішінде ел есінде қалған айтқыр, шешен, әділдігімен  жұртқа жаққан билер туралы әңгіме көп.
Кіші жүз екіге бөлініп, бірінде  Еділ мен Жайықтың арасында жатқан Бөкей ордасы мен екіншісінде  Сарайшықтың маңында топтасқан Алшын тұқымы болса керек. Бұларда жергілікті  жұртшылық сайлаған 30 шақты би болған. Олардың ішінен Тілеуұлы Мөңке би, әділ билігімен көзге түскен Сырым батыр. Бәймен би, тағы басқаларын атауға болады. Қызылорданың Шиелі ауданынан Бала би де бар. Баубек пен Төлебайды да ел-жұрты әрі шешен, әрі би деп құрметтеген. Әрине, бұрынғы  заманда елді ұстаған Әнет бабаның, Қорқыт атаның, Әбілхайыр ханның, есіл ер Едігенің, Сырым мен Махамбеттің, тағы басқаларының тұқымдары шариғатқа берік, қайсар, қалың жаудан қорықпайтын  өжет адамдар болғаны анық.
Осылайша ел тағдырына  үстірт қарамаған билер  жүйесі кеңес үкіметіне  дейін  сақталған. Кешегі  өткен билердің  есімдерін кейбір қариялар тамсана айтып отырғанын  талай  естідік. Мысалы, біздің Зеренді ауданында Шойынбек, Махамбет – Келдібек билер, Қошқарбайда Сұңғат би, Кеңөткелде Бостыбай би болған деп еститінбіз.    
1781 жылдан 1822 жылға дейін хандық жүйе сақталған кезде   халықты басқарушы билер тәртібі  жалғаса түсті. Бірақ, ол әр жүздің хандарына тәуелді болып қызмет  атқарған. Уәли сұлтан (Абылайдың қарақалпақ Сайман ханымнан туған үлкен баласы) 1781 жылы 1 қарашада Ресей патшасының бұйрығымен орта жүздің ханы боп бекіген соң Бекше биді шақыртып алып, «мәмлегер елші» қып ұстағанын тарихтан білеміз. Әрине, көп билердің ішінде жасы 30 бен 40-тың арасындағы алғыр адамды қоюы жай емес. Аты шыққан Саққұлақ, басқа билердің қолдайтынын білген және әкесі Дүйсен би тамыры терең Қарауыл жұртынан болған соң бұл үлкен істі соған сеніп тапсырған. Алдында Абылай ханның тұсында Қанай би орта жүздің төбе биі  сайланған екен. Ол 1695 жылы туып, (Зеренді ауданындағы Қарауылдың Құрманқожа тұқымынан) 1780 жылы Ташкентте (онда ол бек қызметін атқарған) қайтыс болған көрінеді, сүйегі Түркістанда   жерленіпті.
Орта жүздің биі боп бекігесін Бекше ел ісіне тікелей араласып, талай мәселелерді шешкен. Ресей мен Цин империясының арасындағы қарым-қатынастар қазақ жерінен өтетіндіктен, екеуінің де ықпалын сезініп,  орта жүз жұртын  ыңғайлы жолмен  алып жүрген. Орыстар бірте-бірте озбырлығын жүргізе бастады. Олар мұны үш  түрге бөлген  екен. Біріншісі, оңтүстік-батыс жақтан Омскіге дейінгі бөлекті «Горькая  линия» деп атаған. (553 верста – 590 шақырым). Негізінде ащы, қиын жол болатын. Екіншісі, «Иртышская линия», яғни, ол Омскіден – Батыс Ертістің жағалауына дейін (1684 верс-
та – 1795 шақырым). Үшіншісі, «Колыванская линия», яғни, Өскеменнен  Алтай тауына қарай (723 верста – 771 шақырым) созылды.
Осыдан бастап салына бастаған бекіністер қазақтың кейбір  руларының дәстүрі мен тұрмыс салтын бұзды. Мұны шешу оңайға  түспеді. Халықты соғысқа ұрындырмай, жауластырмай ұстау қажет болды. Жері кең қазақ бәріне де көнді. Сол кездегі Ресейдің  экспансиялық жоспары негізінен, орта жүзді қамтыды. Ол оларға үш жүздің ішіндегі  ең үлкені, әрі жақыны  болатын. Кіші жүзде олардың биліктері бұрыннан жүргізілген болса да, іштегі дау-дамай бітпеген, ал, ұлы жүз алыс, оған жету үшін орта жүзді қолға алғысы келді. Оның үстіне Британия империясының дәуірлеуі алаңдатты. Осының  бәрінен халықтың дәстүрін, малын, жанын аман алып қалу үшін бірнеше шаралар ойластырылды. Орынборда, Омбыда комиссия отырыстары болып, ақырында  ортақ шешімдер қабылданып, екі жақ  біраз уақыт тыныштанды. Уәли ханның билігін төмендету мақсатымен Жетісу маңайындағы 50 шақты сұлтанды Арқаға көшіруге ниеттенген патша үкіметі жер беруін талап етті. Кей жерлерде алаңдаушылық пайда болып, оны да назарда ұстауға тура келді. «Ынтымақ болмай іс оңбас» – дегендей, мұның бәрі ру билері арқылы шешілді. Атамыз салған жол, салт-дәстүр сақталып, ел ішінде орыс әкелген сауда-саттық, оқу-ағарту істері іске асты.
Ішкі жағдайды алатын болсақ, қағазбен жазылмаса да, үлкендердің сөздері, елде қалған нанымды әңгімелер, ақын-жыраулардың өлеңдері  көп сырдың ашылуына себеп. Белгілі жазушы, Көкше елі мен жерін жақсы білетін гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Сарбас Ақтаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Шешеннің сөзі сары алтын» мақаласында осының бәрін тартымды баяндайды. Қарт ақын Ескендір Итжановтың «Бекшенің би атануы» атты тарихи жазбаларында да бұл жайында ойға түйетін біраз сыр бар.   
Ал, Мәшһүр Жүсіптің дәлелдемелі  тұжырымы ел ішінде  көптен бері айтылып жүр. «Есте тұтып, есте жоқ күндерді әңгімелегенде Бекшеге байқап-байқап барған жөн шығар» дейді ол кісі. Бәрінен де Үкілі Ыбырайдың  бір өлеңінде:
Бек айдарлы Бекшенің заманында,
Бақ қыдыр қонған екен ауылына.
Төрт ауыл айтып болмас құрметіңді,
Рахымы жаусын деймін Алланың да,–деп келетіні де тегін емес.
Бекшенің кейінгі ұрпақтарының бірі Айтжан қарт 88 жасында Дүйсен би ұрпақтарының ішінде Бекшенің орны бөлек екенін айтып, бірнеше өлең жазып кеткен. Белгілі ақын Төлеген Қажыбаев 1992 жылы шығарған «Қазыналы қарттарым» мақаласында ел ішінде айтылып жүрген  мына бір өлеңді  еске салады:
Ертеде өтіп кеткен ер Көкшені айт,
Сарттар тігіп киетін нәл өкшені айт.
Қартайғанша қажымай төре болған,
Қарауылдың баласы би Бекшені айт.
Бұның бәрі жай сөз емес. Бекшенің аузы дуалы адам болғанын дәлелдейді. Елімізде осындай адам болғанын еске салайық, ұмыт болған ісін тізіп айтайық деген ниетпен кітап шығардық, оның атауы «Бекше би және ұрпақтары». Қазір жер-жерде оқылып, жақсы пікір айтылып, жұрт мән бере бастады. Елікті тауы мен Азат тауының ортасын жайлаған Бекшенің алты ауылы мен ұрпақтарына енді ден қоюдамыз. Соның ішінде Алтыбай Мардақов хандық жүйе өткен соң 1824 жылдан бастап Уәлидің баласы Ғұбайдолла   сұлтанның орынбасары болып бекіген. Ол туралы жазушы В.Терещуктің «Рассказы о Кокшетау» кітабында жазылған жайларды оқи келе, кезінде Көкшетау қаласының орнын да солар нұсқағанын көреміз. Мұны жақсы білетін адамдардың бірі – қазір көзі тірі Жолдаңғар Қасайынов. Дөңгілағаш ауылының ардагер ақсақалы аталарының осы тарихын кейінгілерге айтып жүреді.
Осылардың бәрін көңіл елегінен өткізгенде, халқымыздың өткенін терең білмесек, алдағы жағдайға қалай бағыт-бағдар ұстаймыз деген де ой келеді.  Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов «Национальная интеллегенция в Степном крае формировалась во второй половине XIX  и в начале XX веках, бии прежние безусловно уступали теперешним людям по образованиям, ухоженности, опрятностям. Но обладали двумя достоинствами, которых у нас нет. Они решали споры справедливо и народ был доволен, народу позволяли жить и заниматься своими  делами» деген екен. Бұл өткен кезге берілген әділ баға.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында өткен тарихымыз, оның сабағы туралы аз айтылмаған. Сондықтан, билер, оның тұстастары өмір сүрген заманның да ел іргесін нығайтып, тұтастығын сақтауда бізге берер тағылымы әрқашан мол деп білеміз.
Қасымхан қажы ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,
экономика ғылымының докторы,  профессор, Білім және ғылым    саласының  құрметті  қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар