Жастар өз ана тіліне неге қырын қарайды?..

Мен өзімнің замандастарымның қазақ тілінде сөйлей алмайтынына қынжыламын. Қалада өскен қазақ жастарының көбі ана тілінде сөйлемейді, ал, сөйлесе орыс сөздерін қосып, қойыртпақтап сөйлейді. Сондайларды көргенде «олар өз ана тілінен неге безеді екен?» деп осы сауалдың ұшығына жете алмаймын.

  Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Мысалы, Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында 20 мыңнан астам сөзді қолданған екен. Ал, әлемдегі ең көп сөз қолданушы жазушы деп саналған Шекспирдің сөз қоры – 17 мың екен. Осыған қарап, қазақ тілінің қаншалықты бай тіл екенін білуге болады. Бірақ, сондай бай, шұрайлы тіліміз кеңес заманында қолданыстан қалып, отбасына ысырылды. Қазақ мектептері жаппай жабылып, техникумдар мен институттарда оқу түгел орыс тіліне көшті. Сөйтіп, қазақ тілі қолданыстан қалып, тек шалғай ауылдардағы қазақтардың сөйлесу құралына айналды. Тек тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ тілі қайтадан мемлекеттік мәртебе алып, қолданыс аясы кеңи бастады. Бірақ, көп жылдар бойы қағажу көрген тіліміз әлі күнге дейін мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріле алмай отыр.
Жастар еліміздің болашағы, ендеше сол елдің болашақ тізгінін ұстайтын жас буын мемлекеттік тілді меңгерсе, ана тіліміздің ертеңі жарқын болатыны даусыз. Өкінішке орай, қазіргі қалада өскен жастардың көбі ана тілдерінде сөйлемейді. Қазақ мектебінде оқитын қазақ балаларының көшеде орысша сөйлейтінін естіп, көріп жүрмін. Олар қазақшаны қиналып әзер сөйлейді және арасына орысша қосады. Неге бұлай десең, олардың бәрі отбасында орысша тәрбие алады. Ата-аналары үйлерінде тек орысша сөйлеседі. Содан баланың санасына орыс тілі сіңіп қалады. Қазақ мектебінде оқығанына қарамастан, ол орысша ойлап, орысша сөйлеуге дағдыланады.
Балалардың қазақ тіліне қызықпайтын тағы бір себебі, теледидардан көрсетіліп жататын қазақшаға аударылған сериалдардың тілі дүмбілез, ал, мультфильмдер тартымсыз. Керісінше, орыс тіліне аударылған шетелдік сериалдар мен мультфильмдерді қараңызшы, бірден еліктіріп әкетеді. Батыстық «Виноваты звезды», «Голодные игры», «Алиса в стране чудес», «Человек паук» сияқты бейнефильмдер мен мультфильмдерді балалар мен жасөспірімдер қызыға тамашалайды. Ал, қазақ тілінде мұндай қызықты фильмдер жоқ. Бұл да балалардың ана тілінде тәлім алуларына кедергісін келтіріп жатқан сияқты.
Жастарымыз қазақша сөйлемейді, отансүйгіштік қасиет жоқ деп айыптағанша, ең алдымен ана тіліміздің беделін көтеретін жақсы шығармалар жазып, фильмдер түсірсе, қазақ тіліндегі танымдық, әдеби сауатты сайттар ашса тілге деген қызығушылық болар еді. Ал, қызығушылық болса, оны үйрену қиын емес.  
Ділдар СЕРДӘЛІ, №77 гимназияның оқушысы.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар