Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Үсенованы қабылдады.
Кездесу барысында батырдың қызы әкесі жайлы қызықты да тартымды естеліктермен бөлісіп, әңгіме өрбітті. Майдан Мәлікқызы өңір басшысына ғалымның ғибратты ғұмыр жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге қылып, батыр есімін ел есінде мәңгі сақтап қалу үшін жасалып жатқан игілікті істер үшін, перзенттік пейілден ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Өз кезегінде облыс әкімі батырдың ғұмыр жолы қашанда өскелең ұрпақ үшін өнеге болып қала беретіндігін тілге тиек етіп, Зеренді ауданындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, сонымен қатар, «Рухани қазына» бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын «Жас ғабдуллиншілер» республикалық форумына батыр ұрпағын құрметті қонақ ретінде арнайы шақырды. Аталмыш форумға еліміздегі атақты жерлесіміздің атындағы сегіз мектептің жас өрендері қатысатын болады.
Айта кету керек, облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің мұрындық болуымен ғалымның өнегелі өмірі мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау жұмыстары жүйелі әрі тұрақты жүргізіліп келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.