Зияткерлік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету әлемдік тәжірибеде кең қолданылып келе жатқан халықаралық құқықтық шара.
Біздің тәуелсіз мемлекетіміз де өз азаматтарының авторлық құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауды қамтамасыз етуде. Осы орайда, бүгінгі күні әлемнің 167 елінде қолданылып жүрген қазақстандық кәсіпкер Евгений Кимнің «KASSUM – ақылды касса» автоматтандырылған жүйесін осының бір мысалы ретінде атап өтуге болады.
Астана қаласында тұратын кәсіпкер өзінің автоматтандырылған жүйесін жасап, INTEROKO еуропалық копирайт офисінен авторлық құқығын алған еді. Халықаралық беделді ұйым бекіткен авторлық құқығы оның тірі кезінде ғана емес, қайтыс болғаннан кейінгі елу жыл бойына қорғалады. Бұл жүйе автоматтандырылған касса, қалған ақшаны қашықтан талдау, сату туралы есеп, жеткізіп беруге тапсырыс, жарнама, жедел бақылау сияқты көптеген маңызды міндеттерді қамтиды.
Автор құқығын қорғау бағытында жалпы елімізде соңғы жылдарда көптеген ауқымды жұмыстар жүргізілгенін атап өткен жөн. Отандық зияткерлік меншік иелерінің ғана емес, шетелдік авторлардың құқығын қорғау бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді.
Десе де, әлі де бұл бағытта халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізу бағытында көп шаруа-лар атқару қажет. Өздерінің авторлық құқықтарын қалай қорғау қажеттігін өкінішке орай, көп адамдар түсінбейді. Осыған орай, бұл бағытта әділет органдарымен БАҚ арқылы зияткерлік меншікке қатысты ақпараттар таратуға жете көңіл бөлінуде.
Бақытжан ӨМІРЗАҚОВ,
облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары.