«100 жаңа есім» жобасына лайықты ақмолалықтар баршылық алайда, жергілікті жерлерден осыған ұсыныстар неге аз?!.

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың төрағалығымен өткен семинарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жобалар ұсынылды. Шараға мемлекеттік мекемелердің басшылары, аудандар мен Көкшетау, Степногорск қалалары әкімдерінің орынбасарлары, сараптамалық комиссияның, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары мен қоғамның белсенді өкілдері қатысты.

  Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет», «Жаңа гуманитарлық білім» бағыттары аясында өздерінің жобаларын ұсынды.
Аталмыш бағдарламаның тәрбие мен білім саласына қатысты «Саналы Азамат» базалық жобасы бойынша облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов есеп беріп, білім басқармасы тарапынан бірнеше жобаларды ұсынды. Онда қалада тұратын балаларға арналған «Ауыл тынысы», керісінше, ауыл балаларының «Қала тынысы», жас музыканттар мен шығармашылық қабілеті бар жас таланттардың фестивальдері мен байқаулары секілді 30-ға жуық жоба ұсынылды. Бірақ, олардың ұсынған жобаларының көбі бір күндік жұмыстар, яғни, белгілі бір іс-шаралар болғандықтан, қатысушылар тарапынан біраз ұсыныстар мен ескертулер айтылды. Бұл орайда, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл:
–Елбасының мақаласында айтылған рухани жаңғыру мәселесіне барша ел болып назар аударудамыз. Аталмыш бағдарлама шеңберінде ұсынылатын жобалар оның атына сай ауқымды, маңызды, жас ұрпаққа пайдасы мол дүниелер болуы тиіс. Қазір егер осы ұсынып жатқан жобаларды бірауыздан қолдап, оған қыруар қаржы бөлетін болсақ, ол келешекке не береді? Сондықтан, жобаларды ұсынғанда оның мән-маңызына көңіл аударсақ. Екіншіден, рухани жаңғыру болған соң, жобалар мемлекеттік тілде жүзеге асырылуы тиіс. Мұнда ұсынылып жатқан жобалар тек орыс тілінде. Өз тілімізде жобаларды ұсына алмасақ, кім болғанымыз?, – деді. Осындай пікірді «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Мейрамбек Қиықов та айтты.
–Біз қазір жобалардың тұсауын кесіп жатырмыз. Қарап, талқылап болған соң ғана бекітеміз. Біз миллиондаған қаржыны бір ғана іс-шараға беріп қоймаймыз. Оның барлығын саналы түрде қарастыруымыз қажет. Сараптамалық комиссия жобалардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сәйкес келуіне баса көңіл аударады. Мүмкін кейбір жобаларға аздап түзетулер енгізу керек шығар, ол жағына да мән беріп, авторларына қайтарамыз, – деді сараптамалық комиссияның төрағасы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров.  –Біздің рухани бай өлкеміздің ұмытылып бара жатқан құндылықтары мен тұлғаларын еске түсіріп, болашаққа мұра болатын дүниелер көп. Соған баршамыз атсалысуымыз қажет, –деді ол.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова «100 жаңа есім» жобасы бойынша облыста жұмыс тиісті деңгейде орындалмай жатқандығына, аудандардан жіберіліп жатқан ақпараттардың толық еместігіне ескерту жасады. Ақмола жері жас ұрпаққа үлгі болатын тұлғаларға бай өлке. Әр ауданда өздерінің танымал, қадірлі адамдары болған. Солар туралы мәліметтерді неге іздестіріп, тауып бермеске?  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына әр облыс кем дегенде 300 адамды ұсынуы тиіс. Ал, біздің облыста осы күнге дейін небары 70 адам ғана бізге ұсынылып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, әрі қарай дұрыс жүргізу қажеттігін аудан әкімдерінің орынбасарларына айтты. Тіпті, облыс орталығындағы қалалық әкімдіктен әлі күнге дейін бір де бір тұлғаның есімі ұсынылмағанына ескерту жасады. Сонымен қатар, бағдарламада қамтылған «Жомарт жүрек» базалық жобасы негізінде «Қайырымды ел Ақмола» жобасын ұсынып, оған ешқандай да қаржының қажет еместігін жеткізді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарапынан ұсынылған алты жобаның екеуі іс-шараға қатысушылар алдында талқыланды. Ұсынылған «Көкшетау және алаш зиялылары» мен «Ақмола облысы: тарихы және қазіргі заман» жобалары алдағы уақытта сарапшылардың тарапынан қолдау тапса, тарихқа қосатын үлесі мол дүние. Себебі, Алаш тарихы көп зерттелсе де, көкшетаулықтардың алаш қозғалысына қосқан үлесі тиісті деңгейде көрсетілмеген. Тарихты оқып отырсақ, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында елім деп еміренген азаматтар туралы дерек көп. Біздің солтүстік өңірде де елі үшін жанын берген кемеңгер тұлғалар болды. Мәселен, Шаймерден Қосшығұлов, Мәмбетәлі Сердалин секілді тұлғалар бар. Олар жайында деректер аз. Тарихта кеткен осы бір кемшіліктерді түзеу үшін елімізден бастап, Ресейдің бірнеше облыстарындағы мұрағат құжаттарын қарау қажеттігі баса айтылды. Бұл орайда, университет ғалымдары қолдан келгенше жұмыла еңбек ететіндіктеріне сендірді.
Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Қуаныш Шақшақов ұсынған Жәнібек ханның мазарын қалпына келтіру, Ерейментаудағы ашық аспан астындағы  «Құмай этнопаркі» қатысушылардың назарын аударып, сарапшылардың осы жобаны ескерулеріне облыс әкімінің орынбасары ұсыныс жасады.  
Жалпы, семинар барысында облыстан 50-ге тарта жоба ұсынылды. Оларды қазіргі уақытта сарапшылар қарап жатыр. Алдағы апта ішінде бағдарламаға нақты ұсынылатын жобалардың қорытындысы шығады деп күтілуде.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар