Көрмені тамашалап, көзайым болды

Облыс делегациясы Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде болып қайтты.

  Делегация құрамында облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен энергетика мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлар мен мемлекеттік қызметшілер бар. Ұзын-ырғасы жүз адамға жуық. Ақмолалықтар алдымен «Нұр Әлем» көрме кешенін тамашалады. Содан соң Ресей, Германия, Франция және бірқатар өзге елдердің осы саланың жарқын жетістіктері сипатталатын көрмелерді аралап көріп, энергия қуатының айтулы жаңалықтары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы, сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу техникалары тәрізді күнделікті өмірде аса қажетті дүниелердің әлемдегі мойны озық үлгілерімен танысты.
– Көрмені аралап көру барысында көп нәрсені көңілге түйдік. Делегация мүшелерінің қай-қайсысы болмасын әншейін сырттай қызықтау емес, өмірімізде ойып тұрып орын алуға тиісті соны жаңалық, тиімді жобалардан толайым ой түйіп, тәнті болды. Әсіресе, бізді энергия қуатының көздері қызықтырды. Қоршаған ортаны ластамай, таза сақтау  үшін өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу тәрізді жаңа технологиялар аз емес. Мұның барлығы біз үшін өте қажетті. Сондықтан, алдағы уақытта өз өңірімізде қолдану үшін тереңірек зерттеп білуге тиістіміз,–деді Степногорск қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев.
Уақыт бір орнында тұрмайды. Алға жылжыған сайын кешегі жаңалық көнеріп, ескіруі мүмкін. Сондықтан, жүйрік уақыттың жалына жармасып, алға ұмтылған ләзім.
– Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің пайдасы өте көп. Мен ең алдымен Қазақстанның осындай ауқымды шараны мінсіз ұйымдастырғанын мақтаныш етемін. Болашақтың энергиясы дегеніміздің өзі барша әлемнің алға қарыштап басар қадамының қарымын мықтайтын серпіліс. Ақмолалықтар көрмеге айрықша қызығушылық танытып отыр. Күні бүгінге дейін біздің өңірден қырық мыңнан астам адам көрмеге барып, көзайым болды,–дейді облыс әкімі аппаратының жетекшісі Қанат Шөкенов.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар