Өткен демалыс күндері Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында аймақтық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізді.
Жәрмеңке қалашығы бұл жолы «Қазақстан» спорт кешенінің жанында қанат жайды. Жәрмеңкеге жалғыз ақмолалықтар ғана емес, сондай-ақ, Атырау мен Оңтүстік Қазақстан облыстары да қатысты.
Сауда сөрелері жұмыс істей бастаған таңсәріден жәрмеңкеге келген астаналықтардың ауыл шаруашылығы тауарларын асықпай-саспай таңдап тұрып алуға әбден мүмкіндіктері бар еді. Талғампаз тұтынушылардың көңілінен шығатын өнім түрлері де аз емес. Мысалы, біздің облыс 50 сауда шатырын құрды. Осы сауда шатырларында жүзден астам ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өздерінің сапалы да арзан өнімдерін тұтынушылардың назарына ұсынып, сауданы қыздыра түсті.
Алдын ала жоспарланғанындай, ақмолалықтар бұл күні жалпы көлемі 348,8 миллион теңгені құрайтын 37 түрлі тауар сатты. 174 тонна ет пен ет өнімдері, шұжық сатылса, арнайы орындарда 10 тонна көлемінде балық пен балық өнімдері таразыға түсті. 2,5 мың дана жұмыртқа, 34,3 тонна сүт және сүт өнімдері, 50 тонна ұн, 15 мың литр өсімдік майы, 300 тонна картоп пышақ үстінде өтіп кетті.
Бір ауыз сөзбен түйіндей айтқанда, ақмолалықтардың сауда сөрелеріне салған өнімдері сапасы жағынан да, бағасы жағынан да Астана тұтынушыларының көңілінен шықты. Бұл жолы жәрмеңкеде біздің ауыл шаруашылығы еңбеккерлері 730,5 тонна азық-түлік өнімдерін саудалады.
Суретте: жәрмеңкеден көрініс.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.