Бірлік ауылындағы ескі мектеп жаңаша сипат алды.
Білім күніне арналған салтанатты жиынға аудан әкімі Малғаждар Тәткеев пен «Ақмола-Феникс» АҚ бас директоры Максим Божко қатысты. Аудан бойынша биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын 2 мыңға жуық бүлдіршін тұңғыш рет аттады.
Тозығы жеткен ескі мектепті «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкер Александр Лоренц жеке қаржысына қайта жаңғыртып, жөндеп берді. Есік-терезелері, жылу жүйелері, шатыры мен едендері жаңартылған мектептің ауласы да қоршалып абаттандырылды. Инвестор Александр Александрович жылу қазандығын мектептен алыстау жерге орнаттырып, талапқа сай және қауіпсіздік ережесін сақтай отырып салдыртып берді. Жалпы, құрылыс жұмысына 15 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Жаңарған мектептің қазір 60 баланы қабылдауға мүмкіндігі бар.
«Туған жер» бағдарламасы қалталы азаматтардың туып-өскен елді мекеніне қол ұшын беріп, көмектесуіне ықпал етуде. Соның бір жарқын үлгісін Мәншүк ауылынан да көруге болады. Белгілі «Bi-grup» құрылыс компаниясы жетекшілерінің бірі Бауыржан Исабаев өз қаражатына мектеп жанынан балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол және баскетбол алаңдарын салғызып берді. Ол осы Мәншүк ауылының тумасы. Аталмыш спорт алаңдарына 11 миллион теңге жұмсалды. Алдағы жылдары ол «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылға келетін жас мамандарға қос пәтерлі 3 үйді салуды жоспарлап отыр. Астанаға жақын орналасқан аудан кәсіпкерлерінің игілікті істері жұртшылыққа аян. Мысалы, осындай кәсіпкерлердің көмегімен Преображенка ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде шағын мектеп салынса, биыл Отаутүскенде жаңа мектеп күздің соңына дейін тапсырылады деп жоспарлануда.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.