Қызмет сапасына көңіл бөлінуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Әділбек Мұхамеджановтың қатысуымен «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік қызмет көрсету сапасының негізі» атты брифинг өткізілді. 

Жиын барысында аталған басқарма басшысы журналистерге мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыс туралы баяндап, салада орын алған бірқатар заң бұзушылықтарға да тоқталып өтті. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында облысымыздың жергілікті атқарушы органдарымен және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен
2 968 610 қызмет көрсетілсе, оның 484 896-сы қағаз күйінде, 554 804-і мемлекеттік корпорация арқылы, ал, қалған 1 928 910-ы электронды форматта жасалған.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін кешіктіруге байланысты облыстық ішкі істер департаментінде 10, ал, Ақмола облысының қорғаныс істері департаментінде 3 заң бұзушылық анықталған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті аталған мерзім ішінде жүргізген тексерістер нәтижесінен мемлекеттік мекемелерде қарапайым азаматтардан тізімде бекітілмеген құжаттарды сұрату, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін кешіктіру немесе негізсіз тоқтату секілді біраз кемшіліктердің орын алғандығын көруге болады. Мәселен, баланы бірінші сыныпқа алуға тестілеу өткізу, ата-аналардан жұмыс істейтіні, еңбекақысы туралы анықтама сұрату заңмен міндеттелмесе де, бұл облысымыздың білім беру мекемелерінде жиі тіркеледі екен. Брифингте осы және өзге де жайттарды тілге тиек еткен басқарма басшысы Әділбек Мұхамеджанов олқылықтарды жою үшін облыстық білім басқармасына хат жолданғанын және бұл мәселе алдағы тамыз кеңесінде де қаралғанын атап өтті.
–Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру сыбайлас жемқорлықпен күресте аса қажет. Осы мәселеге қатысты жыл басынан бері тұрғындардан 39 шағым келіп түсті. Көбіне емханаларда әркез ұзын-сонар кезектің қалыптасатыны ұнамайды. Алдағы уақытта облыс орталығындағы №1 емханадағы секілді барлық емханаларда электронды кезек жүйесін енгізуді ойластырып жатырмыз, – деді баяндамашы. Сонымен қатар, «Жасырын тұтынушы» жобасы жайлы ақпарат беріліп, брифинг соңы сұрақ-жауап форматына ұласты.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар