Өндіріс тынысы ашылып келеді

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребин өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен өткен брифингте осы бағытта әңгіме өрбітті. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  индустрияландырудың алғашқы бес жылдығын қорытындылау кезіндегі бір сөзінде «Отандық өндіріс өркендесе, еліміз импортқа деген тәуелділіктен арылады» деп айтқан болатын. Шынымен де отандық өндірісті дамытудың бірден-бір жолы инвестиция тарту екені даусыз.
 Сондай ірі инвестициялық жобалардың алғашқыларының бірі – Көкшетаудағы «Енки» керамикалық кірпіш зауыты. Өңірдің Индустрияландыру картасына енген кәсіпорын 2010 жылы іске қосылған болатын. Бүгінде зауыт жылына 30 түрлі 60 миллион данаға жуық кірпіш шығаруда.  Зауыт басшысы Мырзабай Әбдіқалықовтың айтуынша, бұрын Украинаның кірпіші бәсекелес болатын. Қазір отандық өнімнің сапасы одан артық болмаса, кем емес. Бағасы да төмен. Сондықтан, шеттен келетін өнімді нарықтан ығыстырып, шығарып жатырмыз. Біздің зауыттың шикізатының өзі де отандық, таза табиғи. Өнімді Ресейдің Омбы және Түмен қалаларына жіберудеміз.  Өндіріс ошағы Испанияның озық технологиясымен жабдықталған. Зауыт өнімі сапалы, Арқаның аязына төзімді. Оған қоса ғимарат ішінің температурасын қысы-жазы тең ұстайды.
–Әртүрлі кірпіштің түрлерін шығарамыз. Кейбір кірпіш түрлерін үйлердің бұрыштары мен терезелердің аумағы әдемі көрініп тұру үшін қолданады. Болашақта кірпіштің түрлерін көбейту үшін жұмыс істеп жатырмыз, –  дейді Мырзабай Әбдіқалықов.
Сондай-ақ, брифингте «Ерназар және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әділхан Ерназаров та арболит кірпіштерін шығару үрдісі туралы айтып берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында кіші және орта бизнес субъектілерінің салымдарын ұлғайтуды тапсырған болатын. Ал, бұл көбінесе нарықтың ішкі әлеуетін барынша қолдануға және өнеркәсіптерді жүктеуге байланысты. Осы орайда, елімізде теңдесі жоқ арболит кірпіштерін шығаратын «Ерназар және К» серіктестігі айлық жоспарды ұлғайтып отыр. Кәсіпорын басшысы Әділхан Ерназаровтың айтуынша, арболит кірпіштері от пен суға төзімді. Сондай-ақ, экологиялық жағынан да өзге құрылыс материалдарына дес бермейді. Мұндай кірпіштен салынған үйлердің іргетасы да соншалықты көп шығынды қажет етпейді.
– Өнім сапасы және экологиялық жағынан сұранысқа жоғары. Әзірге Астана, Көкшетау қалаларына сатудамыз. Келешекте бүкіл елімізді толық қамтып, Ресей нарығына шығуды мақсат етіп отырмыз. Бұл әзірге болашақтың жоспары. Қазіргі кезде ең басты мақсат өндірісті кеңейту, –  деп атап өтті Әділхан Ерназаров.
Осы орайда, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребин отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша бірқатар шаралар қолға алынғанын атап өтті. Бұл шаралардың барлығы отандық өндірістің тынысын кеңейтуге бағытталған. Брифингте журналистер тарапынан құрылыс нарығына қатысты сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар