Көп жыл бойы жөндеу көрмеген жолдар жаңартылуда

Сұлу аймақ Бурабай өңірі өзінің көркем табиғатымен тартымды. Алайда, аудан орталығына бет алып, сапар шеге қалсақ, жолдың азабын қалаға кіргеннен-ақ тартушы едік. Орталыққа апаратын жолдардың сапасы сын көтермейтін-ді. Жақында осы ауданға тағы да арнайы іссапарға барған болатынмын. Сонда 1990 жылдардан бері жөндеу көрмеген көшелерге күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын көріп, қуанып қалдым. 

Щучинск қаласында тоқсаныншы жылдардан бері жол салынбаған еді. Аудан тұрғындары тарапынан қаншама сын айтылып, жолды жөнге келтіру ұсыныстары аудан әкімі тарапынан ескеріліп жатса да, қаржының тапшылығы оны жөндеуге мұрша бермеген. Былтырғы жылғы тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бюджеттік өтінімдері, жоспары мен жобалық-сметалық құжаттамаларына сай қаланың басты көшелерінің жолдарын жөндеу туралы ұсыныстары құпталып, облыстық бюджеттен қаржы қарастырылыпты.
–Қазір жол салу жұмыстары басталып кетті. Қалада 7,3 шақырымды қамтитын жол жөнделеді. Әрине, халық бұған қуанышты. Қаржы бөлінгеннен кейін, ең алдымен,  басты жолдарға жөндеу жүргізілуде. Жөндеуді талап ететін басқа да жолдардың бары рас. Бірақ, ол жолдарға қаржы бөлу мәселесін облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы қарастырып жатыр, – деді бөлім басшысы Қайыргелді Мусин.
Енді осы жөндеу жүргізіліп жатқан басты жолдарға тоқталсақ. Мәселен, Сейфуллин көшесінің жолы республикалық маңызы бар автобанға апарады, сол сияқты Зеленое және Рабочий көшесінің жолдары Көкшетау-Астана бағытына шығаратын жолдар. Сонымен бірге, Рабочая көшесі темір жол вокзалынан, автобекеттен автобанға шығарады. Сондай-ақ, қаладағы Трудовая, Коммунистическая, Едомская көшелері де жөнделуде. Яғни, бұл жолдар да қаланың ең басты жолдарының санатында. Осы көшелер жөнделетін болса, орталық көшелердің жүктемесі азаяды деп күтілуде. Қазіргі таңда, барлық тиісті шаралар жасалып, жұмыс басталып кеткен. Жалпы, жол жөндеу жұмыстарына отыздан астам техника жұмылдырылыпты. Бір ғана Сейфуллин көшесіндегі жөндеу жұмыстарына отыз шақты адам тартылыпты. Жоспар бойынша нысан суық түскенше аяқталуы тиіс.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қайыргелді Мусиннің айтуынша, қала жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына 492 миллион теңге бөлініпті, бүгінде оның 70 миллион теңгеге жуығы игерілген. Тіпті, кейбір жерлерде мүлде болмаған жиекжолдар салынуда. Осы жоғарыда аталған қаржының белгілі бір бөлігі қаланы абаттандыруға қарастырылған екен.
–Едомская, Абылай хан және Әуезов көшелері қаладағы көлік қозғалысының жүктемесі өте үлкен жолдар болып табылады. Сондықтан, Трудовая, Коммунис-тическая, Едомская көшелерінің жолдарын жөндеудің арқасында ондағы көлік қозғалысының жүктемесі азаяды деп ойлап отырмыз. Келесі жылы қаланың тағы да алты көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылып жатыр, – деді бөлім басшысы. Қала жолдарының ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарын жергілікті «Тазалық Сервис» кәсіпорны мен астаналық «Келес Инвест» ЖШС-тері және Көкшетау қаласының «Промстройнедра» субмердігер фирмасы ЖШС жүргізіп жатыр.
–Біз Сейфуллин көшесінде жөндеу жұмыстарын шілде айының бас кезінде бастадық. Белгіленген уақытта аяқтап береміз деп сенемін. Жұмыс қолы мен техника саны жетерлік. Сондықтан, ауа райының қолайсыздығынан басқа еш кедергі жұмысты бөгей алмайды. Ал, бізде ауа райы құбылмалы. Сол себепті, кешігетін болсақ, тұрғындар оған түсіністікпен қарайды деп сенеміз. Қазір біз жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұрғындар тарапынан түрлі пікірлер әлден айтылып, неге тротуарлар бір жақтан ғана немесе бордюрлер неге орнатылмайды деген сұрақтар қойылып жатыр. Біз жоспарға сай жұмыс істейміз. Тіпті, суағарлар да жобаға сай орнатылуда, – дейді учаскенің басшысы Талғат Таженов. Ал, жұмыс сапасына келетін болсақ, қазіргі уақытта жол салғанда асығып дұрыс салмаса, кейін мердігерлік фирманың өзіне екі есе қымбатқа түседі. Өйткені, олар өздері салған жолға бірнеше жылға дейін кепілдік беріп, өз бақылауларында ұстайды. Аталмыш фирманың өзінің асфальт шығаратын зауыты, карьері, тұрақты жұмысшылары бар екен.  Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен күн сайын бекітілген мамандар келіп, жұмыс барысын тексеріп тұрады. Сонымен бірге, осы маңда тұратын тұрғындар да жұмысшылармен сұхбаттасып, өздерінше тексереді. Сол жерден өтіп бара жатқан тұрғындардың бірі Алма апайды әңгімеге тартқанымызда:
– Осы жолдың жөнделіп жатқанына қуаныштымыз. Жолдың жиегінде адамдарға жүруге арналған жиекжолдың болғаны қандай жақсы. Енді балаларымызды мектепке қорықпай жіберуге болады. Бұрын жиекжолдар болмаған. Оқушыларымыз сабақтан оралғанда, үсті бастары шаң болып келетін. Жеңіл көліктер ғана емес, сонымен бірге, үлкен жүк көліктері де өтеді ғой, –  деді ол.
Осы көшенің бойын жарықтандыру мәселесі де қарастырылған. Қала көшелерін жарықтандыруға биыл 270 миллион теңге бөлінуі тиіс, әзірге жобалық-сметалық құжат сараптамада екен. Жоспарға алынған көшелердің ішінде осы Сейфуллин көшесі де бар.  Сонымен бірге, қаланың басқа көшелерінде осындай жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Рабочая көшесінде жолдың ескіргені соншалық жұмысшылар қосымша 1,5 метр шамасында жерді қазып, кесек тастарды салып, оның үстіне тиісті жамылғы төсеуде. Бұның барлығы жол бойына төселген асфальттың болашақта бұзылып қалмауы үшін жасалып жатқан шаруалар.
Сондай-ақ, қалалық №8 орта мектепке апаратын Войкова көшесінде мүлде жол жоқ екен. Осы орайда, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі облыстық басқармаға тиісті құжаттарды әзірлеп, жолдапты. Алдағы уақытта бұл көшеде де жаңадан жол салынуы әбден мүмкін.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар