Талпынған жетер мұратқа

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие алып, он шақты бие сатып алған  Саят Оразбаев қымыз және ет бағытындағы өз шаруашылығын тиімді ұйымдастыра білген кәсіпкерлердің бірі. 

Саят Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында туып, ауылдың өмірін көріп өсті. Мал бағудың қыр-сырын үйренді. Кейін ата-анасымен бірге Астана қаласына қоныс аударып, осында жоғары білім алды. Мамандығы бойынша жұмыс істегенімен көңілінен шықпады. Ауыл баласының ауылға көңілі ауа берді. Сөйтіп, жас жігіт Астана қаласына жақын маңда орналасқан Төңкеріс ауылында кәсіпкерлікпен айналысуды жөн көрді. Алғашында ауыл шетіндегі шағын үйді сатып алып, екі жылқы қорасын, екі ағаш үй мен монша салды. Қазір қасапхананың құрылысы жүргізілуде. Жігіттер жылқы бағумен бірге бие де сауады. Орташа еңбекақылары 60 мың теңгені құрайды. Жатын орындары мен тамақтары тегін. Бүгінгі таңда жылқы жиырмадан асты. Кәсіпкер күніне 40 литр қымыз өндіріп, өнімін Астана қаласының және Шортанды кентінің базарларында сатады. Қымыз сатып алушылар жылқы етіне де тапсырыс бере бастапты. Сондай-ақ, тапсырыс берушілер шетел мен өзге өңірлерден де келетін көрінеді. Ораза айы мен мереке күндері қымыз сатып алушылар көбейеді екен.
–Жуыр арада италияндықтар мен ресейліктер келіп қымыз сатып алды. Қазір қымызды пластмассадан жасалған бөтелкеге құямыз. Бұзылмау үшін ерекше шөптерді пайдаланамын. Алдағы уақытта қымызды шыны бөтелкеге құйып, сыртына логотип қағазын жапсыруды жоспарлап отырмын. Әзірше өнімді құю, пісу тәрізді барлық жұмыс қолмен атқарылады. Келешекте бұл жұмыстың бәрін автоматтандырамыз. Адамдар қона жатып, саумалмен емделу үшін қонақ үйін салдық. Қасындағы үйде асхана мен қымыз өңдейтін бөлме орналасқан. Бие сауу оңай болғанмен, қымызды баптау қиын. Биелерді күніне төрт-бес рет сауамыз. Жылқылар еркін бағылады. Жайылымдық жер жетіспейді. Жердің көбі жыртылған. Бір қиын жері жылқының жартысын өзге жерлерде бағуға мәжбүрміз. Солтүстік Қазақстан облысынан асыл тұқымды айғыр сатып алдым. Соңғы екі жылда дұрыс жауын болмай, шөптің шығымы төмен болды. Соның салдарынан биенің сүті азайды. Жем берсек те сүт молаймай отыр. Негізі жұмысты оң жолға қойсақ, бұл кәсіптің болашағы зор,– дейді Саят Оразбаев.
Кәсіпкер бие сауатын, жылқы бордақылайтын ат қораларын аралатып көрсетті. Бие жыл бойы үздіксіз сауылады. Жазда жылқылар жайылымда бағылса, қыста қолға қарайды. Кірістің бір бөлігі жемшөп сатып алуға жұмсалады. Мемлекеттен субсидия алу үшін жылқы басын көбейту керек. Жылқышы жігіт арнайы жоба жасап, Төңкеріс ауылының жайылымдық жерінен 2 гектар жер телімін алыпты. Алдағы уақытта осы жерге жылыжай салып, көкөніс өсірмекші, қаз бақпақшы. Оның үстіне Астана қаласынан дүкен ашып, жылқы еті мен қымыз сатуды жоспарлап отыр. Несі бар, ойға алғаны орындалса өзіне де, өзгеге де тиімді.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар