Жұмысқа оң баға берілді

Алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті  14-інші сессиясы өтті. Онда «Облыс әкімінің өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттерді атқаруы туралы есебі» тыңдалды. 

Сессияға облыстық мәслихаттың депутаттарымен бірге аудан, қала әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өз есебінде жыл басынан бергі атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жайында жан-жақты баяндап берді. Бүгінгі күні индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде  600 миллиард теңгенің 18 жобасы жүзеге асырылуда. Бұл алдағы уақытта жалпы ішкі өнімдегі өнеркәсіп өнімінің үлес салмағын арттырып, облысымыздың өнеркәсіптік-аграрлық аймаққа айналуын бекіте түсетін болады. Биылғы жылы 95 миллиард теңгенің  7 жобасы іске қосылып, осының нәтижесінде
1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Төртінші тоқсанда іске қосылатын ірі инвестициялық жобалардың қатарында жылына 2  миллион тонна өнім өндіретін ірі цемент зауыты мен «Қазақалтын» тау-кен кешеніне қарасты кеніштердің жылына 4 мың тонна алтын өндіретін үш алтын өңдеу фабрикасы бар.
Агроөнеркәсіп саласында да ірі инвестициялық жобалар қолға алынуда. Жылдық қуаттылығы 50 мың тонналық Макинск құс фабрикасының құрылысы жалғасуда. Астрахан ауданындағы екі мың бас шошқаға арналған, жылына 5,5 мың тонна ет өңдейтін шошқа кешені пайдалануға берілмекші. Бұл жоба іске қосылған кезде Қытай мен Ресейге ет өнімдері шығарылатын болады. Облысымыздағы аса ірі Қазақстан-Қытай бірлескен инвестициялық жобасы – жылына бір миллион тонна темір прокатын шығаратын Масаль тау-кен комбинаты өңіріміздің өнеркәсіп саласын дамытуға зор серпін беретіні анық. Осы аталған инвестициялық жобалардың іске қосылуы қосымша бес мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан аймағымыздағы екі ірі машина жасау кәсіпорнын, атап айтқанда, «Вектор» комбайн зауыты» ЖШС мен «КАИК» серіктестігін қолдау мақсатында 178  миллион теңге, оның  65,7 миллионы облыстық бюджеттен бөлінді.
Биылғы жылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатына 36,3 миллиард теңге қаржы бөлінді. Мемлекет тарапынан субсидия алған ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны  2,5  мыңға жетті. Өткен жылы ол 1,8 мың еді. «Қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алдында тұрған ең басты міндет егін орағын уақытында өткізу. Облыс шаруашылықтары науқанды ойдағыдай өткізуге қажетті техникамен, жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген», – дей келе, өңір басшысы биылғы жылы шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы науқандарын уақытында сапалы өткізіп, тыңайтқышты қажетті мөлшерде қолдану сапалы өнім алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жиналған астықтың 85 пайызы үшінші класты болады деп күтілуде. Қазіргі қолда бар астық қабылдау орындары мен элеваторлар астықты тазалап, сақтауды қамтамасыз етуге толық жетеді.
Мал шаруашылығы саласында да едәуір ілгерілеушіліктер бар деп айтуға болады. Өткен жылдармен салыстырғанда мал өнімдерін өндіру көлемі  2,9  пайызға өскен. Биыл облыс шаруашылықтары «Сыбаға»,  «Алтын астық», «Құлан» мақсатты бағдарламалары бойынша 3010 бас мал сатып алған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы да біршама қарқынды дамуда. Бүгінгі күні ет комбинаттары толық қуатының  65  пайыз, сүт зауыттары 45 пайыз, диірмендер 44 пайыз көлеміндегі жүктемемен жұмыс істеуде. Жүктеме көлемін арттыру мақсатында өңдеуші кәсіпорындарға шикізатпен қамтамасыз ету аймақтары бөлініп берілген. Мал бордақылайтын алаңдар саны да өсіп, бұл ет өнімдерін өндіруге игі ықпалын тигізуде. Сүт өңдейтін аймағымыздағы ірі екі кәсіпорын: «Молоко Синегорья» және «Eco Milk» серіктестіктерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қажетті шаралар жасалуда. «Молоко Синегорья» серіктестігі Астананың әкімдігімен келісім арқылы сүт өнімдерін тікелей  өткізуді қолға алды. Ал,  «Eco Milk» серіктестігі өндірісін кеңейту үшін қажетті 600 миллион теңге жеңілдетілген несие алу мәселесі шешілуде.
Облыс экономикасында елеулі орын алып отырған шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да жете көңіл бөлініп, бұл салада да айтарлықтай ілгері басушылықтар байқалуда.  Бизнестің жол картасы бағдарламасы аясында өз кәсібін ашқысы келетін адамдарға жағдай жасау арқылы кәсіпкерліктің дамуына және жұмыссыздықтың азаюына қол жеткізілуде. Аталмыш бағдарлама шеңберінде 7,7  миллиард теңге қаржы бөлінді.
Соның нәтижесінде қосымша 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Шағын кәсіпкерлікті дамытуды қолдау шараларының арқасында өткен жылмен салыстырғанда тіркеліп, жұмыс істеп жатқан шағын кәсіпкерлік нысандарының саны 4,8 пайызға артып, кәсіпкерлік саласы өндіретін өнім көлемі 29 пайызға, салық түсімі 31 пайызға көбейді. Қызмет көрсету саласын дамыту мақсатында жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, ауылдық жерлерде шаштараз, монша, дәріхана, фотосалон сияқты нысандарға деген қажеттілік бар. Жергілікті жерлерде осындай нысандарды ашу халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартып, қосымша жұмыс орындарын жасауға игі ықпалын тигізетіні анық.
«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 18 жалға берілетін және 6 несиелік тұрғын үй және  инфрақұрылымдарды  салу үшін 3,9 миллиард теңге қарастырылды. Жекеменшік тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында облысымыздың 14 елді мекенінен 1547 гектар жер телімдері бөлінді. Бұл жерге инженерлік желілер тартуға қажетті жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Жыл басынан бері тұрғын үй құрылысына жалпы ауқымы 23 миллиард теңге қаржы бағытталып, 297 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл өткен жылғы осы кезеңдегімен салыстырғанда 22 пайызға артық. Жыл соңына дейін 373 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан шаруаларға да тоқталды. Осы мақсатқа 10,3 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі күні Есіл қаласы мен Шаңтөбе кентінде қазандық салынуда. Биылғы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары да белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Жылу беру маусымына дайындыққа облыс бюджетінен 3,3 миллиард теңге бөлінді. Өңірімізде бүгінгі күні су желілерін тарту және жаңғырту жұмыстарына арналған 27 жоба қолға алынып, оған 6,7 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл санап арта түсуде. Биыл салаға 69 миллиард теңге қаржы бөлінді, бұл көлем облыс бюджетінің 47 пайызын құрайды.  2 мың орындық  30 балабақша ашылып, мектепке дейінгі балаларды қамту көлемі  97 пайызға жетті. Елбасы тапсырмасына сай, 2020 жылға дейін мектепке дейінгі мекемелермен қамту көлемін 100 пайызға жеткізу бағытында белсенді жұмыстар атқарылуда.
«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы  аясында медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні 8 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Осы мақсат үшін 1,1 миллиард теңге бөлінген. Бурабай ауданында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория құрылысы  қазан айында бітеді деп жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің есебін талқылауға қатысқан облыстық мәслихаттың депутаттары Қайрат Сұлтанов пен Геннадий Осиненко, Аршалы аудандық мәслихатының депутаты Қайрат Шідербеков аймақ басшысының есебінде көрсетілген облысымызда атқарылып жатқан жұмыстарға және өңіріміздің  болашақ даму бағдарына  оң
баға берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар