Үйлерін құжаттандыруға сот шешімі керек

Мемлекеттік меншікке негізделген кеңес заманында меншікке қатысты дау-дамай көп туындай қоймайтын. Нарықтық қатынастарға көшкеннен кейін осындай даулар көбейіп кетті. Олардың түрі де, сипаты да сан алуан.

Балкашин кентінде тұратын, осы өңірде туып-өскен, бар өмірін осында өткізіп келе жатқан 18 тұрғын үшін меншіктеріндегі үйлері мен оның алдындағы жер теліміне өздерінің меншіктік құқығын дәлелдеу біраз уақыт пен бейнеттенуді қажет ететін шаруа болып тұр. Аудан орталығы Балкашин кентінде туып-өскен бұл азаматтар ешқашанда өздері тұратын, ата-аналарынан мұра болып қалған үйлеріне қатысты меншік құқығын құжаттау жайында ойламаған екен. Ойлап қайтеді, бәрі де онсыз да түсінікті. Жекешелендіру кезеңінде  жергілікті әкімге барып меншік құқығы жөнінде құжат алуды ойлағандар да болған, бірақ, әкім «бәрі дұрыс, кент кеңесінің шешімі шығарылған, яғни, үйлерің мен жер телімдері сендерге тиесілі екендігі құжаттанған» деп сендіріп келіпті.
Балкашин кенті әкімінің орынбасары Артем Черемухиннің айтуынша, 2009 жылға дейін кент әкімдігінің шешімі құқықтық негіз ретіндегі құжат болып саналып келген. Кент  кеңесінің шешімі бар ма, онда заң бойынша үй иесі сол шешімде көрсетілген азамат болып саналады. Ал, кейінірек әр үй иесіне жекеменшік құқығын анықтайтын құжат, яғни, жер туралы акт  беру қолға алынды. Жоғарыда айтылған 18 үй иесі жергілікті әкімнің ертеректе айтқан «бәрі дұрыс,  үй иесі сендерсіңдер» деген сөзін демеу етіп жүре берген екен.  Бұл жайға ешкім назар аудармастан осылай жүре берер ме еді, егер жергілікті бюджетті қалыптастыруға байланысты жер телімдерін мүліктеу жүргізілмесе. Міне, осы шара барысында 18 үйдің иелерінің жерге меншік құқығын анықтайтын құжаттары жоқтығы белгілі болады.
Қазіргі күні үйлерінің алдындағы жер телімдеріне арналған акттері жоқ тұрғындар үшін үйлерін құжаттандыру мәселесін шешу біраз әурешілікті қажет ететін шаруа болып тұр. Кент әкімі орынбасарының сөзіне сенсек, бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі, үйге меншікті анықтайтын барлық құжаттарды жинап, әділет органына тапсыру қажет. Бұл жағдайда жерге қатысты мемлекеттік актіні даярлауға қажетті 2269 теңгеге қоса, құжатты уақытында жасамағаны үшін әкімшілік айыппұл түрінде төлейтін 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл да бар. Бәрін қосқанда 45 мың теңгедей қаржыға  шығындану қажет болады екен. Ауыл тұрғындары үшін бұл әжептәуір қалтаға салмақ түсіретін сома. Ал, екінші жол, сот арқылы өздерінің меншіктік құқығын қалпына келтіру.  Бұл біраз уақытты қажет ететін шаруа болса да, шығыны аз. Тек 1134 теңге көлеміндегі мемлекеттік төлемді және жер туралы актіні дайындау ақысын берсе болғаны. Одан басқа шығын жоқ.
Тұрғындардың көпшілігі екінші жолды таңдап отыр. Үйіне қатысты меншік құқығын таяуда  кент тұрғыны Н.Можевой сот арқылы қорғап алды. Қалған кент тұрғындары да сотқа шағымданып, сот шешімі шығатын күнді күтуде.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар