Өнегелі өмір иесі

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, қырық жылдан астам білім саласында жемісті еңбек еткен ұлағатты ұстаз Зере Қиықованың мерейлі 75 жасқа толуына арналған жиынға қатысып, өнеге иесін құттықтады.

 

Достық үйінде өткен Зере Қиықованың мерейтойына арналған іс-шараға облыстық және қалалық әкімдіктердің өкілдері, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, этномәдени орталықтар мен «Аналар» кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері қатысты.
Зере Еспайқызы 1942 жылдың 1 қыркүйегінде Зеренді ауданының Жаңауыл ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келді. Әкесі соғыстан аман-есен оралған соң, Айыртау ауданының Сырымбет ауылындағы мектеп-интернатына жұмысқа орналасыпты. Зере Еспайқызы осы білім ордасында тәрбие алып, оныншы сыныпты ойдағыдай тәмамдаған соң Алматыдағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Мұғалімдер отбасында дүниеге келгендіктен болар, мамандық таңдауда еш қиналмаған. Жоғары оқу орнын үздік бітіріп, дипломын қолына алған соң, Айыртау ауданының Лавровка ауылындағы мектепте өзінің еңбек жолын бастайды. Сөйтіп, қырық жылдан астам уақыт білім саласында үздіксіз талмай еңбек етті. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Тәртіпшілдігі мен тәрбиелігі, талапшылдығы мен әділдігі, адалдығы мен еңбексүйгіштігі қазіргі жастарға үлгі-өнеге.
Өмірлік серігі Мейрамбек Қиықов екеуі қазіргі таңда қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, жас ұрпаққа үлгі боларлық жұмыс жүргізіп келеді. Ардақты ұстаз, аяулы ана, сүйікті жар бола білген оның ұл-қыздары да өмірден өз жолдары мен мұраттарын тапқан перзенттер.
Жиырма жылдан бері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келе жатқан Зере Қиықова қазір «Аналар» кеңесін басқарады. 2013 жылдан бері балабақшалардан бастап жоғары оқу орындарына дейін «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» жобасы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда.  
Мерейлі мереке иесінің құрметіне арналған кеште арнайы құттықтауға келген әкімдіктердің қызметкерлері, әріптестері, іні-сіңлілері мен замандас-
тары оған ыстық ықыластары мен ізгі тілектерін білдіріп, құшақ-құшақ гүлдері мен сый-сыяпаттарын жасады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар