Сауыншы. Ана. Еңбеккер.

Атбасар тарихи-өлкетану музейіндегі  көптеген құжаттарды, оның ішінде белгілі өлкетанушы Клара Әмірқызының қолжазбалары мен ұзақ жылдар бойы  жинаған материалдарын оқып отырып,  небір көптеген  құнды деректерге тап болдым. Кешегі  Кеңес  Одағы тұсында күн-түн демей еңбек етіп, еліміздің  дамуына, үлес қосқан аға-апаларымыздың  істері  Отанға деген адалдықты паш ететіндей.     

 

Аға буын өкілдері сол кезде өздері өмір сүрген қоғамды гүлдендіруге белсене атсалысқанын сарғайып кеткен құжаттар мен газет қиындылары айғақтайды. Олардың көпшілігі соңдарына өшпес із қалдырды. Ұрпақтарының мақтаныштарына айналды. Кейбіреулері әлі күнге дейін арамызда жүр. Шежіреге айналған суреттерге көз сала отырып, жас мөлшері 35-40-тың шамасындағы апамыздың келбеті еңбеккер ана деген атқа лайықты бейнесімен қатты әсер етті. Қою қара шашын желкесіне түйіп алған жас келіншектің омырауында алтын жұлдызы мен депутаттық төсбелгісі жарқырайды. Оның қасында отырған сұңғақ бойлы келіншек ақ қағазға әлденені жазуда. Суреттің сыртқы бетінде сауыншылар – Социалистік Еңбек Ері Сағила Есенжолова (Целиноград облысы, Киров совхозы) мен Сара Құрманова (Атбасар ауданы, Самар совхозы) деп жазылған. Сурет 1982 жылы түсіріліпті. Атақты сауыншы С. Есенжолова ертеректе 1999-2003 жылдары Атбасар ауданының әкімі қызметін атқарған  Еркеғали Есенжоловтың анасы екен.  
Социалистік Еңбек Ерімен суретке түскен атбасарлық Сара апамызды құрбан айттың қарсаңында іздеп барып сөзге тартқан едік.  Ұзақ жылдар істеген совхоздың ауыр жұмысының әсері болар, қазіргі уақытта денсаулығына байланысты үйден ұзап шыға алмайды екен.
Атбасарлық байырғы сауыншы Сара Құрманова 1946 жылы Родионовка ауылында дүниеге келіпті. Орталау мектепте білім алады. Кейін жасы он жетіге толған бойжеткен «Самар» кеңшарының Болат есімді жігітімен дәм-тұздары жарасып, 1963 жылы шаңырақ көтеріп, отау тігеді. Жастайынан еңбекке араласқан Сара Аңсағайқызы замандастарының алды болып, еңбек озаты атанады. Ол 1965 жылдан бастап Самар совхозының екінші бөлімшесі Қосбармақ ауылында сауыншы болып отыз бір жыл еңбек етіпті. «Жалындаған жастық шақта еңбек десе жанып тұрдық. Таңертеңнен кешкі іңір қараңғысы түскенше жұмыс істейтінбіз. Ол кезде социалистік жарыс деген болды. Сауыншылар бір-бірімен жарысқа түсетін. Үкімет еңбегімізді бағалап ақшалай, заттай сыйлықтарын беріп тұратын. Шипажайларға барып емделіп, дем алатынбыз. Шіркін, заман-ай десеңізші. Келешекке, болашаққа деген сеніміміз мол еді», – деп есіне алады өткен күндерін Сара апамыз. Озат сауыншы ретінде С.Құрманова 1976 жылы ІІІ-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталады. Арада төрт жыл өткенде Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Мемлекеттік сыйлықты қазақтың маңдайалды біртуар ұлдарының бірі, көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев өз қолымен тапсырыпты. «Осы сыйлықты Димаш ағадан аларда халыққа танымал қаламгер, ақындар Қадыр Мырзалиев, Әзілхан Нұршайықов, Ғафу Қайырбековпен қатар тұрдым. Ең жасы мен болдым. Қазақтың  марқасқаларымен бірге суретке түскен қуанышты сәттерімді ұмытпаймын», – дейді әңгіме барысында Сара апамыз.
С. Құрманова 1986 жылы екінші рет ІІ-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін кеудесіне тағады. Құдай қосқан өмірлік жары Болат Смағұлұлы да ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлесін қосып, ұзақ жылдар механизатор болып еңбек етеді. Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов ауылында бір заманда үш жүзге жуық үй болған. Қазір жиырма шақты отбасы ғана қалыпты. Ауылдың жағдайының нашарлауына орта мектеп жабылған соң тұрғындардың дені балаларының болашағын ойлап көшіп кетуі себеп болған сияқты. Самар совхозының екінші бөлімшесі болған Қосбармақ ауылының кейпі қазір осындай жағдайға жетіп отыр.
«Еңбек десе, ерінбейтінбіз, шаршамайтынбыз. Жас болдық. Бойымызда күш-қуатымыз тасып тұрғандықтан уақыттың қалай өткенін де байқамай қалатынбыз. Содан болар, кенже қызым  Гүлфияны ферма басында босанып, өмірге әкелдім. Еңбекке деген қызығушылығымнан шығар. Сәбиімді қырқынан шығарған соң бесікке бөлеп қайтадан жұмысқа шықтым. Демалыс дегеннің не екенін білмедік. Тіпті, жиналыстарға барғанда құндақтаулы баламды қоса алып жүретінмін. Үкіметке өкпеміз жоқ. Қарапайым еңбек адамдарын көкке көтеріп әлпештеп, марапаттайтын. Ауданымыздың сол уақыттағы бірінші хатшылары Зейнолла Шайдаров, Қасым Тәукенов, Қайырден Кәрібаев ағаларымыз  «Сара қалқам, сенің орның төр» деп сыйлап, төрден орын беретін. Олар мені барынша еркелететін. Қазір ұлымыз  Асқар мен келінім Бибігүлдің қолында тұрып жатырмын. Олардан немере, шөбере сүйіп отырмыз. Қыздарым Ғалия, Зұлқия, Зүлфия, Гүлбаршын, Гүлфия – барлығы да отбасылы, өз алдарына тіршіліктерін жасауда. Сонымен бірге, жолдасымның кенже інісі Айтбай, қарындасы Нәзира менің қолымда өсті. Оларға туған анасындай болып кеттім».
Сауыншы Сара Құрманова 1979 жылы жолдамамен Мәскеу қаласына барады. Сиыр фермасының бригадирі Роза Оразалина және сауыншы Гүлбарам Сауытбекова ғарышкерлердің «Жұлдызды қалашығының» сыйлы қонағы болады. Ғарышкерлер Қазақстаннан келген делегацияны жақсы қарсы алып, мерекелік концерт ұйымдастырыпты. Ол да бір өткен өмірдің қайталанбас, қайтып келмес қызықты әрі әсерлі сәттері екен. Бір таңқаларлығы, Сара апамыз 1991 жылы 45 жасында зейнетке шығуға реті келгенімен, жұмысын жалғастыра береді. Содан 1996 жылы 50 жасында зейнеткер атанады. Бірге еңбек еткен сауыншылардан Балқия Көпжасарова, Күләжар Сыздықова ІІІ-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталады. Сондай-ақ, есепші Қарлығаш Смағұловамен 30 жыл бірге еңбек етті. Лидия Самченко, Шекер Қампаева, Гауһар Ақажанова тәрізді сауыншылар 200 бас сиыр сауып, мемлекетке жылына төрт мың литр сүтті өткізіп тұрыпты.
Ол атақты сауыншы Сағила Есенжоловамен жарысқа түскен екен. «Мен ол кісіні жарысқа шақырдым. Тәжірибесі мол Сағила жеңімпаз атанды. Социалистік Еңбек Ері атағын иеленіп, алтын жұлдызды кеудесіне тақты», – дейді апамыз сөзін жалғай түсіп. Қосбармақ бөлімшесінің жетекшісі Манат Қашқынбаев басшылық жасап тұрғанда сауыншылар толайым табыспен көрініп, аудан, облыс бойынша алдыңғылардың сапынан көрініп жүріпті. Иә, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған балбармақты сауыншы Сара Құрманова сүт өнімін молайтуға, мал басын көбейтуге, ауыл шаруашылығын өркендетуге үлесін қосып, еңбек озаты атанған, елдің алғысына бөленген бақытты жан.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.

Атбасар ауданы.
 
Суретте: Социалистік Еңбек Ері Сағила
Есенжоловамен және өзге де еңбектес әріптестерімен жүздескен қимас сәттердің бірі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар