Әлемнің жарығын сыйладың сен маған

Жарық дүниеде тура 98 жыл ғұмыр кешкен, бұл дүниенің жаныңды жадыратар жалаулы жақсылығын да, бір үзім нанға зар қылған тақсыретін де бір кісідей көрген қайран ана өткен жылы өмірден озған. Өзінің аппақ ниетіндей тап-таза, пәк қалпында, перзенттерінің тілеуін тілеумен мәңгілік сапарға аттанды. Ғасырға жуық ғұмыр. Пешенесіне жазылған ащылы-тұщылы дүниені ақыл таразысына салып салмақтайтын болса, әлденеше ғасырға татыр еді.

 

1919 жыл. Көкшетаудың іргесіндегі шоқ жұлдыздай ғана Қараөзек ауылы. Күлшат Кәрімқызы іңгәлап өмір есігін ашқан осы бір жыл ел ішінде «қара қуырдақ жылы» деп аталатын. Төңіректегі шағын ауылдар, төңіректегі ғана емес, жалпақ жұрт адам айтқысыз қияпат жұтқа ұшыраған. Тіпті, тігерге тұяқ қалмай, жүген ұстап қалғандар аз емес. Қолдағы малдың қоңы тайып, көтеремге айналған. Жұрт амалсыздан пышақ көтермейтін арық, жілігі татымсыз болса да, арам өлгеннен осы тәуір деп амалсыз тіршілігінің тірегі, қаншама малды жусатып тастаған. Асып жерге ағарғаны жоқ, жасық етті қуырғаннан басқа амал қайсы? Сол себепті елге сұрапыл нәубет әкелген осы бір жыл жұрт жадында, ел есінде жоғарыда айтылғандай атаумен қалды.
Тіршілігінің көзі – төрт түлік малынан түгелге жуық айырылған елдің еңсесі жуыр арада түзеліп кете қоймады. Іле отызыншы жылдардың басындағы ел ішін алағай да бұлағай еткен алапат аштық жайлады. Көрер жарығы барлар ғана аман, құрқылтайдың ұясындай Қараөзек ауылы ғана емес, былайғы қалың елдің қынадай қырылғандығы тарихтан мәлім.
Міне, осы бір зілмауыр жылдар Күлшат Кәрімқызының балалық, жастық шағына дөп келді. Кәтепті қара нардың қабырғасын қайыстырар аяуды білмес аштықтың арандай ашылған аузы бейқам, бостан Алаштың үштен екісін жалмап кетті. Сонда да жүзі қабарсыған қара жердің тәбеті тоя қойған жоқ. Аяуды білмейтін аштық шіркін еңкейген кәріні де, еңбектеген баланы да талғаған емес. Мына бір сурет ананың жүрегінде мәңгілік сақталып қалған. Ауық-ауық еске түскенде тұла бойын тітіркентіп, жан жүрегін тоңдырып, көкірегін қарс айыратын. Әншейінде аялы нұрға, мерейлі мейірімге шүпілдеп тұнып тұратын жанарына таңның мөлдіреген шығындай қос тамшы ілініп қалатын.
Әкесі Кәрім Сердәлі қияндағы Қиялыға азық табамын деген талмаусыраған, жіп-жіңішке үмітпен жалданып кеткен. Замананың запыраны талай шаңырақты ортасына түсіріп жатқан озбыр уақыт. Үйдің іші қаңырап тұр. Сұп-суық. Тіске басар бір түйір дән жоқ. Аштық аш өзегіне түскен кішкентай сәбилер дән дәме еткен балапанша ауыздарын ашып, шиқылдайды, жылайды, ыңырсиды. Мұндайда қайран ананың жаны шыдар ма? Күйіп кетпей ме, өкініштен өзегі өртеніп кетпей ме?! Амалы таусылған соң Күлшаттың анасы Ұмсындық төңіректегі ауылдардан талғажау етер тамақ іздеуге шықпақшы болады. Үйде бүрісіп тоңып, әбден жүдеген, аштық еңселерін езген үш сәби. Бары сол болса керек, інісі Қалымжан, сіңлісі Дәметкен үшеуіне бір уыс бидайды қалдырып тұрып, естияры Күлшат қызына тапсырыпты.
–Мына бидайды,–депті пейіште нұрың шалқығыр Ұмсындық ана,–үшке бөліп үш күнге жеткізіңдер. Үш күннің ішінде мен де оралармын.
Бір-ақ уыс бидай. Үш жанның өзегін жалғар үміті. Үш жанның несібе, нәпақасы. Бар болғаны бір-ақ уыс. Бір уысты үшке бөлгенде, үш бөліктің біреуін бір күнге жеткізгенде қаншалықты азық болады. Ол жағы бүгінгі ит басына іркіт төгілген мына замандағы аштықты көрмеген адамға әрине қараңғы. Бірақ, ат басындай алтынға айырбастамайтын сол бір уыс бидай үш баланы анық ажал болып төніп келген аштықтың аузынан арашалап қалған.
Бұл сол бір естен кетпес сұрапыл, запыраны көп жылдардың бір күні ғана. Әуел баста маңдайына жазылған тақсыреттің мың батпан салмағы жалғыз аштықпен біте қоймаған. Ел енді есін жиып келе жатқанда сұрапыл соғыс басталған. Ту-ту алыста, бұлардың сәби қиялы жете қоймайтын әлдебір жерде аштықтан да сұмдық, аштықтан да қатыгез қанды қырғын майдан. Қан майданның қаһарлы лебі екпіндей толқып, қақырата қиратып қияндағы Қараөзекке де жеткен. Бас көтерер ер азамат тегіс майданға алынған. Колхоз жұмысы әйелдер мен балалардың мойнында. Колхоз басқармасы Күлшатқа трудармияға барасың деп күнде дігірлейді. Сіңлісі Дәметкен болса сол трудармияға алынып, Қарсақбайдағы мыс қорыту зауытында жұмыс істеді. Сол жақтан әкелі-балалы атақты Қожабай-Болман әулетіне тұрмысқа шықты. Бар ғұмыры өнер қонған осы әулеттің түтінін түтетумен өтті. Трудармияға барғысы келмеген. Өйткені, қолына қарап отырған екі баласы, кемпір-шалы бар дегендей. Ақыры бір күні Қараөзектен тура елу шақырым жердегі Күсеп МТС-іне қашып шықты. Ойы трактористің оқуын оқу. Ақыры қайтуды білмейтін қайсар ана діттеген мақсатына жетіп, үш ай оқуын оқып, сол замандағы қашау табанды тракторды мініп, елге оралды. Техниканың қасқалдақтың қанындай қат кезі. Көз алдыңызға елестетіп қараңызшы, жапан даланы жаңғыртқан трактордың үстінде замана – ақпанның үскірік аязына төтеп берген қызғалдақ гүл іспетті, нәзік бітімді жас келіншек. Бейнелеп айтқанда, арыстанды ауыздықтағандай емес пе?!
Міне, сөйтіп трактор тізгіндеген қайран ана күні-түні табаны тастан таймаған тарланбоздай қайнаған жұмыстың ішінде жүрді. Жалғыз емес еді, ауылда өзінен басқа Бұлғын, Майра, Ажар деген әйелдер де трактор тізгіндеді. Басқа адам, анығын айтқанда, азамат болмаған соң енді қайтсін. Сол уақытта Күлшат ананың тракторы өзгелердікі сияқты сынып, бұзылып, тоқтауды білмейді екен.   
– Аш құрсақ уақыт. Тойып бір тамақ ішкен емеспіз. Соқаның тіліне ілінген масақтан саумалап, алтын іздегендей шұқшиып, бірер уыс бидай теріп аламыз. Оны радиатордың сақылдап қайнап тұрған суына бөрттіреміз. Сөйтіп, өзек жалғаймыз. Ұйқы – дұшпан. Жер жыртып жүргенде, жүріп келе жатып кейде көзің легіп кетеді. Трактор бораздадан шығып кетіп тулағанда оянып кетесің. Сөйтіп, ұйқы, күлкі көрмей жұмыс істедік қой,–дер еді қайран ана.
Жаз бойы, күз бойы адамды титықтатып, таусылып бітпейтін науқандық жұмыстар сап тиылған сәтте екінші бір қиындықтың құлағы қылтияды. Ол да оңай-оспақ шаруа емес. Тракторды жөндеу үшін ат құлағы көрінбейтін ақ боранда, сақылдаған сары аязда елу шақырым жердегі Күсеп МТС-іне жеткізу керек. Ол кездегі тракторда қазіргідей кабина қайдан болсын. Тракторшының үстінде де қамсау болатын жылы киім жоқ. Қарсы маңдайдан ескен өткір, суық жел қойны-қоншын қаулап, ақырған аяз үсітіп жібере жаздайды. Онан соң өлдім-талдым дегенде МТС-тің табалдырығын аттасымен-ақ трактордың май басқан моторын, бар қаңқасын бір түйір кіршік қалдырмай тазалап, жуу міндеті тағы тұр. Қол басындай ыдысқа құйған соляркаға мақтаны батырып, суықтан ісініп, быртиған нәзік саусақтарымен әрең-әрең дегенде қармап ұстап, тап-таза етіп жуады. Бәлкім соляркамен ғана емес, зарлы заманаға нәлет айтқан көз жасымен де жуған шығар-ау.
– Әлі есімде 1943 жылдың 2 қаңтары күні қырық градус аяз болды. Сол аязда өлдім-талдым дегенде Күсепке жетіп, тракторымды жөндеуге тапсырып едім,–деп есіне алатын өткен күндердің елесін.
Сөйтіп жүріп бір өзі бір колхоздың жұмысын атқарды. Толайым, тегіс. Арына дақ түсірмей, әй-кәпір атанбай. Бұл бәлкім пенденің пешенесіне жазылған ащы да ауыр сабақ шығар. Сол сабақтың емтиханынан сүрінбей өтті. Шет-шегі жоқ, таусылып бітпестей көрінген соғыс та аяқталған. Майдан даласындағы ажал оғынан аман қалған азаматтар елге орала бастады. Жеңіс деген жалғыз ауыз сөз жан жүрегіне әлдебір мөлдіреген шуақты сезім, еселенген қуат қосқан. Қандай құдіретті сөз еді, шіркін! Жеңіс елге аяғы жоқ ақсақ, қолы жоқ молақ жауынгер болып оралды. Он екі мүшесі түгел болмаса да, азамат емес пе? Енді иықтағы жүк түсетіндей. Бірнеше жылғы бейнет қанша жерден қайсар болса да титығына жеткендей. Қайтып тракторға отырғысы келмеген. Алдынан жұмыс үркіп тұратын адамнан кім айырылсын. Сөйтіп, Литовочное селосына тайып тұрған. Сол арада өмірінің ендігі серігі Жұматаймен жолығып, түтін түтеткен. Жарық дүниеге екі ұл, алты қыз әкелді.
Перзентінің бәріне заман талабына сай білім берді. Жары Жұматай шахтада өзінің адал еңбегінің, қажыр-қайратының арқасында өзгеден оза шауып, стахановшы атанған адам. Бейнетті белшесінен кешіп жүрсе де, еріну дегенді білмейтін, адал еңбек үшін жаратылған абзал адам еді. Қандағы қасиет кейінгі ұрпаққа дарымай қоймайды ғой, балалары да солай болып өсті.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен, мынау жарық күннің, жасампаз тірліктің маңдайына жазған ащылы-тұщылы сыбағасын толайым татқан абзал ана ұлы Нартайдың қолында өмірінің соңғы жылдарын алаңсыз, бақуатты өткізді. Баяғыда қараңғы, түнек түннен соң әйтеуір бір күні жарқырап күн шығатынына сенуші еді. Атады деп үміттенуші еді. Атты сол таңы. Алдынан қия кесіп өтпеген ұлы Нартай мен келіні Ғайнидің ана деген құдіретке бас иіп, алақандарына салып аялағанына шын жүректен разы. Бәлкім көктемнің қырмызы гүліндей құлпырып өсіп келе жатқанда, көктей солдырмақ болып зілбатпан салмағын артқан талайлы тағдырының қайтарымы шығар. Бәлкім жаратқан ие көз жасымен тракторының бөлшегін жуған пендесін аяп, мейірін төккен болар. Қалай болған күнде де тәубе дейтін шаққа жетті. Ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің, жиендерінің ортасында өкініші көп өткен күндерге деген өкпесі тарап, жасаған иенің кейінгі жасаған жақсылығына шүкіршілік етіп, мәңгілік сапарға аттанды. Артында ана дейтұғын құдіреттің аңыз іспетті ерен ерлігі қалды, Қараөзектің даласында қаһарман еңбегі қалды. Бәрін жиып жырлаған адамға бір дастан.
Ұл-қызы жетіліп, мүмкіндік туғанда қажылық сапарды аңсаған. Қаншама бейнетке батып жүрсе де, Алланың құдіретіне қалтқысыз сенетін. Тіпті, оқушы кезінде ораза ұстаған.
– Сонда уәкіл ораза ұстағаным үшін жер-жебіріме жетіп ұрысып, оразамды бұзбақ болып нан жегізді, –деп өкінішпен еске алушы еді қайран ана.
Міне, кешегі күннің қандай қасіретті болғанын көрдіңіз бе? Кейін зейнетақысын жинап, қажылық сапарға баруға жас мүмкіндік бермеген. Содан соң мұсылман ғұрпымен бар талабын сақтап Темірбек қажыны аттандырды. Бәдел қажы атанды. Мұсылманның бесінші парызын сөйтіп өтеген.
Ана өнегесі, оның ерлігі мен еңбегі ұмыт болмақ емес. Артында қалған он бала, 27 немере, 52 шөбере, 6 шөпшек үшін, өз ұрпағы ғана емес, жалпақ жұрт үшін тағылым. Құтты өзі тәрізді адал көңілмен таза жүріп, тіршілік етуге машықтанған ұл-қыздары жан жүрегінің нұрлы шуағын сеуіп, осы күнге жеткізген анаға мадақ айтады. Ол – сол мадаққа әбден лайық адам.  

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар