Қателерден қашан арыламыз?!.

Жуырда мемлекеттік мекемеде қызмет істейтін құрбыма әріптесі өзімен қазақша сөйлескені үшін бастығына шағым түсіргенін естігенімде жағамды ұстадым. Әріптесі мемлекеттік тілді түсінбейтінін айтып, онымен ылғи «түсінікті тілде» сөйлесіп отыруды талап етіпті.

 

Бұл не деген масқара десеңізші! Қайта ол адам осы әрекетіне қымсынып, тілді үйренуге талпынса етті. Қаншама жылдан  бері мемлекеттік қызметкерлер тіл үйренуі үшін тегін қазақ тілі курстары жұмыс істеп келеді. Сонда да тіл білмейтіндер қатары азаяр емес. Осы орайда, менің айтайын дегенім, әлгіндей жандар түсінікті тілде сөйлеспедің деп байбалам салып жатқанда, біз неге көшедегі қазақша қате жазылған жарнамаларды түзеттіріп, тілімізді қорлатуды неге тоқтатпаймыз?
Бұл мәселе айтуын айтылып жатыр-ау, дегенмен көшелерде сауатсыз жазылған жарнамалар жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптай түсуде. Жұмыстан үйге бара жатқанымда күн сайын сондай бірқатар жарнама менмұндалап тұрады. Олардың кейбіреуінде әріптен қате кетсе, енді біреулерінің қазақша аудармасы тіптен сорақы.
Мәселен, Бурабай ықшам ауданында орналасқан «Луч» дүкенінің сыртында «Зергерлік щеберханасы» деп қате жазылса, облыс орталығының автобус аялдамаларына «Мектеп алды даярлық орталығы 2017-2018 оқу жылына 0-сыныпқа 5-7 жастағы балалар жинағын жүргізеді» деген түсініксіз жарнамалар ілініпті. Ал, орысшасы былай: «Центр пришкольной подготовки производит набор детей 5-7 лет в 0 класс 2017-2018 учебный год». Бұл жарнама бастан аяқ қате аударылған. Әуелі «мектеп алды даярлық» сөзіне тоқталып өтсек, «мектеп алды» емес, «мектепке дейінгі даярлық орталығы» делінуі қажет еді. Сөйлемнің соңына дейін қателер өріп жүр. Бұрын кітап, дәптер жинақтары, өлеңдер жинағы болатын. Қазіргі таңда балалар жинағы шыққанын білмеппін. 0-сыныпқа 5-7 жастағы балалар жинағын жүргізбейді, балаларды қабылдау жүргізіледі, соны бәзбіреулер саналарына тоқып алсын.
Тағы бір дүкеннің сыртындағы жарнамада орысша «деликатес» сөзі «таңсық тағамдар» деп аударылыпты. Оның әлмисақтан келе жатқан аудармасы «жеңсік ас» еді ғой, осылардың қате аударатыны несі деп, одан бетер ызам келді. Сөйтіп, көше бойымен келе жатқанымда айналдырған бес-он минуттың ішінде телефоным қате жарнама суреттеріне толып кетті. «Пайда» сауда үйінің сыртындағы «Школьная форма – Мектеп киімі нысаны», «Поминальные обеды – Еске алатын түскі ас», «Подсолнечное масло на разлив – Құйып сататын күнбағыс майы» сынды басқа да қате сөйлемдер қайтадан дұрыстап аударылса деген тілегіміз бар.  Бұдан былай сауатсыздарға тілімізді қорлатпайықшы.  Онсыз да туған тіліміздің көрген азабы аз емес қой!
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар