Бурабайлық полицейлер жаңа ғимарат пен жатақхананы асыға тосуда

Щучинск қаласында салынып жатқан  аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты мен полиция  қызметкерлеріне арналған жатақхана биылғы жылдың аяғында пайдалануға беріледі  деп күтілуде. Осы бір қуанышты күнді  ұжым мүшелерінің бәрі де асыға тосып жүрген жайы бар. 

Аудандық ішкі істер бөлімінің негізгі жұмыс ғимараты мен жатақханасының іргетасы 2014 жылы алғаш қалана бастағанда ішкі істер органдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің көңілдері бір көтеріліп қалған еді. Органда  қызмет ететіндердің  дені жастар. Жаңа жатақханадан бір бөлме алармыз деп қуанғандарын бір сапарымызда бөлімге ат басын тірегенде баспаналары жоқ құқық қорғау қызметкерлерінен естіген болатынбыз. Кейін қаржы мәселесіне байланысты 2015 жылдың қараша айынан бастап, құрылыс жұмыстары тоқтап қалды.
–Бюджеттен қаржы биылғы жылдың наурыз айынан бастап бөлінгендіктен, жұмыс қайта жанданды. Құрылыстың аяқталып, тапсырылуы алғашқыда 2016 жылдың желтоқсан айына жоспарланған болатын. Құрылыс жұмыстары қаржының бөлінуімен тікелей байланысты ғой. Сондықтан, бір жыл кеш тапсырғалы отырмыз. Оған әркім де түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Осы жылдың қараша айында негізгі ғимарат тапсырылып, жатақхана құрылысы желтоқсанда аяқталады. Қазір осы жоспарымызды іске асыру үшін еңбектеніп жатырмыз, – деді құрылыс учаскесінің бас мердігері, «ASTI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өмірсерік Шәкенов.
 Жобаның жалпы құны 2 миллиард 300 миллион теңгені құрайды, қазіргі уақытта 1,5 миллиард теңгеден астамы игерілген. Құрылыс алаңындағы жұмысшылар нысанның маңайын абаттандыру, сыртқы инженерлік желілерін орнату, жарық қосу секілді жұмыстарды істеп жатыр. Сонымен бірге, ғимараттың ішінде де ішкі жұмыстар жүргізіліп, тапсыруға дайындалуда.  Жатақхана жоба бойынша 100 пәтерлі болады деп жоспарланыпты. Оның негізгі құрылысы әлі де жүргізілуде.
150 орынға шақталған аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратында спорт кешені бар. Онда қазіргі заманға сай тренажер, күресу залдары мен мини-футбол, волейбол алаңдары салынған. Ғимараттың сыртында  120-ға жуық көлік қоюға арналған автотұрақ та салынбақ. Сонымен бірге, бас мердігердің айтуынша, бөлімнің аумағында жол ережелерін
бұзып, әкімшілік жауапқа тартылғандардың көліктерін қоятын 20 орынға шақталған айыппұл тұрағы да қарастырылыпты. Ал, ішкі істер бөлімінің қарамағындағы қызметтік көліктердің гаражы 25 жеңіл көлік пен үш үлкен арнайы мақсаттағы автомобильдерге арналып салыныпты.  
Былтырғы жылдың маусымында орын алған Ақтөбедегі келеңсіз жағдай – лаңкестік оқиғасынан кейін еліміздің барлық өңірлері қауіпсіздікті нығайтуда. Бұл орайда, барлық құқық қорғау органдары кіреберіс аулаларына бақылау-өту бекеттерін тұрғызуда. Осы мақсатта аудандық ішкі істер бөлімінің екі жағынан тиісті қауіпсіздік құралдары мен құрылғылары орнатылған екі бекет салыныпты. Бөлімнің айналасының барлық жеріне бейнебақылау камералары орнатылмақшы. Кезекшілік бөлімі арнайы қорғайтын темірлермен қапталған. Қару-жарақ сақтау орындары да темір қалқандармен қапталып, қазіргі заманға сай салынып жатқан көрінеді.
Қазіргі таңда құрылыс басында 180 адам жұмыс істеп жатыр. Мұндағы жұмысшылардың айлық жалақылары 120 мың теңге көлемінде екен. Ал, жұмыс ауқымына қарай істейтін құрылысшылардың ішінде  300 мың теңгеге дейін алатындар да бар екен. Осы орайда, жұмыс көлемін тез аяқтап тапсырғандардың жұмыс сапасы қалай деп сұрағанымызда, бас мердігер:
–Ең алдымен, біз құрылысшыларды жұмысқа алғанда оларға сапа жағынан талап қоямыз. Тез аяқтап, тапсырғандары дұрыс қой, бірақ, сапа қашан да басты назарда. Оны тексеріп қабылдаймыз. Ал, кем-кетіктер анықталып жатса, оны тиісті деңгейге жеткізгенше дейін басқа нысандарға жібермейміз. Барлығы заң аясында, келісім-шарт бойынша қарастырылған.
Құрылыс басында жүрген жұмысшылардың басым көпшілігі қала тұрғындары екен. Мердігер серіктестік аудандық жұмыспен қамту бөлімімен де тығыз байланыс орнатыпты. Жұмысшы қолы жетіспей қалғанда, олардан кісі жіберулерін сұрайды екен. Жақында аудандық бөлім бес адам жіберіпті, бірақ, қызу жұмыс жүріп жатқан үлкен құрылысқа әлі де жұмыс қолы жетпей жатыр.  Барлық жұмысшылармен заң жүзінде келісім-шарттар жасалынып, зейнетақы, 1 шілдеден бастап енгізілген міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруға төлемдері секілді аударымдар уақытында жүзеге асырылып тұрады.  
1997 жылдан бастап құрылыс саласында еңбек етіп келе жатқан Өмірсерік Мейрамұлы өз қарамағындағы серіктестіктің Көкшетаудағы қан орталығын салғандығын, Щучинск қаласындағы былтыр тапсырылған мектеп-лицейді өз қолымен көтергенін, сондай-ақ, Астана қаласында бірнеше зәулім ғимараттардың бой көтеруіне үлес қосқандығын мақтаныш етеді.  
–Бүгінде құрылыс учаскесінде айтарлықтай шешілмей жатқан мәселелер жоқ. Күн сайын құрылыс бөлімінен, жергілікті атқарушы органдардан жа-уапты мамандар келіп, тексеріп тұрады. Қалалық, аудандық әкімдіктер су, канализация, электр жүйелерінің құрылғыларын қосу барысында біраз мәселелерімізді дер кезінде шешіп берді.
Құрылыстың сәтті аяқталуына біз де тілекші болып қайттық.

Бурабай ауданы.

Суретте: құрылыстың сыртқы көрінісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар