Орақ қарқыны өткен жылдағыдан жоғары

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде егін орағының барысы және Ақмола облысында мұрағат қызметін дамыту туралы мәселелер қаралды.

Кеңес басталар алдында облыс басшысы жиналғандарға жаңадан тағайындалған облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісовті таныстырып, жұмысына табыс тіледі.
Бұдан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан егін орағының жай-жапсары туралы хабарлама жасады. Бүгінгі таңда күзгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір бүкіл дәнді дақылдардың 77,2 пайызы жинап алынған. Әр гектардан орта есеппен 10,5 центнерден өнім жиналуда. Астық сапасы жақсы. Бидайдың клейковинасы 25-28 пайызға жетуде. Жекелей алғанда 69 мың гектар майлы дақылдар, 12,5 мың гектар картоп, 3 мың гектар көкөніс алқаптарының өнімі жиналған.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыс бойынша 1 миллион 100 мың гектар алқаптың дәнді дақылдары артық жиналып отыр. Тәулігіне 200 мың гектар астық бастыру жөніндегі жоспарлы көрсеткіш ойдағыдай орындалуда. Егін орағына 9 мың астық комбайны қатыстырылуда. Үкіметтен 70 мың тонна кепілді жанар-жағар май бөлінген. Астық қабылдау кәсіпорындары 800 мың тонна астық қабылдаса, 533 мың тонна тұқым құйып алынған.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы арнайы бағдарлама әзірленуде. Ол жуырда талқыланып, облыстық әкімдікке ұсынылады. Мемлекеттен жоспарланған субсидиялар уақытында келіп түсуде.  Хабарлама тыңдалғаннан кейін облыс әкімі ауа райының қиыншылықтарын ескере отырып, жауапты науқанды ширақ жүргізу, сөйтіп, егін орағын уақытында сапалы аяқтауды басты міндет етіп жүктеді.
Келесі болып мұрағат қызметін дамыту мәселесі қаралды. Осы басқарманың басшысы Мәрзият Тохаева бұл іске биыл 385,4 миллион теңге қаржы бөлінгендігін атап көрсетті. Мұрағаттарда жалпы 1 миллион 355 мың архив құжаттары сақталуда. Өткен кезеңде Ақкөл аудандық мұрағатына күрделі, тағы бірнеше мұрағаттарға ағымдағы жөндеу жүргізілді.  Бурабай аудандық мұрағаты отырған орнының тарлығынан алты жыл бойы мұрағатқа құжаттар қабылдай алмай келген. Енді қолайлы ғимарат бөлініп, бұл мәселе шешімін тауып отыр.
2017 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың мұрағат мекемелеріне 40 мың өтініш түскен. Оның көбі еңбек өтілін анықтап беру мәселесін қамтиды. ТМД аумағына қоныс аударғандар бұрын бес жылдың құжаттарын сұратса, енді бүкіл еңбек өтіліне құжаттар сұратуда. Бұл белгілі бір дәрежеде жұмысты қиындата түсуде. Мұрағат ел тарихының айғағы екенін айта келе, басқарма басшысы өздерінде 300 тарихи фотосуреттен тұратын көрме ұйымдастырылып жатқанын да тілге тиек етті.
Мұрағат ісінде жоғарыдағыдай оң жетістіктермен бірге, бірқатар өзекті мәселелер де бар. Мәселен, кейінгі кезде өтініш білдірген бес мың адамға еңбек өтілдерін анықтап беру мүмкін болмады. Өйткені, өтпелі кезеңде кәсіпорын, ұйым-мекемелердегі көптеген құжаттар керексіз болып жоғалып кеткен.  Осындай құжаттардың 80 пайызы әлі мұрағаттарға тапсырылмауда. Көкшетау қалалық мұрағатына жаңа типтік ғимарат керек болып отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес бүгінгі таңда мұрағаттарға да жүктеліп отырған міндеттер зор. Осы үдеден шығу – абыройлы парыз.  
Осы орайда, облыс әкімі аймағымыздың өткен тарихына байланысты мұрағаттардан бірде-бір жөнді құжат түспей отырғанына назар аударып, рухани жаңғыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ, цифрландыру бағдарламасын жасауды тапсырды.

«Арқа ажарының»
өз ақпараты.        

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар