Үкіметтік емес ұйымдардың айтары бар

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің  депутаттары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында бірқатар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.

Халық қалаулысы  Евгений Козлов жазасын өтеп бостандыққа шыққан азаматтарды бейімдеу, еңбекке орналастыру, басқа да әлеуметтік мәселелерін шешу жайында жан-жақты айтып берді. Шынын айтқанда, бұл елімізде үлкен мәселе болып отыр. Бостандыққа шыққандардың бәрі бірдей жаңа ортаға бейімделіп, қоғамның толыққанды мүшесі болып кете қоймайды. Оған негізінен түрлі әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілмеуі әсерін тигізеді. Осы орайда, Мәжіліс депутаты бұл өзекті мәселені тек құзырлы органдар ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар, жалпы қоғам болып қолға алғанда ғана дұрыс шешімін табатынына назар аударды. Бұған 2016 жылы қабылданған «Пробация туралы» заңның тигізетін игі ықпалы да аз болмай отырғандығын айтты. Аталмыш заңда бостандыққа шыққандарды бейімдеу, кездесетін түрлі әлеуметтік мәселелерді шешу жайы қарастырылған.
«Прометей» қоғамдық қорының төрағасы Олжас Сыздықов бостандыққа шыққандарға әлеуметтік жағдай жасау мәселесіне байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Осы мәселемен он жылдан бері айналысып келе жатқан қор басшысының айтуынша, түзеу мекемесінен шыққандарды толғандыратын ең басты мәселе – баспана болса, содан кейін жұмыс екен. Осы орайда, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын бостандыққа шыққан азаматтарға да қолданса дұрыс болар еді деген пікірін білдірді қор басшысы. Аталмыш бағдарлама шеңберінде жасалатын  көмек арқылы жазасын өтеп шыққан азамат өз кәсібін ашып, өзін ғана емес, басқаларды да жұмыспен қамтуына мүмкіндік алар еді.
«Шанс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыс әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі Василий Шиманский түрлі себептермен заң шегінен аттап, сотталған мүгедектердің құқықтарының алғашқы сәттен бастап бұзылатынын айтты. Қамауға алу орындарында, тасымалдау құралдарында мүгедектерге қажетті жағдайлар ескерілмеген. Осыған орай, ол бұл мәселелердің бәрі зерттеліп, халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, заңдарға өзгертулер енгізу арқылы шешімін тапса деген ұсынысын білдірді.
Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина кездесуде көтерілген мәселелердің бәрін жинақтап, заңға өзгертулер енгізуге арналған ұсыныс жасалғанда ескерілетінін атап өтті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар