Түзеу мекемесінің жағдайымен танысты

Облыс орталығына жұмыс сапарымен ат басын тіреген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Гранитный кентіндегі ЕЦ-166/25 мекемесінде болып, ондағы бас еркінен айрылғандарды әлеуметтік қорғау мәселелерімен танысты. Халық қалаулыларын партиялық куратор Айгүл Нұркина бастап келді.

 

Халық қалаулыларының аталмыш мекемеде болуының басты мақсаты – тар қапаста отырған сотталғандарды өз көздерімен көру емес, олардың  арасында отырған мүгедек адамдарға жасалған жағдаймен, олардың босатылып шыққаннан кейінгі қоғамдық өмірге бейімделуіне дайындықтарымен танысу.  Осы орайда, олар ең алдымен сотталғандарға арналған оқу-тәрбие орталығында болды. Орталықта жасы отызға толмаған, орта білімі жоқ сотталғандар оқиды. Қазір онда шамамен 180-дей адам білім алып жатса, оның 22-сі жастары отыздан асып кетсе де, білім алып жатқандар. Олар мұнда сызу, сурет салу, алғашқы әскери дайындық сабақтарынан басқа мектепте оқытылатын барлық пәндерді оқиды. Орталықта шамамен жиырмаға жуық мұғалім сабақ береді. Сотталғандардың адами қасиеттерін сақтап қалу, ішкі жан дүниесінің күйзелісін бөлісу, олардың мойымауына, өмірден үміттерін үзбеулеріне психологтардың берер көмегі зор. Бірақ, аталмыш мекемеде олармен осы бағытта жұмыс істеуге арналған кабинет өте тар екен. Халық қалаулылары бұл мәселені басқа да мекемелерден сұрап білім, психолог пен әлеуметтік қызметшілердің отыратын орындарынан бастап, міндеттеріне дейін тиісті нормаларға өзгертулер енгізу қажеттігін айтып, өзара пікірлесті.
Асханадағы мәзірден сотталғандардың тамақтануы жаман еместігіне көз жеткіздік. Таңғы астан бастап, кешкі асқа дейін олар жалпы және диеталық режимде тамақтанады. Қазіргі уақытта мекемеде 8 сотталған мүгедек бар. Олардың екеуі бірінші топқа, біреуі екінші топқа, қалғандары үшінші топқа жатады. Осылардың үшеуі көздері нашар көретін зағиптар.
Мұнда сотталғандардың мерзімі аяқталуға бес-алты ай қалғанда олардың қоғамдық өмірге тез бейімделіп, жұмысқа орналасулары үшін түрлі мамандықтар оқытылады. Олар тігіншілікке, жиһаз жасауға, басқа құрылыс материалдарын дайындау бойынша білім алып, осында тәжірибеден өтеді. Қазіргі уақытта мұнда еңбекке жарамды 371 адам болса, олардың 59 пайызы ақылы жұмысқа жұмылдырылады. «Еңбек-Көкшетау» кәсіпорнының филиалында 154 адам жұмыс істейді. Олардың еңбекақылары 29 мың теңге шамасында.   
Халық қалаулылары сотталғандарды әлеуметтік қорғау мақсатында олардың тәрбие сабақтары өтетін жерді, тігін цехын, жатын бөлмелерін, мамандыққа оқытатын кабинеттерін аралап көріп, ондағы сотталғандардың өздерімен сөйлесіп, жағдайларын сұрап білді. Олар осы тар қапасқа келіп отырғандықтарына өкінетіндіктерін, отбасыларының, ата-аналары мен жақындарының қадірін енді түсініп жатқандықтарын айтып, налыды.
Тәрбие сабақтары өткізіліп жатқан бөлмеде АҚШ-тың отбасылық құндылықтарды насихаттайтын, адамгершілікке баулитын көркем фильмі көрсетіліп жатыр екен. Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина мекеме қызметкерлеріне осындай тақырыптағы өз киноларымызды да көрсеткен жөн болатындығын айтып, ескертті.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар