Ел ырыздығын шашпай жинап алуда

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінгі күнге дейін  облыста 3591,8 мың гектар алқаптың егіні орылып, оның 3346,2 мың гектары бастырылды.  Бұл барлық егіс алқабының  77,4 пайызы.  Облыс бойынша әр гектардан орта есеппен 10,5 центнерден астық жиналуда.

Сандықтау ауданында гектар берекесі 13,5 центнерден айналуда. Орақ науқанының 86,7 және  83 пайызын еңсерген Еңбекшілдер, Ақкөл және Жарқайың аудандарының диқандары көш бастап келеді. Күз келсе, күн райын бағатын диқан қауымы ашық күндердің мүмкіндігін жіті пайдаланып, егін орағын өрмек жүзінен әрі асырғанымен әлі де алаңдаулы.

 Осы алаң көңіл алқаптағы соңғы айналымның астығы құт қамбаға түспей, жай таппасы анық. Оның үстіне соңғы бір-екі күн бойы ауық-ауық аспанды бұлт торлап, қобалжытқан жаңбырдың жауып-жауып өтуі елді де, диқан ерді де жауапты науқанды тезірек аяқтауға асықтырғандай. Ауа райы шынында да, қоңыр күздің уақыт тынысын өз қолына алғанын білдіргендей құбыла бастады. Ендеше, ауыл еңбеккерлеріне әр ашық сәтті тиімді пайдаланып, өсірілген ырыздықты шашпай-төкпей жинап алуға бар күшті салмай болмайды. Осы жайды жете түсінген Астрахан ауданының диқандары маңызды науқанға бар күшті жұмылдыруда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Қалабаевтың сөзінше,
ауданда 325,7 мың гектар алқаптың егінін жинау жоспарланған болса, қазіргі кезде науқан бел ортасынан ауып, 67,4 пайызға жетті. Алдағы күндер ашық болса, келер аптада диқандар егін орағын толықтай аяқтайды деген сенім бар. Қазіргі кезде аудан бойынша әр гектардан 9 центнерден астық алынуда. Келер жылға қажетті 37,6 мың тонна тұқым қоры жасалынды. Науқанға барлығы  47 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 10 шаруа қожалығы және 954 комбайн жұмылдырылуда. Әсіресе,  «Шілікті», «Зеленое-1», «Достық-06», «Фермер-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері диқандарының қимылы ширақ. Ауданда шаруашылықтар жыл сайын арамшөптермен күресу үшін химиялық препараттарды қолданып келеді.  Ағымдағы жылы топыраққа 7120 тонна аммофоса және аммиак селитрасы қолданылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. Оған қоса, 324,3 мың гектар жер химиялық өңдеуден өткізілді.
Осындай қазіргі заманғы озық технология мен агротехникалық шаралардың арқасында аудан диқандары мол астық жинауды межелеп отыр. Қырдағы қызу қарбалас, диқандардың күш-жігері мен жинақталған іс-тәжірибесі және маңдай тері өсірілген ел ризығын шашпай-төкпей жинап алатынына сенім ұялатады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар